Мәдениет

Автобуста ән салады

Басында шляпасы, қолында гитарасы бар мұртты әнші ағайды елордада қоғамдық көлікпен жүретіндердің көрмегені кемде кем. Автобуста ән салуды Арыс қаласынан астанаға келіп, өнер ошақтарынан жұмыс таппай, табанынан таусылып жүргенде аяқ асты бастап кеткеніне биыл 9 жыл болыпты. Тұрмыс тауқыметі қинаса да, өнері үшін ақша сұрауды ниет етпеген әуесқой әнші Маханбетәлі Тұрымбетовтің бар арманы – елордада бір мәдени мекемеде жұмыс істеп, талантын дамыту ғана еді.

Туған жерінде тойханаларда ән айтып жүргенде бір дөкей оны елордаға шақырып, астанада керемет атақ-даңққа бөленесің деп уәдені үйіп-төгеді. Алайда астанаға келсе, ол адам қарасын да көрсетпей, хабарсыз қалады. Сөйтіп  вокзалдан түскеннен бастап тек қиындықтарға тап болады. Сонда да болса ауылға қайтуға арланып, Учхоздағы қарындасының үйіне тұрақтайды. Қолына гитарасын алып, сол жақтан күнде №9 автобусқа мініп астанадағы бүкіл мәдениет ошақтарын аралап шығады. Бірақ ешбір басшы оның әндерін тым болмаса тыңдап көруге мойын бұрмайды. Себебі оның жасы да елуден асқан, әрі дипломы да жоқ еді. Тек өнеріне ғана сенеді. Сөйтіп жүргенде өзі күн сайын мінетін әлгі маршруттағы автобустың кондукторлары мен жүргізушілері одан хал сұрасады. Басында оны гитара сатады деп ойлаған. Өнерін білгесін ән айтып беруін өтінеді.

Қоғамдық көлікте ән айтуды ойына да алып көрмеген Маханбетәлі аға мұны басында ұят нәрсе көріпті. «Біреу жақтырады, біреу мазамды алды дер» деп ойлаған. Ақыры тіпті жолаушылар да қолқа салып өтінген соң, өзі көптен көңілі күпті болып жүрген жан репертуарындағы әдемі әндерін шырқай жөнеледі. Оның жанды дауыста гитарамен шырқаған әндері көпшілікке қатты ұнап, алғыс ретінде қалтасына ақша салып кетеді. Әншілігі астананың қоғамдық көліктері арасына кең тарап, олар бірінен бірі жарыса оны өз көлігімен алып жүруге таласады. Сөйтіп қай көлік шақырса, соған мініп, автобуста таңнан кешке дейін барлық рейс біткенше елдің көңілін көтеріп, ән салады. Репертуарында 200-ге жуық қазақ, орыс және қырғыз әндері бар әуесқой әнші үшін аяқтан тұрып, таңнан кешке дейін ән салу еш қиындық келтірмеген. Артынан дауысын қатты шығаратын караоке микрофонмен айта бастады. Сол аралықта желі жұлдызына айналған кейіпкерімізді телеарналар да талай рет хабарына қонақ еткен, біраз сайттарда ол туралы жазылған. Бірақ ол өздері қонақ етіп шақырып алып, әншінің намысына тиетін сұрақтар қоятын, экранда жылы күліп отырғанмен, эфирден тыс уақытта адам менсінбейтін талай танымал адамдарды көріп, көңілі қалғанын да жасырмады. Өнерді сүйген таза ниетін ақша тіленіп жүрген қайыршыға теңестіретіні жанына батады. Жұлдыз болу оның басты арманына жетуіне септік етпеді. Әрі қарай бұрынғы тірлігін жалғастыра берді.

– Осы он жылға жуық уақыт ішінде елордада автобуста ән салып жүріп талай қызыққа да, қиындықтарға да тап болдым. Әділетсіздікті де, екіжүзділікті де көрдім. Әрине, жаны таза жақсы адамдар да көп. Талай рет сөмкеме ақша салып жатқан болып, керісінше, менің тапқанымды ұрлағандар болды. Елдің мазасын алдың деп полиция ұстап әкеткен сәттер де кездесті. Жұдырығын ала жүгіретін есерсоқтар да шықты. Бірақ мен ән айтуды жалғастыра бердім. Тек пандемия кезінде біраз қиналып қалдым. Індет кеткен соң қайта шығып жүрмін. Дегенмен бұрынғы кондуктор, жүргізушілер ауысып кеткен. Қазіргілері олар сияқты өздері қатты құлшыныс танытпайды. Әйтеуір, бір жақсысы барып сөйлессем, кет әрі демейді. Менің сонда өнер көрсеткенімді жақтырмай тұрғанын білсем, көліктен түсіп өз жолыммен кете беремін. Себебі ешкімнің көңілінде мен туралы жаман ой қалғанын қаламаймын. Табысыма келсек, әр кезде әрқалай. Бір күні бір-ақ адам 20 мың беруі мүмкін, бір күні үйге тек 200 теңгемен қайтуым мүмкін. Көңілі түссе каспий голд нөміріме де әркім жағдайына қарай салып жатады. Бас­тысы, мен бұл ісім үшін арланбаймын, себебі мен бер деп қайыр тілемеймін, тек өнерімді көрсетемін. Оның үстіне қазақша білмейтін елордалықтарға қазақтың мықты әндерін насихаттап жүрмін деп санаймын, – дейді Маханбетәлі аға.

Кейіпкеріміз қазақ өнерінен орнымды тапсам деген арманынан әлі де айныған жоқ. Соған қоса 7 баланың әкесі қазір кенжесі – ұлының оқуына қаржы жинап, соны аяқтандырсам деген ниетте. Қалған 6 қызы үйлі-баранды. Астанада тек жарымен бірге тұрады. Өзі де, жұбайы да кезінде теміржолда істеген. Қазір өзі арасында ауырып қалмаса автобустар мен қызығушылық танытқан жандардың тойларында ән айтуға шығады, жары әртүрлі қызмет көрсету орындарында еңбек етеді.

Атағы мен қызметі болмаса да, елордалықтардың көзайымына айналған Маханбетәлі сияқты қарапайым халық арасынан шыққан әуесқой әншілерді қолдайтын мәдениет орындары болса дейсің… Олар қандай болса да, осы қоғам өкілі. Бастысы, қылмыспен, алаяқтықпен емес, адал өнерімен нәпақасын тауып жүр.

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button