Автобустарда тұлғалар туралы аудиоақпарат айтылады

Астана қаласының қоғамдық көліктерінде жаңа танымдық жоба жүзеге асырылды. Енді жолаушылар автобуста жүріп келе жатып, қазақ тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар туралы ақпарат алады. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және тарихи сананы нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жобаның басты мақсаты – қазақ халқының мәдениеті мен тарихына елеулі үлес қосқан қайраткерлер туралы ақпаратты кеңінен тарату. Жолаушылар белгілі бір бағыттағы автобустарға мінген кезде, қазақ әдебиеті мен тарихында ерекше орны бар тұлғалардың өмірі мен еңбектері туралы қысқаша аудиохабарламалар тыңдай алады.
«Бұл бастама әсіресе жастар үшін маңызды. Өйткені олар тарихи тұлғалар туралы ақпаратты күнделікті өмірде жиі кездестіре бермейді. Автобустағы аудиохабарламалар олардың білім көкжиегін кеңейтеді», – дейді ұйымдастырушылар.
Автобустардағы аудиохабарламалар ұлттық мәдениет пен тарихты дәріптеудің жаңа әрі тиімді құралына айналып отыр. Қазіргі уақытта аудиохабарламалар қаланың 84 бағытында, жалпы 502 автобуста іске қосылған.