Авторларды алалау жалғаса бере ме?
Қазір сөздің құны түсіп кеткен заманда өмір сүріп отырмыз. Бірінші орынға үн шығып кетті. Үн болғанда – әуен, кәдімгі музыка. Бүгінде музыка сөзге қарағанда жоғары бағаланады. Мәселен, белгілі бір ән ақын мен композитордың шығармашылық бірлестігінен туады. Ал оны әрі қарай халыққа жеткізетін – әнші. Тәуір туынды шықса, бұл үштіктің ішінде композитор мен әншіге жұрт ерекше ықылас танытады. Атақ та, даңқ та, ақша да – соларда. Ал ақын еңбегі тең болса да, тасада қала береді. Бір қызығы, мұндай алалауға құзырлы мемлекеттік органдар жол беріп қоятын болып жүр.
Таяуда «Dala dauysy-2024» республикалық байқауының жеңімпаздары мен лауреаттары анықталып, марапатталды. Аталмыш байқауды Мәдениет және ақпарат министрлігі жаңа өнер туындылары авторларын қолдау мақсатында бірнеше жылдан бері өткізіп келе жатыр. Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту, сондай-ақ өскелең ұрпақты адамгершілік пен патриоттыққа тәрбиелеу бағытында дәстүрлі, классикалық, эстрада және театр өнері жанрында жаңа туындылардың авторларын қолдау.
Биылғы байқауда 5 аталым бойынша 15 сыйлық тағайындалды. Оның бәріне тоқталмаймыз, тек сөзі мен музыкасы бар туындылар мен олардың авторлары жайлы айтпақпыз.
«Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы» аталымы бойынша топ жарған туындының бірі – «Ақбөбек» операсы. Енді мынаны қараңыз, оның композиторы Арман Жайымға 5 000 000 теңге, ал либретто авторы Айтқали Жайымовқа 3 000 000 теңге берілді. Сол сияқты «Ер Төстік» балеті үшін композитор Бейбіт Дәлденбайға 5 000 000 теңге, либретто авторы Дүйсенбек Нақыповқа 3 000 000 теңге тиді. Ал «Мұқағали» мюзиклі үшін композитор Әліби Әбдінұров 4 000 000 теңге, либретто авторы Сейфолла Оспанов 3 000 000 теңге алды. Музыкалық-театрлық туынды болған соң, сөз бен әуен авторлары бірдей еңбектенді. Сыйақы көлемін де біріне артық, екіншісіне кем қылмай, тең етіп беру керек еді. Ал мұнда сөз авторының еңбегі кемдеу бағаланып отыр.
Осы сияқты «Эстрада» жанрындағы «Республика әні» аталымының жүлдесі «Ел үміті» әні авторларының еншісіне тиді. Композитор Иса Ауғантайға 1 500 000 теңге, мәтін авторы Саят Рахымжанға 1 000 000 теңге берілді.
2022 жылы дәл осы байқаудың «Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы» аталымын «Сәкен» операсы иеленді. Сол жолы да композитор Әліби Әбдінұров пен либретто авторы Қанат Жүнісовке тиісті жүлде теңдей бөлінбеді. Сонда сөз авторы әлеуметтік желіде ренішін де білдірген. Ұйымдастырушы министрлік одан қорытынды шығармаған екен. Сөз құнын түсіріп, авторларды алалау жалғаса бере ме?
Аманғали ҚАЛЖАНОВ