Автотұрақ жетіспеушілігі жойылады
Көлік инфрақұрылымы – қала тұрғындарының мемлекеттік органдарға жүгініп жиі көтеретін тақырыбы. Белгілі бір аумақта жолдың жоқтығы, бар жолдың жарамсыздығы, күрделі жөндеуді қажет ететін көшелер, қоғамдық көліктердің жұмысы… Бұлар – елордалықтардың қала әкімінің сайтына, сондай-ақ мәслихат депутаттарына күн құрғатпай қоятын сұрақтары. Осыған орай мәслихат депутаттары аталған мәселелерді әр тоқсан сайын пысықтап отыруды дәстүрге айналдырды.
Халық қалаулылары мемлекеттік органдармен бірлесіп, қаланың автожолдар желісін және тұрақты инфрақұрылым объектілерін дамыту мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының бастығы Рашид Аманжолов елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы есеп берді. Баяндамашы елорданың көлік стратегиясын іске асыру мақсатында жаңа әкімшілік орталықта кіші көлік айналма жолының, жаңа көшелердің құрылысы жүргізілетіндігін атап өтті. Қаланың оң бөлігіндегі көшелерді қайта жөндеуге, сондай-ақ жаңадан қосылған тұрғын алаптарды дамыту бағдарламасын іске асыруға жете көңіл бөлінетінін айтты. Бұдан бөлек, автотұрақ мәселесіне кеңінен тоқталды.
Бүгінде елордалық жүргізушілердің бас ауруы – автотұрақ екені жасырын емес. Көлігін доғарарға жер таппаған жүргізушілер кейде аулалар мен жол шетіне қоюға мәжбүр. Басқарма бастығы аталған мәселені шешу үшін арнайы жобаның жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Мамандар тәуліктің мезгіліне байланысты автокөліктер жиналып қалатын проблемалық аймақтардың тізімін анықтады. Зерттеу көрсеткендей, түнгі уақытта – 7 ірі және күндізгі уақытта – 24 жергілікті аймақ бар. Осыған орай автотұрақ жетіспеушілігі күндізгі уақытта -12,7 мың, ал түнгі уақытта – 48,9 мың орынды құрап отыр. Бұл мәселені оңтайлы шешу мақсатында қаланың жаңа әкімшілік орталығында 4950 көлікті сыятын 10 автотұрақ салу жоспарлануда. Ең алдымен Достық көшесі бойындағы Қорғаныс министрлігі маңында паркингтің құрылысы басталады.
Өз кезегінде депутаттар көшелердегі көлік кептелісі, білім беру мекемелеріне ішкі орамдық және кірме жолдарды ұйымдастыру, қаланың шеткері аймақтарына көлік қатынасын дамыту мәселелерін шешудің жолдарын ұсынды. Сондай-ақ, бір топ депутат жол құрылысының жобаларын әзірлеу кезінде алдағы уақыттағы перспективаларды ескере отырып, бірқатар түзетулер енгізу қажет екендігіне назар аударды.Өйткені, жолдарды салу және көшелерді көгалдандыру құрылысы жалпы жоспармен үйлесімді әрі кешенді түрде жүзеге асырылуы тиіс. Әрі жерасты коммуникациялары мен құрылыстарын ескерген маңызды. Депутаттар басқарманың жұмысына оң баға беріп, сөз соңында қаланың ескі бөлігіндегі жолдарды жөндеу мүмкіндігін табуды тапсырды.