Денсаулық

Ауру жасарып барады

«Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең» демекші, денсаулықтың қадірі күн өткен сайын артып барады. Өйткені медицина мен ғылым дамыған сайын ауруларды емдеуден гөрі, оның алдын алу шараларының маңызы артты.

Бүгінде жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, инсульт сияқты дерттерден болатын өлім-жітімнің саны көбейіп кетті. Бұл аурулар тек қарт адамдарда ғана емес, жас адамдарда да жиі кездеседі. Мысалы, жүрек талмасы,  артериялық гипертония  сияқты  аурулар бүгінде 30 жастан асқан жастар арасында да жиі тіркеледі. Әрине, бұл өмір салтының, дұрыс тамақтанбаудың, аз қозғалудың, күйзеліс пен стрестің әсерінен туындап отыр.

Кардиолог ретінде айтарым, денсаулығымызды сақтау үшін ең алдымен тамақтану режимімізді дұрыс­тауымыз керек. Уақытылы әрі дұрыс тамақтану, әсіресе кешкі асты кеш ішпеу, майлы және тұзды тағамдарды шамадан тыс қолданбау өте маңызды. Сонымен қатар алкогольді ішімдіктерді, энергетикалық сусындарды және темекі шегуді шектеу қажет. Бұл денсаулыққа теріс әсер ететін факторлардан аулақ болуға көмектеседі. Физикалық белсенділікті ұмытпауымыз қажет. Жаяу жүру, тұрақты жаттығу жасау, артық салмақтан арылу – денсаулықты нығайту үшін маңызды әдеттер.

Профилактикалық медициналық тексерулер әр адам үшін маңызды. Жыл сайын медицина қызметкерлері профилактикалық тексеруге жататын адамдарды дәрігер қабылдауына шақырады. Бұл тексерулер әсіресе
40-70 жас аралығындағы адамдарды қамтиды. Бұл арқылы артериялық гипертония, жүрек-қан тамыр­лары аурулары, қант диабеті сияқты ауруларды ерте анықтауға болады. Профилактикалық тексерулерді тұрақты түрде өту аурудың алдын алады. Диспансерлік есепте тұрған адамдар жыл сайын тексерулерден өтіп, мамандардың кеңесін алу керек. Бұл тексерулерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында өз емханаңызда тегін өтуге болады.

Марқай ЗҮБИЛӘ,

Астана қаласы
№8 қалалық емхананың кардиологы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button