ӘлеуметБасты ақпарат

Ауылдан шыққан академик

Рәтбай Мырзақұлов – бұл есім аталғанда әлемдік деңгейдегі жоғары мектептің көрнекті ұйымдас­тырушысы дархан даланың дара перзенті, қазақ ғылымының қайраткері, аңыз адам, абыз адам туралы қайталанбас көріністер еске түседі. Бұлай деп жазуымыздың өзіндік бір себебі де бар. Ол кісі – жаратылыстану ғылымында, жоғары білім саласында, теориялық физика саласында табаны күректей елу жылдан астам жемісті де жеңісті еңбек етіп келе жатқан аса көрнекті ғалым.

Жаратылыста адам баласының қағаз бен ғылымға, оқу мен білімге құштарлығы ата-бабасынан берілетін тамыры терең тылсым күштің құдіретінен боларын атам қазақ ежелден білсе керек. Сонау замандардан бері тектілердің ізі қалған Қызылорданың күншығыс беткейіндегі Тақтакөпір аймағының табиғаты тамаша Қоңыраткөл ауылынан небір елге белгілі азаматтар шықты десеңізші.

Қағаз ақсақалдың шаңырағында 1954 жылы 1-ақпанда болашақ физик ғалым ­Рәтбай есімді сәби дүниеге келеді. Атасы мен апасының тәрбиесін көріп қазақи дүниелерді бойына сіңірген Рәтбай алпысыншы жылдардың басында ауылдағы орта мектепке барып өзі қатарлы ауыл балаларымен бірге ойнап, асыр сап жүгіріп, жерден жетілгенше таяқ жеп өскен жас балғын бала болған.

Рәтбай Мырзақұловтың Scopus бойынша Хирш индексі 48-ге тең. Импакт-факторы жоғары шетелдік және халық­аралық ғылыми журналдарда жариялаған мақалалар саны 400-ден асып жығылады. Әзірге елімізде мұндай көрсеткішке жеткен ғалым жоқ

Жетпісінші жылдардың басындағы орта білімді ойдағыдай аяқтаған жастар екі жылдық жолдамамен колхоз, совхоздарда егін егу, мал жаю, механизатор секілді ауыр жұмысқа жегілсе, он сегізге толғандары әскерге аттанатын. Жоғары оқу орнына түсу деген ол заманда қиынның қиыны еді. Әсіресе қалаға барып көрмеген ауыл баласы үшін жоғары білім алу деген таңсық дүние болатын. Артынып, тартынып тәуекел деп анасының тігіп берген қалтасына оқуға керекті құжаттар мен жолда жейтін тамағын алып, азын-аулақ әкесі берген ақшамен совхоздың қойшыларға шөп таситын машинасына жолай мініп вокзалға жетіп алады. Ол заманда жеңіл машина, такси дегенің бір кем дүние. Алматы бағытына қарай пойызға билет алып алғаш рет жеке өзі ұзақ жолға шығады. Жолай бәрі бұрын көрмеген дүниелер, өзге қала, бөтен адамдар. Алматы вокзалынан түскесін жаратылысынан тұйық Рәтбайға алғашқыда бәрі қиын көрінгенімен, келе-келе көз үйреніп адамдармен де тіл табыса бастады. Сұрай-сұрай қазақ білімінің қара шаңырағы болған С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін іздеп тауып, комендантпен келісіп уақытша жатақханаға жайғасады. Алматы қаласын армансыз аралап біраз бой сергітеді, жаңадан достар табады. Негізгі мақсаты – оқуға түсу. Математика, физика, химия, биология, тағысын тағылар туралы көбірек ойланады. Ақыры бір тоқтамға келіп физика саласын таңдайды да, құжаттарын тапсырады. Жетпісінші жылдардың басында Кеңес Одағының ядролық, атомдық, техникалық, ғарыштық физика салалары қарыштап дамып жатқан кездер болатын. Осы физикалардың ең басында теориялық физика тұрды. Мұны Рәтбай жас болса да жақсы түсінді. Ә дегеннен емтихандардан өте жақсы бағалар алып, ойдағыдай оқуға қабылданып көңілі бір жайланып қалады. Студент кезінде достарының алды, оқуда озат қоғамдық жұмыстарда үлгілі студент бола білді. Ойдағыдай оқуын аяқтап, одан ары білімін жетілдіруге тырысады.

Ойлана келе Ресейдің Дубна қаласында Ядролық зерттеу­лер институтына аспирантураға түседі де теориялық физиканың қыр-сырын кеңінен үйрене бастайды. Жан-жақты зерттеулерінің нәтижесінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды.

Кеңес Одағы ғылымының теориялық физика саласы күн өткен сайын даму үстінде еді. Ғарыштық зымырандар мен ядролық қарудың жетілдірілген түрлерімен бүкіл әлем санасатын. Сол замандағы Нобель сыйлығын алған физик ғалымдар Альберт Эйнштейн, Нильс Бор, Луи де Бройль, Эрнест Орландо Лоуренс, Абдус Салам физиканың дамуына зор үлестерін қосты. Ал физика саласындағы аты әлемге мәшһүр Кеңестік ғалымдардың тың дүниелері кім-кімді де болсын ойландырмай қоймайтын. Олар: Павел Черенков, Илья Франк, Игорь Тамм, Лев Ландау, Николай Басов, Александр Прохоров, Петр Капица, Жорес Алферов, Виталий Гинзбург, Константин Новоселов болатын.

Елімізде теориялық физиканың дамуында аса қомақты үлес қосқан ғалым және әлемдік физика ғылымының өркендеуіне өлшеусіз өз еңбектерін беріп жүрген азамат, жоғарыда аттары аталған аса көрнекті Нобель сыйлығын алған физик ғалымдардың еліміздегі тамаша ізбасары – Рәтбай Мырзақұлов.

Президентіміз Қасым-­Жомарт Тоқаевтың әрбір Жолдауларында ғылым мен білімге баса назар аударатынын ғалымдар қауымы жақсы біледі. Елімізде білім және ғылым саласы жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде жаңаша бағытта дами бастады. Кеңестік жүйемен қалыптасқан ғалыми ұйымдар мен ғылыми атақтар беру ережесі көп өзгерістерге түсті. Жаңадан дайындалатын ғалымдарға деген сенім басқаша сипат ала бастады. Жаңа Қазақстанда жаңа жүйемен жаңа кадрларды дайындау жұмыстарын ерекше меңгерген Рәтбай Мырзақұлов еліміздегі ғалымдардың ішінде соңғы он жылға жуық ең алдыңғы орыннан көрініп келеді.

Қазақстан жоғары оқу орындары оқытушыларының ТОР-50 рейтингісінде, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы ­Рәтбай Мырзақұлов жыл сайынғы оқу жылының қорытындысы бойынша жаңаша бағыттағы ғалымдар арасында елімізде рейтинг бойынша бірінші орыннан көрініп келеді. «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2%» рейтингіне енгені – еліміз үшін де мәртебе. Халықаралық ғылымиметрикалық параметрлер бойынша да бірінші орынды иеленеді. 2022 жылы ғалым ғылыми жетістіктері үшін физика және астрономия бойынша халықаралық Scopus сыйлығына ие болды. Қазіргі уақытта ЕҰУ профессоры Рәтбай Мырзақұловтың Scopus бойынша Хирш индексі 48-ге тең. Импакт-факторы жоғары шетелдік және халық­аралық ғылыми журналдарда жариялаған мақалалар саны 400-ден асып жығылады. Әзірге елімізде мұндай көрсеткішке жеткен ғалым жоқ.

Ғалым «ЖОО үздік оқытушысы-2021» байқауының жеңімпазы атанды. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын алғандардың әрқайсысы 6 млн теңге көлемінде сыйақы мен төсбелгі алады. Тұтас бір ғылыми институттың зерттеу жұмысын жалғыз Мырзақұлов­тың атқара алуы – үлкен шаруа.

Рәтбай Мырзақұловтың ғылымда жасаған баға жетпес дүниесі ескерілмей қалған жоқ. Алғашында 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының коррес­пондент-мүшесі, 2020 жылы толық мүшесі, академик болып сайланды. Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы Мемлекеттік сыйлығы «Гравитация теориясын дамыту» тақырыбындағы жұмыстары үшін Рәтбай Мырзақұловқа берілуі еліміздегі физика саласының дамуындағы үлкен бір жетістік болды.

Сүндет Каримов

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button