Қоғам

Ауылдар неге азайып барады?

Нақты дерекпен айтсақ, соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. 2024 жылдың өзінде-ақ СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен
айырылды. Көзіңе еріксіз жас, көңілге мұңды күмән ұялататын статистика.

Бұл жай ғана ауылдардың сандары емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы ғой. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екені анық. Осы «алтын бесіктің» қадірі қашып, қасиеті кеміді.

Содан кейін қала кезіп, үйсіз-күйсіз жүрген қазақтың басы көбейді. Бұл цифрланған әлемдегі еліміздің басты қатеріне айналды. Расында, әлемнің озық елдері тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін арттырып, барлық саласын цифрландырып, жасанды интеллектінің дамытып, роботтарды медицина, білім беру, қызмет көрсету және тағы басқа салаларға бағыттап жатса, біз баяғы сүрлеумен өз адамдарымызды үймен қамтамасыз ете алмай жүрміз. Ауылдан көшкендер екі қолға бір күрек тауып, тұрмыстық жағдайын дұрыстай алсай, мегаполистерден несі бар?!

Иә, Үкіметтің «Ауыл – ел бесігі» және Amanat партиясының «Ауыл аманаты» деген ауыл тамырына қан жүргізетін, сәтті бағдарламалары ұсынылып жатыр, оларды тіпті енгізді де. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ бір-екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылдарын гүлдендіріп жібере алмайтыны айдай анық ғой. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар» деп тапсырма берді.

Бүгінде ауыл тұрғындары өз күнімен қандай да бір іс бастайсың десе де кедергілер өте көп, мал бағып, егін өсірейін десе, жері, кәсіп бастайын десе, қаржысы, қажетті инфрақұрылымы да жоқ. Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде де қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджетте техника да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» дегенді бәріміз білетін шығармыз?

Алдағы уақытты Абай облысы Аягөз ауданында да 10-нан астам ауылды жапқалы жатыр екен. Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?!

Жоқ, әлде бұл әрекеттердің әр жағында халықтың бәрін мәжбүрлі түрде қалаға көшіру керек деген жымысқы саясат бар ма? Ауылдарды сақтау әрекетін қашан жасаймыз?

Павлодар облысында Успенка деген аудан бар. Халқының саны – небәрі 11,9 мың адам. Халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы шақырымға шаққанда 3,89 адамнан келеді. Құлынды жазығындағы шекаралық ауданда елді мекен статусынан айырғалы тұрған ауылдар аз емес. Қайбір жылы Ольгинка деген ауылдың мектебі жабылғалы тұрған, Қытайдан бір топ отбасы келіп, ауылды құтқарып қалды.

Қазір қандастар ортаға сіңісіп, тамырын жайып, сол ауылдың тынысын кеңейтіп отыр. Міне, көші-қонды ұйымдастырғанда адамдарды топ-тобымен – әулетімен немесе достарымен бірге көшіруге мән берген дұрыс. Ашығын айту керек, көшкен ағайынның көбісі әлеуметтік ортаға сіңісе алмай, кері қайтуда. Бұл жағын ойлау маңызды.

Айтқым келгені, 2050 жылдары оңтүстікте халық саны екі есе көбейсе, солтүстікте керісінше екі есеге азаяды. Нағыз теңсіздік деген – осы!

Үкімет осыны болдырмау керек. Ол үшін көші-қонға ерекше мәртебе беріп, сырттағы қандастарды және оңтүстіктегі ағайында шығысқа және солтүстіктегі шекаралық аудандарға көшіруді мықтап қолға алу керек. Ал адам бару үшін ондағы әлеуметтік инфрақұрылым мен инженерлік желіні, бастысы, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіп, көшуге ниеттілерге арнайы пакеттер әзірлеуі тиіс. Онсыз іс мардымды, бастама байыпты болмайды.

Ауыл болмаса қазақ, қазақ болмаса мемлекеттің де болмайтыны анық қой. Сондықтан, қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды кешіктіре беруге болмайды. Шекаралық аудандардағы ауылдарға ерекше статус беріп, онда тұратын әрі жұмыс істейтін адамдардың жалақысына 50 пайызға дейін үстемақы төлеу керек. Өзге өнерлерде тіректі ауылдардың жол картасын әзірлеп, бір ауыл – бір өндіріс қағидасын жүзеге асыру керек. Мұндай тәжірибе Қытайда жақсы дамығанын білеміз. Қазір біз көрші елдің ауылдарында өндірілетін өнімдерді тұтынып жүрміз. Осыны өзімізде де ілгерілетуге әбден болады.

Ауылды дамытуды мемлекеттік деңгейде шешу керек. Өйткені ауыл – елдің тірегі. Тіректен айырылсақ, тұғырымыз құлайды. Сол себепті елді мекендерді заман талабына сай жетілдіре білейік!

Ринат ЗАЙЫТОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button