Ел тынысы

Ауылды дамытуға 1 трлн теңге жұмсалады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Ең ­алдымен Рудный қаласындағы жылу құбырының жарылу салдарымен танысып, қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы өңір басшылығының баяндамасын тыңдады.

Қала әкімі Қуандық Испергеновтің айтуынша, қазіргі уақытта құбырлар ішінара қалпына келтірілген. Сондай-ақ топырақ төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкім жақын арада қалпына келтіру жұмыс­тары толық аяқталатынын мәлімдеді.

– Жалпы, еліміз бойынша да, осы облыста да жылу құ­бырлары апатты жағдайда тұр. Жағдай өте ауыр. Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе көктем және жаз айларында қысқы жылыту маусымына мұқият дайындалуды тапсырамын. Бұл – атқаратын басты міндет, себебі мұны созбалаңға салуға болмайды. Желілердің тозу деңгейі өте жоғары, 70, 80, кейбір жерлерде тіпті 90 пайызға дейін жетеді. Осы жұмыстармен айналысу қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жылу құбырының жарылуы салдарынан зардап шеккен Рудный тұрғындарымен кездесу барысында азаматтардың өміріне бұлай қауіп төндіруге болмайтынын айтты. Президент Қостанай облысы мен қала басшылығына жағдайды жедел қалпына келтіруді тапсырды.

– Құбырдың жарылғаны туралы хабарды тексеру үшін арнайы келдім. Жаңа ғана Үкіметке, облыс пен қала әкімдеріне осы мәселемен айналысуды тапсырдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке Рудныйдың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үйлерге жылудың қайта берілгенін өз көзімен көру үшін Рудный тұрғындарының бірінің шақыруымен оның пәтеріне барды. Қала тұрғыны Олеся Геря жылу беру жұмысын жедел атқарғаны үшін барлық қызметкерге алғысын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа барлық коммуналдық нысанның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Рудный қаласындағы «Жас-Қанат 2006» ЖШС-ке қарасты құс фабрикасына барып, құс шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу жөніндегі қанатқақты жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Цехты аралау барысында Президентке компанияның қызметі туралы мәлімет берілді. Құс фабрикасында өндірілетін өнім еліміздің барлық өңірінде сатылады, сондай-ақ ТМД елдеріне экспортталады. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, цехтың қуаты жылына 260 миллион дана жұмыртқа және 500 тоннадан астам ет өнімдерін өндіруге жетеді. Былтыр 517 тонна ет және 199,1 миллион дана жұмыртқа өндірілді.

Мемлекет басшысына өндірістік қуаты сағатына 120 мыңнан астам жұмыртқа шығаруға жететін сұрыптау, өлшеу және маркерлеу цехындағы Nabel технологиясы көрсетілді. Сондай-ақ цехта құстарға жем-су беру жүйесін және ылғалды, жарық пен температураны қалыпты ұстап тұратын құрылғы орнатылған. Өндірістің автоматтандырылуы сегіз сағатта миллионға дейін жұмыртқа тасымалдауға және орауға мүмкіндік береді.

Президентке облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің өнеркәсіптік және аграрлық ­әлеуеті жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы перспективті жобалармен танысты. Осыдан кейін Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан Президенті лауазымына қайта сайланғаннан кейін, ең алдымен, ауыл мен ауылдық аумақтарды дамыту туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен ауылдарды дамытуға 1 триллион теңге бөлінетінін жеткізді. Оның пікірінше, Үкімет пен әкімдіктер бұл қаржыны өңір тұрғындарына барынша тиімді болатындай жұмсауы керек.

Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Соколов кен орнына барды. Президент «Соколов-Cарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» (ССКӨБ) акционерлік қоғамына барып, Соколов кен орнының жұмысымен танысты. Кәсіп­орын қызметінің негізгі түрлері – темір рудаларын ашық және жер астында өндіру, құрамында темірі бар шекемтастар мен концентраттар және тауарлық доломит өндіру. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 26 миллион тонна кен өндірілді, тауар өнімінің көлемі 10 миллион тоннадан асты. Кен орнында Президентке «Еуразиялық топ» ЖШС-тің басқарма төрағасы Серік Шахажанов ыстық брикеттелген темір өндірісі жобасын және кен орнын басқарудың автоматтандырылған жүйесін таныстырды. Мемлекет басшысына «Соколов-Cарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінің» Еуропаға экспорттайтын өнімдерін ұлғайту жоспары туралы мәлімет берілді. Президент ­тау-кен өндіру секторы отандық экономиканың өсімін арттыратын негізгі саланың бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы тау-кен өндіру ісін дамытуға қосқан үлесі үшін кәсіпорын жұмысшыларына алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.

Президент Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Allur автомобиль зауытына барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорын жұмысы таныстырылып, алдағы жоспары баяндалды. Зауыт басшылығының айтуынша, былтыр 614,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылы зауыт құны 21,5 миллиард теңге болатын өнім экспорттады. Кәсіпорында 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Allur автомобиль зауытының жаңадан іске қосылған желісі Kia Sportage моделіне арналған. CKD – шанақтарды дәнекерлеу, бояу және құрас­тыру жөніндегі технологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын шағын торапты автомобиль өндірісі. Ол үшін арнайы цехтар ашылған. Kia өндірісінің осы технологиялары Орталық Азия мен ТМД бойынша Қазақстанда ғана орналасқан.

Президент зауытты аралау барысында жас жұмысшылармен әңгімелесіп, оларға қолдау білдірді.

– Зауыт өте керемет екен. Таза әрі өндіріс мәдениеті өте жоғары. Біз жаңа ғана Кіа Sportage көлігін көрдік. Бұл көліктің сапасы өте жоғары. Сондықтан сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз. Біз келешекте инвесторлар шақырып, бұл зауытты ұлғайтамыз. Зауыттың болашағына байланысты ешқандай мәселе жоқ деп ойлаймын. Жастарға үлкен мән беріп отырмыз. Сондықтан бәрі дұрыс болады, – деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Зауыт өкілдері биыл Kia Cerato шығаратын CKD желісін іске қосу жоспарланғанын атап өтті. Сондықтан компания техникалық бағыттағы оқу орындарымен тұрақты жұмыс жүргізуді бастаған. Осы ретте кәсіпорын басшылығы техникалық оқу орындарының студенттері мен түлектеріне арналған 250 орындық кампус үлгісіндегі жаңа зама­науи жатақхана құрылысының басталғанын мәлімдеді.

Kia Corporation президенті және бас директоры Хо Сун Сон бейнебайланыс арқылы шараға қатысып, автомобиль жасау саласындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығының маңызын атап өтті.

– Біз Қазақстан нарығы үшін ашылып жатқан болашағы зор мүмкіндіктерге ризамыз. Қазақстан экономикасы кең ауқымда және жылдам дамып келеді. Нарықтағы бизнесіміздің әлеуеті мол екенін көріп отыр­ғандықтан, мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ел басшылығына жеке бизнесті дамытқаны үшін алғыс айтқым келеді. Біз бұл үлкен істің бас­тамасы ғана деп сенеміз, – деді корпорация басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жүзеге асырылып жатқан 3 жоба мен болашақта қолға алынатын басқа да инвестициялық бастамалар туралы баяндады. Орындалып жатқан жобалардың алғашқысы – темір құю цехының құрылысы. Биыл іске қосылатын кәсіпорында 300 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Оның құны – 78,2 миллиард теңге. Жылына 45 мың тонна құйма құятын жоба инновациялық өнім көлемін 8 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жүзеге асырылып жатқан екінші жоба – жүк көліктерінің бөлшектерін шығаратын зауыт­тың құрылысы. Кәсіпорын 2 жылдан соң іске қосылады. 360 адамға тұрақты жұмыс орын ұсынатын жобаның құны – 82,5 миллиард теңге.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button