#Жаңа Қазақстан

Ауылдың мүддесін қорғайды

«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы өз тізіміндегі 25 үміткерімен үшінші рет парламенттік сайлауда бақ сынайды. Мажоритарлық жүйе бойынша 9 адам үміткер болады. 4 ақпанда өткен партияның кезектен тыс ХХІІ құрылтайында осындай шешім қабылданды.

Құрылтайды ашып, сөз сөйлеген «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев 2017 жылы бірінші сайлаудағы партияның көрсеткіші көңілден шықпағанын мәлімдеді.

«Осымен үшінші рет Парламент және мәслихат сайлауы­на қатысамыз. 2017 жылы бірінші сайлауда біздің көрсеткіш көңілімізден шыққан жоқ. Содан бері «Ауыл» партиясы өзінің жұмысын жандандырып, жоспарына толық өзгерістер енгізіп, кешенді бағдарламасын қалыптастырды. Қазіргі уақытта саяси ұйымға айналдық деп толық сеніммен айта аламын. Биылғы сайлаудан үлкен үміт күтеміз. Бұл науқанда партияның 600-ден астам өкілін түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткер ретінде ұсынамыз» деді партия төрағасы.

Құрылтайда партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі мәселелер талқыға түсті. Мәселен, тұрғындармен кездесу барысында тұтынушылар тарапынан бағаларға қатысты көптеген сұрақ туындайды. Негізінен, бағаның тұрақсыздығы, оның үнемі көтерілетіні, тауардың қымбаттығы туралы айтылады. Ал сатушылар «отандық тауар өндірушілер тауарларды жүйелі түрде жеткізбейді, сондықтан импорттық дайын өнімдермен жұмыс істеуге мәжбүр боламыз» деген пікірді алға тартады. Партия төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев азық-түлік тауарлары бағасының тұрақты өсуі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қауіп екенін айтады.

«Азық-түлік қауіпсіздігі элементінің бірі – азаматтардың қолжетімді, қолайлы бағамен азық-түлік сатып алу мүмкіндігі. Бұл біздің елде жоқ. Мұның бәрі реттелуі үшін ең бастысы қолдау қажет. Қаптамаға ыңғайлы, сапалы, сұрыпталған өнім көп болуы керек. Ол үшін кооперативтер, сату кооперативтері құрылуға тиіс. Мемлекеттің аграрлық саясатын үйлестіру қажет. Ол үшін ауыл шаруа­шылығы инфра­құрылымын құру маңызды. Ауыл еңбеккерлерінің ауылда өндіретін өнімдерін дәл осы ұйымдар сатып алып, қалаға жеткізеді. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кооперациясы негізінде болуға тиіс. Бағалар қолайлы болуы үшін ауылшаруашылық өнімдерін көбірек өндіріп, сапалы өнім шығару керек» дейді ол.

Айтпақшы, «Ауылдың» партиялық тізіміндегі 25 үміткердің ішінде Президент сайлауына қатысқан екі адам бар: біреуі – Жигули Дайрабаев, екіншісі – жақында осы партияға өткен Қарақат Әбден. Мажоритарлық жүйе бойынша «Ауылдан» 9 адам Астанада, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Атырау, Ұлытау облыстарынан және Алматыдан сайлауға қатысады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button