Басты ақпаратМәдениет

«АЯЛАҒАН АСТАНА» ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

Астана күніне арналған мерекелік шаралар аясында бүгін «Аялаған Астана» республикалық ән байқауының жеңімпазы анықталды. Енді «Артек» лагеріндегі балалардың «Жаңа толқын-2016» халықаралық конкурсында ел намысын астаналық Жәнел Сәдуақас қорғайтын болды.

KBB_6559

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен осымен төртінші рет шымылдығын түрген дәстүрлі музыкалық жобаның ақтық кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 11 бала қатысты. Бір-бір әннен орындаған үміткерлердің өнерін қазақстандық эстрада әншілері Құрмаш Маханов, Гүлнұр Оразымбетова, Серік Ибрагимов, сондай-ақ «Новая волна» және «Детская новая волна» конкурстарының директоры Александр Румянцев пен «Аялаған Астана» ән байқауының бас продюсері Лина Арифулина 10 ұпайлық жүйемен бағалады.

KBB_6459

KBB_6502

Жас таланттарды танытатын телевизиялық жоба «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілді. Тартысты бәйгеде Мария Затварницкая (Павлодар), Нұрдәулет Тілекқабыл (Атырау) және Аружан Сағынғалиева(Маңғыстау облысы) ең жоғары көрсеткіш – 50 балл жинады. Алайда көрермендер берген sms-дауыстардың арқасында астаналық Жәнел Сәдуақас жалпы ұпай саны бойынша бәрінен топ жарды. Оған жеңіс әкелген Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Сейдолла Бәйтерековтің әні – «Әлия». Қазылар алқасының айтуынша, Жәнел әйгілі «Әлия» әніне өзіндік бояуын беріп, әдемі милизмдерді қосып, заманауи түрде шырқады.

KBB_6563

Байқау шарты бойынша қатысушылар «Red Jam» музыкалық тобының сүйемелдеуімен жанды дауыста ән салған болатын.

«Әртісті таңдау оңайға соққан жоқ. Талаптары таудай, таланттары үлкен үміт күттіретін балалар екен. Мәселен, Аружан бәрімізді орнымыздан тік тұрғызып, зор қошеметімізге бөленді» деп тамсанды жас өнерпаздардың орындаушылығына Александр Румянцев.

KBB_6606

Өзінің кең диапазонымен жұртты тәнті еткен Аружан Сағынғалиева да жүлдеден құр қалмады. Ол «Қазақстан» республикалық телерадиокорпарациясының арнайы жүлдесімен марапатталды.

          Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button