Мәселе

Аялдама атаулары да елді танытады

Елордада қала ішінде қатынайтын автобусқа мінсеңіздер, сонда орнатылған дауыстық қондырғы арқылы қоғамдық көлік тоқтайтын аялдама атауларын біле аласыздар. Кейінгі жылдары Қазақ радиосы ғасырлық мерейтойына орай бас қалада қоғамдық көлікке жауапты «Сity Transportation systems» ЖШС-пен бірігіп, 300-ге жуық аялдама атауын қайтадан дыбыстап шықты. Арасында қаланың өсуіне байланысты Нұр-Сұлтан шаһарында жаңадан қосылған 70-ке жуық жаңа аялдама да бар.

[smartslider3 slider=3544]

Олардың атауларын қазақ және орыс тілінде хабарлайтын аудиожазбадан белгілі тележүргізуші Қымбат Досжанның қазақы қоңыр дауысын тануға болады.

Аялдамалар, негізінен, автобус жанына тоқтайтын нысандар, көшелер, шағын аудандар, тұрғын үй кешендері атауымен аталады. Нысан атауының өзгеруіне байланысты аялдама атауы да өзгеріп жатады. Мәселен, С.Сейфуллин көшесінің бойында бұрын «Тұран Әлем банкі» аялдамасы болды. Осы банктің жабылып қалғаны белгілі. Қазір оның ғимаратында «Халық банкінің» бір бөлімшесі орналасқан. Ал бұл аялдама атауы «Marden» бизнес-орталығы болып өзгертілді. Сол аялдаманың жанында Сәкен Сейфуллин музейі тұр. Егер аялдамаға баяғыда музей атауы берілсе, оны өзгертпеуге де болар еді. Алайда бұл тарапта бизнеске басымдық беріліп, мәдени ошақ елеусіз қалған.

Қалаға келетін қонақтарға музей, театр, жалпы рухани сусынды қандыратын орындар қызық екені баршаға аян. «Сәкен Сейфуллин музейі аялдамасы» деп хабарланса, шаһармен таныс емес жұрт осы жерде руханият ордасы барын біліп, реті келгенде, бәлкім, кіріп шығар ма еді деп ойлаймыз. Нысан атауы өзгерген соң, аялдама атауын да өзгертуге тура келеді. Ал бұл – қосымша шығын.

Банктер, бизнес орталықтар жабылып немесе атауын өзгертіп жатады. Мәдени ошақтарда мұндай жағдай сирек. Мысалы, елордадағы Сәкен Сейфуллин музейі 1988 жылы ашылды. Содан бері жұмыс істеп келе жатыр. Ал «Marden» бизнес орталығының атауы бұдан бұрын «Шахназ» еді. Белгілі бір нысан атауы осылай құбылып тұрғанда, аялдамаға баяғыдан бекітілген атауды неге бермеске? Бұл жағдайда «Marden» атауы құлағымызға тосындау естілетінін де айтайық. Ал «Сәкен Сейфуллин музейі» атауын жылы қабылдаймыз.

Елорда көшелерінің 90 пайыздан астамы қазақшаланды. Алайда баяғы кеңестік кезеңнен қалған атаулар ішінара әлі де кездеседі. Сондай көшелердің бірі – Новый аэропорт. Филолог ғалым Риза Әлмұхан осы көшеге қатынайтын автобустарда аялдама атауы қазақша да, орысша да «Новый аэропорт» деп хабарланатынын айтады. Осы сияқты қалада орысша немесе ағылшынша атау берілген орамдар мен тұрғын үй кешендері аз емес. Мәселен, «Городской романс», «Французский квартал», «Сказочный мир» болып кете береді. Бұл – өзіміз үй мен жұмыс арасында қатынайтын бір ғана №21 автобус тоқтайтын аялдама атаулары. Осы автобусқа бірде мінген белгілі әнші Ерлан Рысқали да осыған назар аударды. Қоғамдық көлікпен жүретін адам осындай атау­ларды естігенде өзін Қазақстанда емес, өзге елде жүргендей сезінетіні де рас. Сондықтан атау бергенде осы жағын да ескерген жөн.

Нұр-Сұлтан қаласы – қазақ елінің астанасы. Аялдама атаулары да соған сай қазақы болуы керек деп есептейміз. Бизнес нысандарын емес, рухани ордаларды да алға шығарсақ, ұтылмаймыз. Бұл туризмді дамытуға да септесіп, елді, ұлтты танытады. Мәселен, қонаққа «Marden» қызық па, Сәкен Сейфуллин музейі қызық па? Біздіңше, екіншісі.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button