Uncategorized

Аялдамасы аз тіршілік

Күні кеше Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Рустам Тәуекелов Астанадағы Алматы ауданының әкімі болып тағайындалғаны хабарланды. Әкімге аудан мен тұрғын үй алаптарын, инфрақұрылым саласын дамыту, тұрғындарға жайлы жағдай жасау тапсырылды. Бұрынғы әкім Мақсат Саматұлы өз ауданын жиі аралап, көріп-білмеген бе, соңында біраз шаруа қалғаны байқалады, мүмкін білген де болар.

Ал енді жаңадан келген әкімге айтар өтініш – өзіңіз басқаруға келген Алматы ауданын жақсылап тұрып аралап шықсаңыз. Аралау сапарын автобус аялдамаларынан бастасаңыз, кәдімгідей жолаушы болып. Неге?

Айтайық. Асқар Тоқпанов көшесіне №61 автобуспен келесіз. Көше Алматы ауданы әкімдігіне жақын. Көше бо­йында автобус тоқтайтын 10 аялдама бар десек, ешқайсысында орындығы бар, қар мен жаңбыр, желден қорғайтын қорғаныш павильондары жоқ. Арнайы аялдама кешендері салынбаған. Далада тұрасыз. Тек «осы жерге тоқтайды» деген бағанада автобус суреті ілінген. Сол суретке қарап бұл жер аялдама екен-ау деп қуанып кетесіз де, күтесіз.

Асқар Тоқпанов көшесі бо­йында 3 елшілік орналасқан, еліміздің Футбол федерациясы, британ мектебі, бизнес-орталықтар, тізілген тұрғын үйлер бар.

№61 автобус Шарль де Голль көшесіне бұрылады да, француз үйлері, Милан орамына қарай бұл жерде де тұрғындарға ыңғайлы аялдама жасалмаған, арақашықтығы өте ұзақ, біраз жүріп барып тоқтайды. Француз үйлерінің алдында аялдама кешені бар. Екінші №60 автобустың да жолаушылары қорғанышы жоқ аялдамада автобус күтеді.

Енді қараңыз, Facebook-тен оқығанымыздай, жуырда Астана қаласының әкімі Жеңіс ­Қасымбек қаланың әлеуметтік-­экономикалық дамуы туралы мәслихат депутаттарына берген есебінде: «Биыл 140-қа жуық аула мен 30 саябақ, гүлзарлар, желекжолдар, аллеялар абаттандырылды. Мәңгілік ел даңғылы, Әлихан Бөкейхан және Орынбор көшелерінің саябақтары бар, «Жастар» саябағы аумағында қазіргі заманғы «Сана» спорт кешені де жұмыс істейді. Қаланың вокзал маңы мен оған іргелес Біржан сал, Гете көшелері абаттандырылды. Келесі жылы да аулалар мен гүлзарлар, желекжолдар, саябақтарды абаттандыру бойынша жұмыстар жоспарлануда» деді. Экономикалық блок пен елорданың 5 ауданындағы әкімдер 2024-2025 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу үшін қажеттіліктерін ұсынды. Яғни Астананың аудандарына қосымша қаржыландырудың негізгі баптары – көшелерді жарықтандыру мен тазалау, көгалдандыру және абаттандыру жұмысын жүргізу. Бірақ есепте аялдама кешендерінің құрылысын жүргізу, қорғаныш павильондарын орнату туралы айтылмаған сияқты. Бұл ұсақ-түйек мәселе емес қой.

Міне, қыс та келді. Ал аялдамасыз «өмір сүріп» жүрген оқушылар, жастар, зейнеткерлер, қаншама тұрғын бар екенін ұмыттық.

Алматы ауданы әкімдігінің сайтын қарап отыр едім, «ауданда аялдама кешендерін санитарлық тазалау жұмысы жалғасуда. Бүгінде ауданда 443 аялдама болса, оның 67-сі – жылы аялдама кешендері. Әр аялдама аптасына екі рет санитарлық тазалаудан өтеді. Бұл шаралар тәртіпті сақтауға және қоғамдық көлік жолау­шылары үшін қолайлы күту жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деген бір мәлімет шыға келді.

Жазбаның басында бұрынғы әкім Самат Мақсатұлы өз ауданын жиі араламағаны, көріп-­білмегені, соңына біраз шаруа қалғаны байқалады, мүмкін білген де болар дедік.

Сонда 443 аялдаманың 67-сінде ғана кешендер жасал­ған болып тұр. Жалғыз Асқар Тоқпанов көшесінде ғана емес, ауданның басқа көшелерінде де тұрғындар аялдамасыз өмір сүруде.

Осы мен жазып отыр­ған екі көшенің бойында не мектеп, не балабақша жобасы жоқ, бірнеше көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде, құрылыс қарқынды. Асығыс. Бірақ қыл аяғы аялдама кешендерін орната алмай жатқанда осы үйлердің кішкентай тұрғындарының ертеңгі жағдайы не болады деп алаңдайсың.

Сөз жүзінде, баяндама, есеп деген шалқуларыңыз ғажап-ақ, таңғаласың! Еее, даму жолында екенбіз деп қуанасың. Аялдама кешендерін тұрғызу Астана әкімдіктері үшін соншалықты қиын ба? Себеп-салдары неде? Осы сұраққа жауап таба алмай қарадан-қарап қиналады екенсің…

Фарида БЫҚАЙ,

ардагер-журналист

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button