Басты ақпарат

Аязда аялдама қалқан бола ма?

Арқада қыс 4-5 ай бойы көшпей жатып алады. Үскірік аяздың кейде апталап бет қаратпайтын кездері болады. Табиғаттың бұл долы мінезі дала тұрмақ, қала халқына да оңай тимейді. Сондықтан қысқы маусымға тыңғылықты қам жасамасақ, опық жеп қалуымыз кәдік.Астана билігі қысқы маусымға жаз ортасынан дайындық жұмыстарын бастап кетеді. Жылу-электр орталықтарының қазандықтарын жамап-жасқап, құбыр желілерін бүтіндеп, қажетті отынды жеткізіп алады. Сондай-ақ тұрғын үйлермен бірге, көшедегі автобус аялдамаларын да жылылап қояды.
Аязды күндері балалар, науқас адамдар, жалпы автобус күткен жолаушылар тоңып қалмас үшін, әсіресе, мектептерге, балабақшаларға, медициналық мекемелерге таяу орналасқан жерлерде жылы аялдамалардың тұруы маңызды. Ресми дерекке сүйенсек, астанада 1100 аялдама болса, оның 730-ында павильон бар. Оның 100-і жылы аялдама. Жыл соңына дейін тағы осындай 30 аялдама орнату жоспарланған. Бұл жөнінде «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітов мәлім еткен болатын.
Кеше ғана елорда әкімі Алтай Көлгінов қала көшелерін аралап, бірқатар аялдамалардың жай-күйі­мен жіті танысып қайтқан болатын. Бұл жөнінде әкімбылай деп жазды:
– Бүгін қаладағы жылы аялдамалардың бірқатарына бардым. Жылуы жоқ аялдамалар анықталды. Соның бірі – Республика даңғылымен қиылысатын Сейфуллин көшесіндегі «Жастар сарайы» аялдамасы. Қала бойынша осындай аялдамаларды тексеріп шығу аудан әкімдеріне тапсырылды. Жылуы істемей тұрған аялдамаларды байқап жатсаңыздар, нақты орналасқан жерін айтуларыңызды сұраймын. Қала тұрғындарына жайлы болуы үшін жылы аялдамаларды көбірек салуды жоспарладық, – депті әкім Facebook-тегі парақшасында.
Қала басшысының жазбасы әлеуметтік желіні пайдаланушылардың көпшілігін бейжай қалдырмапты. А.Көлгіновтің жазбасының астына 379 адам пікір білдіріп, 34-і оны өз парақшаларында бөліскен.
Белгілі журналист Бейбіт Оспанның «Сәтпаев көшесінде, «Еуразия» аумағында жылы аялдама жоқ. Адамдар таңертең бүрсеңдеп тұрады» деген пікіріне «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жауап жолдапты. Мұнда «ӘКК инвесторлармен бірлесе отырып, 2019 жылдың желтоқсаны мен 2020 жылдың қаңтар айларына Қ.Сәтпаев көшесі, 13 мекенжайына жылы аялдама павильонын орнатуды жоспарланғаны, бүгінгі таңда аялдама павильонының конструкциялық құрылымын жинау жұмыс­тары жүргізілуде» екендігі айтылған.
Қала тұрғыны Айна
Кәрімова «А.Байтұрсынов көшесіндегі №83 мектебінің маңына жылы аялдама керек. 32-ші автобус мүлдем уақытында келмейді!!! Адамдар үсіп-тоңып тұрады. Және ең өзекті мәселе – бұл жердегі бағдаршам, жол өтпесі дұрыс қойылмаған. №83-ші аялдамадан түскеннен кейін қарама-қарсы 83-ші мектеп тұр. Ал бағдаршам екі жақта алыста жатыр. Ескеріңіз: өте алыста!!! Бағдаршам алыста болғандықтан, балалар түгілі үлкендер бұл жерді айналып өтпей, жолды кесіп өтеді. Біріншіден, жол ережесі бұзылып отыр. Екіншіден, бұл жерде машиналар өте қатты жылдамдықпен жүреді (себебі қаланың бір шеті). Мен балаларымыздың қауіпсіздігі үшін қатты алаңдаймын!!! Өтініш, осы жазғанымызды қаперіңізге алып, бір жолақ орнатуға мүмкіндік жаса­ңызшы! Мен бұл туралы бірнеше рет 109-ға звондап, жазып (бейне, фото) салып өтінішімді білдіргенмін. Өкінішке қарай, жауапсыз қалуда. Осы өтінішімді жауапсыз қалдырмауыңызды өтініп сұраймын!» депті.
Рита Толысбай «Респуб­лика даңғылындағы Самал аялдамасы ешқандай жылусыз, ішіне кіріп, керісінше, тоңып қалдым. Қаланың қақ ортасында тұрған аялдама жылуға қосылмаған. Неге ешкім тексермейді екен осы жағдайды» деп жазады.
Жасұлан Омаров
Досмұхамедов көшесіндегі «Социум» тұрғын үй кешеніне жылы аялдама тұрмақ, автобустың мүлдем жүрмейтінін айтады. Бұл мәселе қашан шешіледі деп сұрақ қойыпты.
Айнұр Қозыбаева Орынбор көшесіндегі, Министр­ліктер үйіндегі, Жастар театрындағы (бұрынғы К.Байсейітова), Қаржы орталығындағы жабық аялдамалар жылуға қосылмаған деп тізбелеп шыққан.
Ainur Eshanova Қабанбай батыр даңғылы бойында бірде-бір жылы аялдама жоқтығын айтып шағымданған. Aizhan Ait-Myrza Есіл ауданының көптеген жерлерінде жылы аялдамалар тапшылығын жеткізеді. «Әсіресе, Жағалау ықшам ауданында
Айтматов көшесінен бастап орталыққа дейін көп жерлерде жоқ. Жастар көп тұрады, кішкентай балалар көп. Қазіргі қыста автобус көліктерін де көбейтсе екен деген тілек» деген өтінішін жолдаған.
Гаухартас Шолимова №73 мектеп-лицейінің жанындағы Ақыртас аялдамасында аязда балабақшадан алып шыққан кішкентай баласы екеуі №4 автобусты 50 минут күтіп, ақыры таксиге міндік деп шағымданып жазыпты.
Айта кетейік, елорда әкімі Алтай Көлгінов Facebook парақшасында жылы аялдамалар мәселесін қозғағанымен, тұрғындар қосалқы басқа да көптеген проблемаларды көтерді. Оның ішінде автобус қатынасы, көше тазалығы, жолдың тайғанақтығы мен мұзқатқақ, тіпті такси қызметі бағасының қымбатшылығын да айтыпты. Бір жақсысы, халықтың арызы ескерусіз қалмай, оған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің iKomek орталығының, «Астана LRT» ЖШС кеңесшілері, Байқоңыр ауданының баспасөз қызметі, қаланың Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, т.б. ресми органдар лезде жауап берген. Яғни, әкімнің Facebook парақшасындағы жазбасы ойламаған жерден тұрғындардың арыз-шағымдарын қараған Ашық есік шарасына айналып кетті десе де болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button