Жаңалықтар

ӘЗ НАУРЫЗҒА ӘЗІРЛІК

20120320113006

Наурыз тойы – бұл адамзаттың ғана емес, бүкіл табиғаттың мерекесі. Ұлыстың Ұлы күнін дана халқымыз ырыс пен ынтымақтың нышанына балаған. Сондықтан, оны асыға күткен. Кейбір деректерге қарағанда, жаһанда бұл мейрамды 300 миллион адам атап өтеді екен. Биыл да жалпақ жұрт жаңа жылды жақсылап тұрып қарсы алмақ. Әсіресе, үлкен мерекеге Арқа төсіндегі жұрттың дайындығы қызу.

Биыл астаналықтар мейрамға ерекше ықылас танытуда. Бұл күні өтетін бұқаралық серуендер мен концерттерге қаланың көркем безендірілген көрнекіліктері де ерекше көрік қосып тұрары анық. Бүгінде қаладағы оқу орындары, қоғамдық ойын-сауық орталықтары мен маңызды мекемелердің ғимараттары ұлттық нақыштағы өрнектермен әшекейленген. Бірнеше сәулет нышаны орнатылып, көше бойлары ұлттық ою-өрнектермен безендіріле бастады. Сондай-ақ, көшелерден өзгеше формадағы небір мүсін түрлерін кездестіруге болады.

Жалпы, мерекеге орай, Астанада қырыққа жуық іс-шара өтеді және бірнеше киіз үй тігіледі деп жос­парлануда. Ал, сахналандырылған басты қойылым «Қазақ елі» монументі жанында көрсетілмек. Мейрамға байланысты қалада қауіпсіздік шарасы күшейтіліп, көлік қозғалысы да шектелмек. Сонымен қатар, сауда ойын-сауық орталықтары да Наурыз тойына арнайы бағдарламаларын ұсынатын болады. Әрине, бұл күні ұлттық ойындар, спорттық сайыс­тар да ұйымдастырылады, жиналған жұрт ыстық бауырсақ пен наурыз көжеден ауыз тиеді.

Сондай-ақ, Наурыз – жаңару мен жасару, тазару мерекесі. Бұл айда табиғат түлеп, жердің тоңы жібіп, жылғалар суға толғанда қалалық коммуналдық шаруашылықта да көктемгі қарбалас басталады. Бұл жағынан да астаналықтар бейқам отырған жоқ. Су тасқынына қарсы жұмыстар пысықталып қойылған. Барлық техника күштері маңызды науқанға толық дайын. Қазір қала бойынша 836 арнаулы техниканың көмегімен тәулік бойына тыным таппастан қар тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қыс түскелі бері 2 млн 633 мың 307 текше метр қар шығарылған. Күн күрт жылынып, қар қатты еріген жағдайда суды сорғымен айдап шығарып, шалшық жиналатын тұстарға құм төгіледі. Ондай мақсатқа 5000 тонна құм-күл сияқты инертті материалдар дайындалған. Өте дұрыс! Той болатын шаһар тап-таза болуға тиіс!

 Еркежан Сәтімбек

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button