Мәдениет

Аз қазақ көп алды, көп қазақта не қалды?

IX қысқы Азия ойындары Қытайдың Харбин қаласында мәресіне жетті. Қытай құрамасы 32 алтын алып, осы көрсеткіш бойынша 2011 Қазақстан орнатқан рекордтық межені бағындырды. Ал Қазақстан құрамасы 20 медальмен (4 алтын, 9 күміс, 7 қола) жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады. Әрине, Қазақстан үшін бұл нашар көрсеткіш емес. Дегенмен медаль саны жағынан көш бастап тұрған Қытай құрамасының қатарында жарысқа қатысқан 4 қандасымыздың 3 алтын, екі қола медаль алғаны бізге біраз ой салды.

 

Қытай құрамасында өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінген қандастарымыз, сөз жоқ, сол елдегі спорт жүйесінің жетістігі. Қытайда талантты спортшыларды ерте бастан байқап, жүйелі түрде тәрбиелеп, жоғары деңгейге жеткізуге күш салады. Ресми дерек бойынша, Қытайда 1,5 миллион қазақ бар. Әне солардың арасынан үш бірдей спортшы Азия ойындарында топ жарса, бұл – талантты жастарды ерте іріктеп, жүйелі түрде дайындаудың нақты нәтижесі. Ал Қазақстанда 15 миллион қазақ бар, 4 алтын алдық. Бұл арада біздің құрамада кімдер бар екенін бір-бірлеп айтып, ала қойды бөле қырыққандай болмайық. Тек ұлттық үлес салмағы тұрғысынан алып айтсақ, 1,5 миллиардқа жуық халықтың арасынан қандастарымыздың оза шауып, 34 елден келген 1200 спортшы қатысқан халықаралық жарыстан жүлде алып жатқанының өзі бабы келіссе қазақ спортшыларының ешкімнен кем емес екендігінің нақты дәлелі емес пе?! Яғни 1,5 миллион қазақтан 4-5 спортшы жүлде алғанда одан он есе көп қазақ өмір сүретін Қазақстандағы қазақтар да осал болмауы керек қой. Демек, бұл салыстырма – елдегі спорт жүйесінің ақсап тұрғанының, спорт түрлеріне қажетті жағдай жасалғанымен, кәсіби спортшыларды дайындау жүйесінде әлі де олқылықтар бар екендігінің көрінісі. Өйткені бізде дарынды жастарды ерте іріктеу жағы кемшін. Көп жағдайда спортқа бейімі бар балалар қолдау таппай, өзге салаларға кетіп жатады. Екіншіден, елімізде бәсекелестік деңгейі төмен. Егер ел ішінде Қытай сияқты шын мықтыларды анықтайтын жүйе болса, Қазақстаннан небір керемет спортшылардың шығарына күмән жоқ. Мәселен, Қытайда ауылдан бастап таңдап, ауылда өткен жарыстан топ жарған жүлдегерді аудандық жарысқа, одан жеңсе, облыстық, одан ары өлкелік, мемлекеттік жарысқа дейін қатыстырып «кіл мықтыдан кім мықты» деп отырып спортшы таңдайды. Біздің елде осындай жүйе бар ма? Жоқ. Яғни, біздің қазіргі спорттағы деңгейі­міз халықтық сапамыздың нақты көрсеткіші деп айта алмаймыз. Бұл жағдайдан сабақ алуымыз керек. Егер біз барлық спорт түрлерінен әлемдік аренаға шығамыз десек, жас таланттарды ерте бастан анықтайтын мықты жүйе қалыптастырып, 20 миллион халықтың ішіндегі нағыз мықтыны әлемдік додаға апаратын деңгейге жетуге күш салуымыз керек.

Қысқасы, бізде мықты спортшылар жоқ емес, бар! Тек соларды қолдайтын дұрыс жүйе қажет. Қытайдағы аз ғана қазақтың жеңісі – Қазақстандағы спорт саласын басқарушыларға да үлкен ой салуы тиіс.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button