Тағзым

АЗАЛЫ ЖЫЛДАР ЖАҢFЫРЫFЫ

005f262122114eabc243bed58af4db3a

Мың өліп, мың тірілген қазақ өз басынан небір күй кешті. Солардың ішінде кешегі кеңес заманының әдейі қолдан ұйымдастырған «Ұлы жұттың» – ашаршылықтың, оның соңынан ала бере саяси қуғын-сүргіннің зардабын айтып жеткізу оңай емес.

Халқымыздың тарихындағы қаралы кезең – «Ақтабан шұбырындының» өзі ашаршылықтың азалы ақпарларымен шендесе алмайды. Қазақ халқы өз елінен, өз жерінен жөңкіле көшті, сан мыңдап қырылды, малынан айырылды. Ел басына үйірілген кесепаттың ауырлығы сондай: анасы баласын, баласы анасын көмусіз қалдырды. Талай боздақ қыршын кетті, ізім-қайым жоғалды.
Тұтастай бір халыққа қарсы қолдан жасалған осы нәубет туралы кеңес дәуірінде әңгіме айтпақ түгілі, тіпті оны еске алудың өзіне тыйым салынған болатын. Әлі есімде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары анам маған сонау отызыншы жылдардағы ашаршылық жайында сыбырлап қана айтушы еді.
Біз бүгіндері әңгіме арасында бұрын бәрі жақсы еді, қоғам барынша әділ еді, қарапайым жұрттың қамын ойлайтын еді деп жатамыз. Ал енді сол қоғам жөніндегі шындықтың төркіні мүлде өзгеше сипатта болғандығын тек тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ғана көзіміз жетіп отыр.
Мәселен, есімі көпшілікке етене мәлім қазақстандық жазушы Валерий Михайловтың «Ұлы» жұттың жазбалары» атты кітабында келтірілген мына бір оқиғаны жаның тебіренбей оқу тіптен де мүмкін емес. Енді соған бір сәт назар аударайық.
Белгілі әдебиетші, ғалым Мекемтас Мырзахметов бала кезінде шешесі айтқан әңгімесін былайша баяндайды. «1933 жылдың ерте көктемі. Аштық ауылымызды (біз Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданында тұрғанбыз) түгелдей дерлік жалмап кеткен ең бір қасіретті шақ екен. Шешеміз ажалдың тырнағынан қашып, көрші қыстақтағы туыстарына кетпек болыпты. Кішкене қарындасымды қолына көтеріп, жанында етегінен ұстаған үш жасар мен бар, жолға шығыпты.
Ауыл шетін ала колхоздың бақшасы басталатын. Жалғыз аяқ соқпаққа түскеніміз сол екен, алдымыздан ұялы қасқыр шыға келіпті. Жүз шақырымға дейін айнала төңіректе, ол кезде үй малы әлдеқашан біткен, сондықтан да аш қасқырлар топтасып алып, әр жер – әр жерде адамдарға шабатын болыпты. Бұрын мұндайды ел естіген де, көрмеген де екен.
Шешем айғайлап, жұртты көмекке шақырған, бірақ, жақын маңда ешкім болмапты. Қасқырлар жайлап жақындап, қаумалауға көшеді. Шешем қатты қысылады – не қасқырлар бәрімізді паршалап тастайды, не ол балалардың бірін қалдырып, екіншісімен қашып құтылуға әрекеттенуі тиіс. Қызын жерге қойыпты да, мені көтеріп кері қашыпты. Ауылдан адамдарды ертіп жаңағы жерге келсе, қарындасымнан ештеңе де қалмапты.
Жанбай жатып сөнген сол қарындасыма мен өмір бойы қарыздармын.
…Анамның мұңдана отырып айтқан әңгімесінен кейін, мені неліктен қалдырмадыңыз деп сұрағанмын. Ол кісі: «ұл қажеттірек болды ғой» деді. Дегенмен, аяулы анамның өмір бойы қандай қайғылы сезімнен арыла алмай, өзі туралы не ойлағанын түсіну әсте мүмкін емес…».
Сананы селт еткізер, жан түршіктірер осы іспеттес естеліктер көптеген қазақ шаңырағына тән десек, қателесе қоймаймыз. Әркімнің жан сыздатар өз қайғысы, өз қасіреті бар. Тіпті, арада ондаған жылдар өткеннен кейін де олар жөнінде әңгімелеу соншалықты ауыр.
Кейбір отандастарымыз қазақ жерінде орын алған ашаршылық туралы жоғарыдағылар білмеді, әйтпесе оған жол бермеуші еді деген уәждерін алға тартады. Шынында мәселенің тіптен олай емес екенін архив деректері толық дәлелдеп отыр. Ең бастысы, Ф.Голощекинді бірінші хатшылыққа ешкім, соның ішінде қазақстандық коммунистердің сайламағандары белгілі болып шықты. Ол бұл қызметке тағайындалды. Яғни, Сталиннің РК(б)П ХІІ съезінде: «необходимо подобрать работников так, чтобы на постах стояли люди, тонко умеющие осуществлять директивы, могущие принять эти директивы как свои родные и умеющие проводить их в жизнь» деп айтқан тұжырымдамасы жүзеге асты.
Осылайша, 1925 жылдың күзінде Қазақстанға да осындай аса пысықай орындаушы тап болды. Голощекин қазақ жеріне келгеніне екі ай толмай-ақ: «ауылда шын мәнінде Совет өкіметі жоқ, байдың билігі, рулардың үстемдігі бар екенін мәлімдеді». Ең қызығы, Голощекин өз жұмыс кабинетінен аттап шығып, бірде-бір ауылға аяқ баспаған. Сөйтіп, ол Қазақстанда «Кіші Октябрь революциясын» жасауға құлшына кірісіп кетті. Өзінің бұл жоспарын жүзеге асыру бағытында небір айла-қулыққа, адам ойына келмейтін зұлымдықтарға дейін барды.
Адмирал Колчак: «қазақтарды басқару оңайдың оңайы, қалың көпшілік сенім артып, сөзіне құлақ қоятын 500 интеллигенцияның көзін жойсаң болды – қазақтарды бағындырғаның» деп айтыпты деген сөз бар. Сібірдің билеушісі дәл осылай деп айтты ма, айтпады ма – ол жағы белгісіз, бірақ Колчактың аз уақыт билік жасаған кезінде бірде-бір қазақ интеллигенциясы қиянат көрген жоқ. Алайда, от жанбаса түтін қайдан шықсын, бәлкім, оның көкейінде ондай ойдың болғаны да рас шығар.
Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекин 1930 жылдың қазан айында Қазақ республикасының құрылғанына он жыл толу мерекесіне байланысты өткен Алматы қаласының партия активі жиналысында осы ойды ашық болмаса да астарлы түрде жеткізді.
Голощекин қазақ халқының рухани көсемдері мен ұстаздарын жаңа құрылысқа қатыстыруға шын ниетімен құштарлана қойған жоқ, сондықтан да «ұлтшыл» деген атақты барлығына таңумен болды. Бұл оның берік ұстанған тактикалық тәсілі еді. Ол «ұлтшылдарға» уақытша, тек уақытша ғана төзуге келісті, ал одан соң оларды өмірден аластап тынды. Нәтижесінде, елдің саяси өміріне «садвакасовщина», «сейфуллинщина», «рыскуловщина» атаулары енгізіліп, қазақтың бетке ұстар азаматтары шетінен өлімге қиылып жатты.
Голощекиннің тұтастай бір ұлтты құртып жіберуді көздеген геноцидтік саясатынан орталықтың бейхабар болмағандығы да деректерден толыққанды анықталып отыр. Мәселен, деректерде: «Рысқұлов өз халқына бағытталған күйзеліс күшін жеңілдету ниетімен Сталинге үш рет хат жазды. 1932 жылдың соңында екі рет және 1933 жылы көктемде…
Соның егжей-тегжейлі баяндалғаны 1933 жылғы 9 наурызда жазылған ең соңғы хаты Сталинге, Кагановичке және Молотовқа жолданған болатын» деп атап көрсетілген.
Бәз біреулер, өткенді қазбалай берудің қажеті қанша, бүгінімізді шешіп алсақ жетпей ме деуі әбден мүмкін. Дей тұрғанмен, кешегі күнді аттап кетер болсақ, ертеңді бағамдау қиын соғары анық. Сондықтан, болашағы жарқын, келешегі кемел ел болу үшін текті тұлғалардың ерен еңбегін бүгінгі ұрпаққа жария етіп, ғасырлап күткен тәуелсіздіктің бізге оңай келмегенін олардың жадында жаңғыртып отыру аса маңызды міндет деп білемін. Осы орайда, биылғы 12 мамырда Бас редакторлар клубы және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп өткізген «Ұлт қайраткерлері және отандық көсемсөз» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның алар орны ерекше десек, алдағы уақытта мұндай шаралардың тұрақты негізде ұйымдастырылып отырылуы мейлінше қажет.
Сонымен қатар, өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ алуға тиіспіз. Жасыратыны жоқ, қазақ еліне, оның бас көтерер асыл азаматтарына қырғындай тиген Голощекин, содан кейінгі Колбиндерге не істей алдық, ал олардың қолтығына су бүріккен демеушілерге ше? Кейбір мекемелерде әлі де азаматтардың тағдырына немқұрайлы қарайтын, жақсылығы қара басынан аспайтын әкімшіл адамдар кездесіп қалып жатады. Ел боламыз десек мұндай дерттен тезірек айығуымыз қажет.
Ендігі жерде есімізге мынаны мықтап ұстағанымыз жөн. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздікке жол бермей, өздерімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Міне, сонда ғана байлығымыз да, бақытымыз да болған Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай аламыз және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен Ұлттық идея – «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыра отырып, өркениет дамуының алдыңғы қатарынан табыламыз.

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button