ӘлеуметЖаңалықтар

Азаматтық авиация ертеңі қандай?

4

Отандық азаматтық авиация ахуалы бүгінде өткір мәселеге айналды. Оған дәлел жеткілікті. Алматы әуежайында 2013 жылғы қаңтардағы трагедия әлі бірнеше жылдар бойы ұмытылмасы анық. Өйткені, дәл осы үлкен апат азаматтық авиацияға бүкіл қоғамның назарын бір мезгілде аударды. Одан соң іле-шала 2013-2014 жылдары бірінен соң бірі орын алған әскери ұшақтардың апаты да авиация саласындағы жағдайдың ауырлығын ұқтырған еді. 

Лицензия алу оңай емес
Жалпы әуе қатынасында апаттан басқа да ауызға алар мәселе жеткілікті. Рейстердің кешігуі, тіпті, аяқ астынан ешқандай ескертусіз алынып тасталуы соңғы кезде жиі кездесетін болды. Мәселен, өткен жазда түрік Sky Airlines компаниясының банкротқа ұшырауы салдарынан Түркияға аттанған туристеріміздің уақытылы елге оралуына қиындық туды. Бұл мәселеге ақыр аяғында Үкіметіміз араласып, мемлекеттік бюджет есебінен азаматтарымыздың елімізге ұшып келуін ұйымдастырғаны белгілі. Сондай-ақ, биыл қажылық сапарға аттанған екі жарым мыңнан астам отандасымыз уақытылы елге орала алмай біраз қиындық көрді. Мұндай мысалдарды тізе берсек, бір мақаланың ауқымы аздық етері анық. Бастысы, бұдан қандай қорытынды жасалды? Өзекті мәселелерді оңтайлы шешілуіне қандай да болмасын шаралар қабылданды ма? Қателіктерден қорытынды шығарылып, кемшіліктер жойылып жатыр ма? Осы сұрақтар төңірегінде саланың бүгінгі ахуалына үңіліп көрген едік.
Бір байқағанымыз, өткен 2014 жылы азаматтық авиацияға, соның ішінде жолаушылар ұшағы, әуежайлардағы ұшып-қону алаңдарының қауіпсіздігіне бұрынғыдан да бетер баса назар аударыла бастаған. Азаматтық авиация саласындағы тәртіпті нығайтып, шетелдік әуе компанияларына қойылатын талаптарды қатаңдату мақсатында 2013 жылдың маусым айынан бері күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына 80-нен астам толықтыру мен өзгерту енгізіліпті. Бұл өзгертулер мен толықтырулар негізінде әуе компанияларының қызметін қатаң қадағалауға мүмкіндік туған. Инвестиция және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Талғат Қасеновтің айтуынша, бүгінде заң аясында көптеген әуе компанияларының қызметі тоқтатылса, кейбірінің лицензиясы қайтарылып алыныпты. Мысалға «D.E.T.A. Air» АҚ, АК «МЕГА» АҚ, «Евро-Азия Эйр Интернейшнл» АҚ, «Samal Air» АҚ, «Азия Континенталь Эйрлайнс» АҚ, «КазЭйр Вест» АҚ әуе қатынасы қызметін көрсету құқығынан айырылған. Осыларды қоспағанда еліміздің аспанында бүгінде 54 әуе компаниясының ұшақтары әртүрлі қызмет көрсетіп жүр. Осылардың қатарына жақында өзіміздің «Qazaq Air» әуе компаниясы қосылды. Былай алып қарағанда, халқы жиырма миллионға жетпейтін ел үшін бұл – үлкен көрсеткіш. Бірақ, өкінішке қарай, мұның ішінде тұрақты рейстер жасаумен айналысатын компаниялар өте аз, бар болғаны 9,26 пайыз ғана. Ал шамамен 44 пайызы авиациялық жұмыстар атқаратын компаниялар екен. Қалған 33 пайызы тұрақты емес, тек арнайы тапсырыстар бойынша рейс жасайтындар болып шықты. «Тұрақты рейс жасаушы компаниялардың пайыздық көрсеткіші артса, әуе қатынасы әжептәуір алға басар еді» дейді мамандар.

Шетелдіктер шетке ысырылады
Қауіпсіз әуе қатынасын қамтамасыз ету үшін мамандар даярлауға да баса мән берілуі керек. Әсіресе, жергілікті мамандардың көбейгені қай жағынан алып қарағанда да маңызды. Өткен жылдың қыркүйек айында Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясы базасында Орталық Азия елдері үшін авиациялық қауіпсіздік бойынша оқу орталығы ашылды.
«Бұл – Орталық Азия елдері үшін ИКАО-ның стандартына негізделіп (Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы) ашылған алғашқы оқу орталығы. Біз авиациялық қауіпсіздік бойынша инспекторларымызды оқытамыз. Оқу бағдарламасын және оқытушылар құрамын даярлау ИКАО талаптарының негізінде жүзеге асырыла бас­тады» деген еді бұл оқу орталығы туралы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов Primеminister.kz сайтына берген сұхбатында. Оның айтуынша, ТМД аумағында бұл Киев пен Мәскеуден кейінгі үшінші оқу орталығы екен. Бұрынғы кеңестік елдерде мұндай оқу орны жоқ. Жаңа оқу орнына 2014 жылы республикалық бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Бұл қаржы қазақстандық авиациялық мамандарды даярлау сапасын арттыру үшін заманауи оқыту, әуе кемелерін және жаңа жаттығу кешендерін алу сияқты маңызды жобаларға жұмсалған. Бұрын, дәлірек айтқанда, соңғы үш жылда Азаматтық авиация академиясын бітірген 750 түлектің ішінен тек 250-і ғана жұмыспен қамтылған көрінеді. Бұған себеп сұраныстың төмендігі және отандық авиация мамандары дайындығының әлсіздігі болса керек. Енді ИКАО методологиялық қолдауын, саланы дамыту жоспарларын пайдаланып бұл тенденцияны өзгертуге болады деп есептейді Б.Сейдахметов.
Бұйыртса деп айталық, қолға алынған нақты жоспарға сәйкес, қазақстандық әуе компанияларының штаты 2020 жылға қарай толықтай отандық ұшқыштардан құралатын болады. Егер сәтімен жүзеге асса, бұл –үлкен жетістік. Себебі, ұшқыштардың тапшылығы әлем бойынша өзекті мәселе. Б.Қанелұлының айтуынша, жоғары класты ұшқышты дайындау үшін белгілі бір материалдық ресурс, уақыт керек. Сол себепті қазір біздегі ұшқыштардың 65 пайызы ғана қазақстандық, қалған 35 пайызы – шетелдіктер. Жоспар бойынша 2018 жылы-ақ ұшқыштардың 80 пайызы қазақстандық болуы тиіс. Отандық кадрларды дайындау мақсатында Алматыда Азаматтық авиация академиясы базасында ұшқыштарды дайындаудың жаңа заманауи бағдарламалары әзірленген. Бірінші рет биыл академияның материалды-техникалық базасын жақсарту үшін оқу ұшақтарын алуға 1 млрд 700 млн теңге қарастырылған көрінеді. Бұдан бізде мамандар даярлау мәселесіне айырықша назар аударыла бастағанын аңғаруға болатындай.
Елімізде бүгінде азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік авиаинспекторлар штаты 24-тен 40 маманға дейін артқан. Штатты көбейту ИКАО сарапшыларының ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта осы халықаралық авиация ұйымының Техникалық ынтымақтастық бюросының түрлі бейіндегі тоғыз сарапшысы біздің елімізде жұмыс жасап жатыр. Олардың міндеті жазғы эксплуатация, әуе кемелерінің техникалық жағдайы, авиацияның құқықтық базасы, адами ресурстар бойынша, әуежайлар мен аэронавигация саласында ИКАО-ның аудитті ескертпелерін жою және ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын орындау. Сондай-ақ, халықаралық білікті мамандардың көмегімен қазақстандық әуе компанияларын қайта сертификаттау үдерісі қолға алынып, аэронавигациялық құрылымдарды, жердегі қызметтерді қайта ұйымдастыру жұмыстары да қарқынды жүргізіле бастаған. Өйткені, Комитет басшысының айтуынша, авиация туралы заңға енгізілген түзетулердің 70 пайызы ұшу қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Соған сәйкес, Қазақстанда ұшу қауіпсіздігінің Ұлттық бағдарламасын әзірлеу басталған. «ИКАО сарапшылары бұған қоса, екі бөлек заң жасауды ұсынады. Оның біріншісі әуе кеңістігін пайдалану, ал екіншісі азаматтық авиация қызметі туралы болмақ. Осы ұсыныстар бойынша тұжырымдамалар әзірленуде» дейді Бекен Қанелұлы.
Иә, әуе қатынасында қауіпсіздік мәселесі қашанда басты орында. Бұл бағыттағы осындай іргелі жұмыстар жақсы нәтижеге жеткізіп, ұшақтардың қызметін көбірек әрі сеніммен пайдалануымызға септеседі деп ойлаймыз.

Шағын авиация шалғаймен байланыстырмақ
Елімізде шағын авиация негізінде облыстар мен аудан, ауылдарды байланыстыратын әуе жолын дамыту да жоспар ретінде қолға алынған. Бұл – аса қуанышты жағдай. Өйткені, еліміздің түкпір-түкпірімен байланыстыратын жолдар салу үшін көп қаражат, бірнеше жыл қажет. Ал әуе қатынасы әрі ыңғайлы, әрі жылдам. Бағасы да қарапайым адамдарға қолжетімді болуына авиация комитеті баса көңіл бөлмек. Шағын авиациясы дамыған Канада, Австралия сияқты елдерде ауыл-ауылдарға дейін ұшақ қатынайды екен. Бұл елдердің барлығында осындай жүйе өзін толықтай ақтаған. Бұйыртса, осы тәжірибенің Қазақстанға да енгізілетін күні алыс емес.
Жергілікті атқарушы органдар жоғарыдағы жоспарға сәйкес жергілікті маңыздағы 16 әуежайды қалпына келтіру туралы ұсыныс жасапты. Бұл жобалар мемлекеттік органдарда келісімнен өткен соң, оларды жөндеуге және салуға қаражат мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінеді. Жоспар бойынша жұмыстар жүзеге асқан соң, шалғай ауылдарда шағын авиация қанат жаяды. Тек осы бастаманың бәрі орта жолда қалмай, сәтімен жүзеге асса деңіз. Сонда ішкі аймақтардың бір-бірімен қарым-қатынасы, барыс-келісі көбейіп, экономикамыз да дами түсер еді.

Мендолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button