Әлеумет

Азаматтық бақылау – қоғам талабы

Елбасы тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оған жол бермеу мақсатында «Астана – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде бірнеше күрделі әрекеттер жиынтығын қабылдады. Соның бірі – «Азаматтық бақылау» жобасы. Аталған жобаны жүйелі түрде жүзеге асыруға Астанада қоғамдық ұйымдар да белсене атсалысуда.

Мұндағы мақсат, біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарының бұзылуына жол бермеу және халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болса, екіншіден, қоғамдық қабылдау өткізу арқылы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, жауапты орындарға жеткізу.
«Азаматтық бақылау» жобасы шеңберінде Астана қаласында бірнеше іс-шаралар жүргізілуде. Бұл міндет Астанада «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов­тің бұйрығымен Астана қалалық филиалына жүктелді. Яғни «Азаматтық бақылау» жобасы шеңберінде аталған қоғамдық бірлестік ағымдағы жылы бәсекелестікте жеңімпаз атанып, шілде айында өз жұмысын бастаған болатын. Осы уақыт ішінде өткізілген қоғамдық қабылдауларда қала тұрғындарынан өтініштер тыңдалуда. Мұның басым көпшілігі тұрғындардың үй, жер және анықтама алуы, басқа да мемлекеттік мекемелердегі қызмет көрсетуге байланысты. Бұл сауалдарға өтініш иелерінің дер кезінде жауап алып, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуін қамтамасыз ету үшін жазбаша түрде өтініштер алынып, тиісті мемлекеттік органдарға жолдануда.
Барлық іс-шаралар тиянақты, жан-жақты қаралып, нәтижелі болуы үшін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті атынан құзырлы мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Арнайы шаралар қолдану нәтижесінде өтініштердің қаралуы заңға сәйкестендіріліп, жауапкершілік күшейтілуде.
Мәселен, Алматы, Байқоңыр, Есіл, Сарыарқа аудандарында мамыр-шілде айларында өткен «Адал жол – Честный путь» марафоны қарқынды нәтиже берді. Мобильдік насихаттық топ, мобильдік қоғамдық қабылдау өз жұмыстарын бастады. Мемлекеттік қызметкерлермен, қала жұртшылығымен бірге алдымызда бірнеше дөңгелек үстел отырыстары, еңбек ұжымдарымен, діни ұйымдармен, бизнес қауымдастықтарымен кездесулер өткізіліп, халыққа қызметтегі проблемалардың пайда болу негіздерін табу көзделініп отыр.
Негізі Астанада «Азаматтық қоғам» жобасына саяси үкіметке тәуелсіз жұмыс істейтін және оған ықпал жасауға қабілетті әлеуметтік қатынастар мен институттар жиынтығы, жеке адамдар мен әлеуметтік субъектілер қоғамдастығы шоғырланған.
Қандай да болмасын қоғамдық мәні бар идеяларды қабылдау қашанда сұхбатты, яғни сұхбаттасушы жақтардың түрлі көзқарастарын және маңызды тепе-теңдігін білдіреді. Ешкім ешкімге өз түсінігін мойындатуды да, ешкім ешкімді дәлме-дәл қайталау­ды да мақсат етпейді. Идеялар белгілі қоғамның, әлеу­меттік дамудың талаптарына сәйкес келетіндіктен қабыл алынады. Сондай идеялардың қатарына «Азаматтық қоғам» идеясы жататыны анық.
Қазіргі анализ азаматтық қоғамның жалпыға бірдей ортақ анықтамасы жоқ екенін байқатады. Дегенмен, әлемдік әлеуметтік-философиялық ғылымда бұл феноменді зерттеудің екі түрлі бабы бар.
Біріншісі, азаматтық қоғамды әлеуметтік әмбебап категория ретінде қарастырады. Бұл ұғымға олар мемлекетке, өкімет құрылымдарына қарама-қарсы қойылған қоғамдық қарым-қатынастардың бүкіл жиынтығын сыйғызады.
Екіншісі, азаматтық қоғам ұғымының мағынасына шынайы батыстық феноменді жатқызады, оны нарықтық – демократиялық қарым-қатынастардың қалыптасуымен байланыстырады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет — қоғам қабылдауы тиіс құндылықтар жиынтығы. Еліміздің барлық өңірлерінде бастау алған «Азаматтық бақылау» жобасы осы жолдағы бірінші қадамға айналды. Ол өңірлердегі қоғам өмірінің белсенді қатысушыларын жинады» деген еді Алик Шпекбаев.
«Азаматтық бақылау» жобасы мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимылының тиімді тетігіне айналғанын атап өту қажет.
Жемқорлықпен күрес – бұл уақытша науқан емес, ол Президентіміздің ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаты. Жемқорлықты еңсеріп, 2020 жылға қарай халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша сыбайластық деңгейі ең төмен алғашқы 60 мемлекеттің қатарына кіру жөніндегі орасан міндетке қол жеткізуіміз Мемлекет басшысының тапсырмаларын біздің қалай орындағанымызға байланысты болмақ.

Дәулеткерей
РАХМЕТУЛЛИН,
«Жаңару» сыбайлас
жемқорлыққа қарсы

жалпыұлттық қозғалыс»
РҚБ төрағасының
орынбасары,
Астана қалалық
филиалының директоры

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button