Азаматтық ерлік

Ерліктің үлкен-кішісі жоқ. Біреуі Отан үшін жан қиып, майданда ерлік көрсетсе, енді біреуі бейбіт күнде қаһармандығымен танылады. Ал біздің кейіпкеріміздің ерлігі мүлде бөлек. Бейнелеп айтқанда, ол қылышынан қан тамған империяға қарсы шығып, ұлт мүддесін қорғап қалды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес одағы ядролық қару жасауға білек сыбанып кірісті. Оған «тәжірибе» алаңы ретінде қазақ жерін таңдады. Дәлірек айтқанда, ұлы Абай, заңғар Мұхтар туған қасиетті топырақ ядролық полигон аймағына айналды. 1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында ядролық қарудың ең алғашқы сынағы өтті. Сөйтіп, мұнда полигон жабылғанша, барлығы 456 жарылыс болған. Оның 116-сы жер үстінде ашық жасалған. Қазақ даласы осылай қырық жыл бойы адам шошырлық қасіретті басынан өткерді.
Алғашында жергілікті халық оның зардабы ауыр екенін білмеді. Түсінбеді десе болады. Барлығы құпия болды. Бірақ зұлматтың залалын алғаш зерттеп, халыққа жеткізген ғалым – Бахия Атшабаров. Оның жетекшілігімен ғылыми экспедиция 1957–1960 жылдары Семей полигоны аймағында радиологиялық, клиникалық және ветеринарлық бағыт бойынша кең көлемді зерттеу жүргізді. Бұл зерттеу жұмыстарына Қазақ ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев тікелей қолдау көрсетті. Сөйтіп, зерттеулер нәтижесінде полигонның жергілікті тұрғындарға зияны жөнінде аса құнды талдаулар мен деректер алынды. Ядролық полигон маңындағы тұрғындардан адам организміндегі патологиялық ауытқу құбылысына байланысты «сәулелік ауру» анықталды. Оны «Қайнар синдромы» деп атады. Бұл медицина ғылымына жаңа термин болып енді. Ғалым экспедициядан оралғаннан кейін атом бомбасының азабын тартып отырған халықтың шындығын республика басшылығына жеткізді. Мәскеудегі жоғары билік өкілдеріне де мәлім етілді.
Айтулы академик көзі тірісінде белгілі қаламгер Қорғанбек Аманжолға берген сұхбатында («Егемен Қазақстан» газеті, 08.09.2008) былай дейді: «Әрине, республика басшылығы біздің ғылыми мәліметтерімізге түсіністікпен қарады. Сөз етіп отырған экспедиция нәтижелері Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіндегі арнайы кеңестерде әскери-өнеркәсіп кешен өкілдерінің қатысуымен екі мәрте талқыланды.Біздің өтінішімізге қарай Қазақстан басшылығы 1958 жылы одақтық үкімет алдына Семей облысының кейбір аудандарына атом бомбасы сынақтарының зардап шегушілер ретінде көмек көрсету жөнінде мәселе қойды. Көп ұзамай Алексей Косыгин қол қойған зардап шегуші аудандарға материалдық жеңілдік туралы қаулы қабылданды. Алайда кейіннен әскерилердің қысымымен бұл құжаттың күші жойылды».
Шынында, бұл ғылыми-зерттеулер іс жүзінде әскерилердің Семей полигонындағы сынақтар зиянсыз деген тұжырымын жоққа шығарды. Бұған олар қатты ызаланды. Түрлі қарсылық көрсетті. Басқалар тарапынан: «Б.Атшабаров экспедициясының ғылыми зерттеулерінің бағдарламасына қасақана атом қаруы сынақтарының адамдар денсаулығына зиянды әсерін ашуды мақсат етіп қойған. Ал бұл Кеңес мемлекетінің мүдделеріне қайшы келеді. Әлем жұртшылығы алдында КСРО-ның беделін түсіреді» деген теріс пікір туғызды. Тіпті Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтан талай мәрте зерттеудің тоқтатылуын талап етті.
Бір жағынан, бұл ғылыми экспедицияның зерттеулер қорытындысы республика мен КСРО басшылығына жария болғандықтан, әскери-өнеркәсіп кешені өкілдеріне қатты ықпалы тиді. Енді олар аяғын тартып, абайлап әрекет етті. 1961 жылдан бастап, өте қауіпті жер бетіндегі жарылысты тоқтатты. 1962–1963 жылдары кеңістіктегі сынақтарға көшті. Содан кейін тек жерасты сынағы өткізілетін болды. Бірақ Б. Атшабаровтың бұл еңбегі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана айтыла бастады.
Бұл – ғалымның бірінші ерлігі. Енді екіншісін айтайық.
Өткен ғасырда қазақ жұрты адам сенгісіз түрлі зардапты бастан кешті. Әсіресе 20-30 жылдардағы байлардың мал-мүлкін тәркілеу, аштық, қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс халықты тым тұралатып жіберді. Тұрмыс төмендеді. Соның салдарынан тұрғындардың денсаулығы нашарлады. Оған қарайтын ешқандай жағдай болмады. Тек алпысыншы жылдардан бастап қана, ел жағдайы оңала бастады. Медицинаға мән берілді. Білімді мамандар қалыптасты. Ал денсаулығы нашар халықтың болашағы бұлыңғыр. Мұны дәрігер-ғалым жақсы түсінді. Сондықтан ол барлық саналы ғұмырын медицина ғылымына арнады. Ұлт денсаулығын нығайтуға күш салды. Мәселен, 50 жылдары туберкулезбен ауырып, одан өлу көрсеткіші елімізде Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда 15 еседен асып түскен. Жылына осы дертпен 11-12 мың адам ауырған. Сондай-ақ бруцеллез ауруы да бұрынғы Одақ бойынша 7-8 есе артық болған. Балалардың да өлім-жітімі де көп кездескен. Қысқасы, осы жағдайлардың бәрі ғалымды қатты алаңдатқан. Оның негізгі ғылыми жұмысы: еңбек гигиенасы, кәсіби аурулар, әсіресе қорғасыннан улану кезінде зақымданған жүйке жүйесінің патогенезі мен клиникасына арналған. Бұл бағытта біраз жобаны іске асырды. Отыз жылдан аса уақыт еліміздегі аймақтық патология ғылыми-зерттеу институын басқарды. Осы жылдары ғалымның тікелей бастамасымен летоспироздың, бруцеллездің эпидемиологиясы мен клиникасы, аллергология мен иммунология, өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы еңбек гигиенасы мен кәсіптік патология, эндемиялық зобтың, шипажайтану мен тағам гигиенасының, туберкулез эпидемиологиясының, әлеуметтік гигиена секілді медициналық бағыттар қалыптасты. Кейін аталған бағыттары жеке ғылыми-зерттеу орталықтарына айналды.
Бұл туралы мемлекет және қоғам қайраткері, академик Төрегелді Шарманов көзі тірісінде ғалым туралы жазған мақаласында: «Бұлардың көпшілігі – Бахия Атшабаровтың жеке ынтасымен көтеріліп, дамыған салалар еді. Бір ғана ғылыми тұжырымдамасы – қорғасынның салдарынан уыттануды жою жолдарын қарастырсақ, осы орайдағы денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізген тиімді іс-шаралардың халық денсаулығына тигізген әсері зор болды. Бұл кез келген ғалым үшін мақтан болары сөзсіз. Оның мұндай еңбектерінің саны мол еді», депті.
Анығын айтқанда, академик Атшабаровтың ұлт денсаулығын нығайтуға байланысты көтерген маңызды мәселелері әлі де өзектілігін жойған жоқ.
Бірақ еліміз үшін осындай қыруар еңбек жасаған тұлғаны қалай дәріптеп жүрміз? Бұл жағынан келгенде күмілжіп қаламыз. Былтыр біртуар ғалымның туғанына 105 жыл толды. Алайда айтулы датаның өз деңгейінде атап өтілгенін естіген жоқпыз. Бахия Атшабаров – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында туған. Майдангер. Соғыстағы ерлігі үшін бірнеше орден-медальмен марапатталған. Бір сөзбен айтқанда, биік тұлғаның барлық саналы өмірі тек ғылыммен ғана байланысты. Оның көзі тірісінде 200 ғылыми еңбегі жарияланған. Соның ішінде 11 монография мен 7 авторлық куәліктің иегері. Академиктің жетекшілігімен 15 докторлық, 35 кандидаттық диссертация қорғалған. Ал Бахия атамыз өмірде өте қарапайым болған. Дүниеге, қызметке қызықпаған. Адалдықты ғана мұрат тұтқан. Ғылымды бәрінен биік қойған.
Бұл туралы ғалымның жерлесі Рымбек Төребекұлы әңгімеледі. Бұл қария қазір елордада тұрады. Жасы 90-ға тақаған. Кен инженері болып істеген.
– Бахия аға екеуміз бір ауылданбыз, – деп бастады сөзін ақсақал. – Қазақша айтқанда, жақын туыспыз. Оның үстіне ауылда анасымен көрші тұрдық. Анасы өте сабырлы, байыпты адам болатын. Сол қасиеті баласына да дарыған. Бахия аға да ешқашан асып-таспайтын, парасатты еді. Аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың рухтас інісі болды. Өмірден көргені көп. Ол кісінің әңгімесін тыңдағанда ғажап күйге бөленетін едім. Меніңше, Абай атамыздың «Толық адам», Шәкәрімнің «Кемел адам» деген ұғымына оның болмысы толық сай келеді.
Әсіресе Семей ядролық полигонын зерттеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысында әскерилердің «Атом бомбасының адамдарға ешқандай зияны жоқ» деген тұжырымды жоққа шығарған ерлігін ерекше айтамын. Мұның дабылы Мәскеуге жетті. Олар тәуелсіз комиссия жіберуге мәжбүр болды. Тәуелсіз комиссия ғалым жетекшілік жасаған ғылыми экспедицияның зерттеу нәтижесін дұрыс деп бағалады. Бірақ осы үшін ол біраз қиындық көрді. Түрлі кедергіге тап болды. Жақын жүрген кейбір әріптестері сатып кетті. Бахия ағаның өзіне түрлі ұсыныс айтылады. Бірақ ол оның бәрінен бас тартып, өз ұстанымынан қайтпады. Міне, қандай қайсар, табанды азамат болған», деді қарт күрсініп.
Рымбек ақсақалдың жасы біразға келсе де академиктің есімі ескерусіз қалмасын деп жүгіріп жүр. Бірақ нәтиже аз. Біраз есікті де жағалап, табанын тоздырған.
«Мәселен, Семейде ядролық орталық ашылды. Меніңше, осыған Бахия Атшабаровтың есімі сұранып тұр. Осы мәселені көтеріп, Денсаулық сақтау министрлігіне бардым. Бас шаһардан академик есіміне көше беру туралы Астана әкімдігіне де хат жаздым. Елорда әкімдігі қарастырамыз деп қуантып қойды. Сондай-ақ Алматы қаласы мен Қарағанды облысы әкімдігіне де хат жолдадым. Олардан да жақсы хабар күтіп отырмын. Біз Бахия Атшабаровтың ерлігін толық бағаламай жүрміз. Соған өзегім өртенеді. Мұндай тұлғалар сирек дейді», ақсақал.
Бірақ ғалымның аты мүлде елеусіз қалды дей алмаймыз. Ұлт қайраткерінің көзі тірісінде, яғни 2009 жылы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетінде Бахия Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институты ашылған. Қазір де бұл институт жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Семей медицина университетінде 2012 жылдан бері, Б.Атшабаров атындағы дәстүрлі ғылыми-конференция өткізіліп келеді.
Алайда академиктің баласы Айдар Атшабаров әкесінің дүниеден озғанына 15 жыл өтсе де әлі күнге дейін Алматы қаласы мен Қарағанды, Абай облысы орталығынан көше аты берілмегеніне көңілі қамығатынын айтады.
«Менің әкем 2010 жылы дүние салды. Содан кейін ол кісінің есімін есте сақтау туралы Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысы мен Қарағанды облысы әкімдігіне хат жаздық. Қарқаралы ауданы әкімдігіне де хат жібердік. Бұл хатқа С.Зиманов, К.Сағадиев, Ә.Нұршайықов секілді танымал тұлғалар қол қойды. Қазір осы хатқа қол қойған қайраткерлердің біразы өмірде жоқ. Әкемнің көзін көрген замандастары да азайды. Кейін көше атауларын беруге байланысты бес жылға дейін мораторий жарияланды. Содан кейін бәрі аяқсыз қалды. Ештеңе өзгермеді. Бірақ әлі күнге дейін үмітімізді үзген жоқпыз. Сондықтан Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды және Абай облысы орталығынан әкесінің есіміне көше аты берілсе артық емес еді», деді ол.
Бір сөзбен айтқанда, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Бахия Атшабаровтың ел алдындағы атқарған еңбегі өте зор. Кеңес империясының ызғарынан қорықпай, ядролық полигонның зардабын ашық айтты. Ұлт мүддесін сатпады. Мұны азаматтық ерлік деуге болады. Осындай тұлғаларды ұмытуға болмайды. Бұл – елдігімізге сын.
Азамат ЕСЕНЖОЛ