Әлеумет

Азаматтық форум – ауқымды сұхбат алаңы


Кеше Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VI Азаматтық форумы өз жұмысын аяқтады. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық альянсы ұйымдастырған шара екі күнге созылды.  Алқалы жиында «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы аясындағы азаматтық қоғам және заманауи сын-қатерлер»  тақырыбы кеңінен талқыланды. Форумға еліміздің  әр өңірінен жиналған  ірі үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, Үкіметттің, Президент әкімшілігінің ,  сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері  қатысты.

Жиынның жалпы отырысын ашқан  Қазақстанның Азаматтық альянсының басшысы Нұрлан Ерімбетов 2003 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан аталмыш форумға бүгінде шетелдік және халықаралық ұйымдар назар аударып, қызығушылық танытатынын  айтты. «Сондықтан бүгінгі басқосуымызға Орталық Азия аймағы елдерінің делегациялары, атап айтқанда, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғыз мемлекетінің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері де келіп қатысуда» деді ол.
Жалпы, екі жылда бір өткізілетін Азаматтық форум  мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара пікір алысатын ашық алаңына айналып келеді. Жиында сөз сөйлеген премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев  Қазақстандағы  «үшінші сектордың» дамуы туралы және оларға  Үкімет тарапынан көрсетілетін  қолдау жөнінде атап өтті.  «Азаматтық қоғам секторларына қолдау көрсету алдағы жылдары да жалғасады.  Дайындалған «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасын талқылауға «үшінші сектор» да белсене қатысады деген сенімдемін. Бұл форум мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жүйелі жұмыс істеуіне жаңаша серпін береді» деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Пленарлық отырыста ҚР Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаев сөз сөйледі. Ол үкіметтік емес ұйымдар еліміздегі ең қарқынды дамушы институттардың бірі екенін айта келе, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға Азаматтық қоғам үлес қосатынын  жеткізді. «Стратегияның басты миссиясы –  отыз  дамыған елдің қатарына қосылу. Бұл мемлекет пен қоғамнан жауапкершілік пен бірлескен ынтымақтастықты талап етеді»  деді ол.
Алқалы басқосуда  нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мәселесі талқыланды.   Сонымен қатар,  «Атамекен одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаев, мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев,  саясаттанушы Дос Көшім және еліміздің әр өңірінен келген  делегаттар сөз сөйледі.
Азаматтық форум аясында үкіметтік емес ұйымдар мен бірлестіктер өкілдері еліміздің министрліктері мен ведомстволарының басшыларымен де кездесті. Кездесу барысында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында келешектегі жұмыс арналары туралы сұрақтар талқыланды. Ал, форумның екінші күні арнайы тақырыптық секциялар ұйымдастырылды.  Онда мемлекет пен ҮЕҰ-ның өзара  қызметінің заңдық негіздерін жасау, халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық орнату, қоғам алдында есеп беру тетіктері мен қағидаларын дамыту мәселелері қарастырылды.
Форум соңы азаматтық қоғам қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдардың дәстүрлі «Таным» сыйлығын салтанатты тапсыру рәсіміне ұласты.


Жаннет КЛЕТЦЕР,

ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы орталығы жетекшісінің орынбасары:
–Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар қарқынды дамып келеді. Олардың қызметін жандандыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Бұған үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша ойдағыдай жұмыс істей бастағанын айтуға болады.

Жақсыгүл МАХАНБЕТОВА,
Маңғыстау облысы альянсының төрайымы:
Үкіметтік емес ұйымдарды дамыту – маңызды мәселе. Біздің жұмысымыз «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында көрініс тапқан. Осы құжатта қоғамдық ұйымдардың маңыздылығына қаншалықты көңіл бөлінгенін көруге болады. Стратегиялық маңызы зор құжатта көрсетілген қоғамдық ұйымдардың жұмысына қолдау көрсету – кез келген проблемаға немқұрайлы қарай алмайтын әрбір азаматтың міндеті.

Аслан ДАБЫЛОВ,
«Жаңа өмір» белсенділікке бейімдеу орталығының төрағасы:
Мүмкіндігі шектеулі жандар кез келген қамқорлыққа, мейірімге зәру екенін білесіздер. Жақында Тұңғыш Президент қорының бастамасы аясында біздің қоғамдық бірлестік арнаулы жоба бойынша жеңімпаз атанды. «Жаңа өмірде» бес клуб жұмыс істейді. Оларда мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған түрлі үйірмелер бар. Осы уақытқа дейін ұйым жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

Тәбия ЖАНМУРЗИНА,
«Ілтипат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
Азаматтық ұйымдар – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Үкіметтік емес ұйымдардың рөлі жылдан-жылға артып келетінін айту керек. Олар тек қана ірі қалалар ғана емес, ауылды жерлерде де жұмыс істеп, халыққа жәрдем беруде. Әрі үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет арасындағы әріптестік қарым-қатынас қалыпты дамып келеді деп айтуға болады.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button