#Жаңа Қазақстан

Азаматтық қоғам – әділетке бастар жол

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының XX сессиясы «Жаңа Қазақстан – азаматтық қоғамы мықты тиімді мемлекет» деген тақырыпта өтті. «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен жиынға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА төрағасының орынбасары Берік Жәкенов төрағалық етті. Сонымен қатар сессияға Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттары, Президент Әкімшілігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, мемлекеттік органдар, елордалық этномәдени бірлестіктер, елордадағы ҚХА ғылыми-сараптама тобы, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі және Жастар қанатының өкілдері қатысты.

[smartslider3 slider=3275]

 

Сессия барысында мемлекеттік тілді дамыту, патриоттық тәрбие, мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың өзара іс-қимылына қатысты мәселелер сөз болды. Қала дамуына қатысты биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыстарды қорытындылай келе, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов елордалық ҚХА қызметінде оң динамика байқалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бас қалада соңғы үш жылда 5 жылдық тұрғын үй құрылысы жүргізілгенін алға тартқан ол соның нәтижесінде 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін жеткізді. Бүгінде 3-ЖЭО құрылысы қайта жанданып, жауын-шашын суына арналған кәріз жүйесі, сорғы-сүзгі стансасы салынып жатыр, үш газ қазандығының, кәріз-тазарту құрылғылары мен «Арай», «Жұлдыз» және «Наурыз» ішкі электр стансаларының жобалары жасалуда.

– 2019-2021 жылдары тұрғын алаптарда 25 көшеге тасжол төселді. 50 шақырымнан астам инженерлік желі құрылысы аяқталып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебімен салынған құрылыстарды қоспағанда, 2 мектеп, 2 спорт кешені ашылды. Алматы мен Сарыарқа аудандарының барлық 10 тұрғын алабы толығымен газбен қамтылды. 680 шақырым газ тарату желілері салынды. Биыл Байқоңыр және Есіл аудандарын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы үш жылда ұзындығы 165 шақырым 300-ден астам көше салынып, жөнделді, екі автомобиль көпірінің құрылысы жүргізілуде, биыл Ұлы Дала даңғылы бойындағы көпір құрылысы аяқталады. 500-ге жуық аула мен 85 қоғамдық кеңістік, сквер, шағын парк пен балалар спорт алаңы абаттандырылды. Биыл тағы 250 аула мен 300 қоғамдық кеңістік салып, абаттандыру жоспарланған, – деді Б.Жәкенов. Ол сондай-ақ елорданың барлық коммуналдық мемлекеттік мекемелері қызметкерлерінің жалақысы көтерілгенін жеткізді. Бұл мәдениет нысандарының, музейлердің, театрлардың, сонымен қатар әкімдік жанындағы Қоғамдық келісім мекемесінің қызметкерлеріне де қатысты.

ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Индира Рыстина ҚХА қызметінің негізгі бағытына және Қазақстан қоғамында тұрақтылықты сақтауға бағытталған барлық тетіктердің тиімді жұмысы бойынша ҚХА-ның ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы қойған міндеттердің орындалуына ерекше назар аударып, сол тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындау өңірлік ассамблеялардың басты міндеті екенін атап өтті.

«Тұран-Астана» университетінің кафедра меңгерушісі, доцент Владимир Шнайдер қазақтың мәдениеті мен әдебиеті, тілі мен салт-дәстүрін бойына сіңіріп, бүкіл саналы өмірін білім саласына, қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын даярлау ісіне арнағанын баяндады.

– 29 сәуірде елордамызда Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының XXXI сессиясының тақырыбын «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» деп алуының да терең мәні бар. Сол арқылы қазақ жері, көпұлтты қазақстандықтар үшін маңызды әрі мағынасы терең татулық пен бейбітшілік тәрізді рухани дүниенің қоғамымыздың дамуына, «Жаңа Қазақстан» құруда басты ұстанатын принципіміз болып табылатындығына аса назар аударды. Мемлекет басшысы «бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз» деді. Оның айрықша маңызды екенін «Қаңтар оқиғалары» кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізден айырылып қала жаздадық. Халқымыз «Қаңтар қасіретінен» сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз» деген сөздері арқылы мемлекеттілігіміздің тірегі осы бейбіт өмір мен әралуынды халқымыздың бірлігі, оны үнемі нығайта түсу керек және соған бар күшімізді жұмсауымыз қажет екенін баса атап өтуінде үлкен мән бар, – деді ол.

«Юнчи» дұнғен этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, «ОСК-Стройсервис» ЖШС бас директоры Даут Генхузов алдағы уақытта демократиялық бастамалар арқылы еліміздің саяси өмірінде оң өзгерістер боларына сенетінін айтты.

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының 31-сессиясында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді ұсынған болатын. Референдум өтті, халық өз пікірін білдірді. Енді Қазақстан дамыған және әділ мемлекетке айналарына сенімім мол. Оның әрбір азаматына бірдей мүмкіндік беретіндігіне өз өмірімді мысал етіп, дәлелдей аламын, – деді ол сөйлеген сөзінде.

Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесіне үшінші жыл жетекшілік етіп келе жатқан Алтынай Тәңірбергенованың айтуынша, аталған кеңес елімізде азаматтық қоғам белсенділігін жандандыруға, мемлекет пен қоғам арасындағы саналы және конструктивті серіктестікті бастауға ықпал еткен.

– Үш жыл бойына біз көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарды белсенді әлеуметтік өмірге тарту бағытында бірқатар жобаны жүзеге асырдық. «Ана-тайм» жобасы аясында 120 әйелді кәсіпкерлік негіздеріне үйреттік, соның арқасында 63 әйел бизнесін ашты. Ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыз арқылы ана тіліне деген құрметті арттыратын «Қара шаңырақ мектебі» жобасы Тілдерді дамыту басқармасымен бірге жүзеге асып жатыр. Қазіргі таңда әлемде болып жатқан жаһандық үдерістердің қарқыны көз ілеспестей жылдам. Балаларымыз ақпараттық құралдарға көп көңіл бөліп, виртуалды әлемде өмір сүреді. Мұндай жағдайда ең басты мәселе – ұлттық болмыс пен мазмұнды сақтап қалу. Қазақстан қоғамының рухани әлеуетін көтеру – бүгінде өзекті тақырып, – деді А.Мұратжанқызы.

«Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА медиа-орталығының басшысы Равиль Валеев аталған орталықтың биылғы бірінші жартыжылдықта үш отырысы өткенін жеткізді.

– Елордадағы ҚХА-да 21 этномәдени орталық бар. Олардың әрқайсысының әлеуметтік желіде парақшалары жұмыс істейді. Сол арқылы да біз ұлттар арасындағы татулықты сақтап, этностар арасында араздық тумауына насихат жүргіземіз. Біздер үшін Қазақстаннан басқа Отан жоқ және болмайды да. Бәріміз білуге тиіс маңызды жайт – осы. Бүгінде біз конституциялық референдумнан кейін жаңа мемлекеттік үлгіге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы бойынша жаңа форматқа көшудеміз. Қоғамдағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту және пікірлесу мәдениетін қалыптастыру мұның бәрі де халықтың игілігі үшін қажет» деп атап өтті Р.Валеев.

Сессия барысында Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА төрағасының 2022-2023 жылдарға арналған қоғамдық орынбасарлары сайланды. Бұл қызметтерге Жастар сарайының директоры, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚХА кеңесінің мүшесі Сергей Солодовников және Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пак лайық деп танылды. Сессия соңында елордалық ассамблея белсенділері этносаралық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі және елорданың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталды.

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button