Қала мен Сала

Азаматтық қоғам – мемлекет тірегі

Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай елордада үкіметтік емес ұйым мен ынтымақтастық жөніндегі өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі консультативтік кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында қаланың белсенді азамат­тары мен азаматтық қоғам өкілдері бас қосты.

Іс-шараның шымылдығын ашқан қалалық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мирас Әбдірахман биыл үкіметтік емес ұйымдардың қатысумен 54 жобаның жүзеге асуы жоспарланып отырғанын сөз етті.

«Кез келген мемлекеттің тірегі – азаматтық қоғам. Үкіметтік емес ұйым өкілдері халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық ­диалогтың қалыптасуына ықпал етеді. Қоғамдық ұйымдардың араласуымен елордада бірқатар түйткілді мәселе шешімін табуда. Мемлекет үшін қызмет етіп жүрген азаматтардың арқасында айтулы нәтижелер бар. Жыл сайын үкіметтік емес ұйым өкілдері ұсынған жобалар саны артып келеді. Былтыр елордада үкіметтік емес ұйымдар қатысуымен 35 әлеуметтік жоба іске асты. Азаматтық институттардың дамуына бағытталған жобалардың тиімді екені сөзсіз» деді М.Әбдірахман.

Қазақстан азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева мемлекет пен азаматтық белсенділік арасындағы қарым-қатынастың маңызына тоқталды. Өз сөзінде спикер Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні 2014 жылы БҰҰ отырысында алғаш рет бекітіліп, бүгінде заңнамаға сәйкес үкіметтік емес ұйымдар әртүрлі бағытта жұмыс істеп, қоғамға берер пайдасымен әлемде өз орнын айқындағанын атады.

«Елордада 3 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның 1 мыңға жуығы белсенді жұмыс істейді. Осы ұйымдардың қатысуымен жүзеге асатын жобаларды жоспарлайтын консультативтік кеңес бар. Оның отырыстары аясында жобалар нақтыланып, бекітіледі. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында мұндай ұйымдар 19 бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде денсаулық сақтау, жастар саясатын жүзеге асыру, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көмектесу секілді бағыттар бойынша жүйелі жұмыс атқарылады» деді өз сөзінде Қазақстан халқы ассамблеясы үкіметтік емес ұйым секторымен жұмыс бөлімінің басшысы Айдана Қамзаева.

Жиын соңында қаладағы бірқатар белсенді үкіметтік емес ұйымның өкілдері алғыс хатпен марапатталды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button