#Жаңа Қазақстан

Азаматтық қоғам қалай өзгереді?

Елорда әкімдігінің Жоғары көлік және коммуникациялар колледжінде қаладағы ҮЕҰ және жастар ұйымдары өкілдері «Референдум өткізудегі азаматтық қоғам рөлі» атты дөңгелек үстелде бас қосты.

[smartslider3 slider=2971]

 Жиынды ашқан  колледж директоры, қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлфухар ­Ғайыпов биыл 5 маусымда араға 27 жыл салып екінші рет өткізілгелі отырған референдумның еліміздің саяси өміріндегі маңызына тоқталды.

– Референдум бойынша республикалық штаб құрылды, оның Нұр-Сұлтан қаласында да өкілдігі ашылды. Оған 11 адам кіреді. Бүгінгі жиналуымыздың басты себебі – елімізде болып жатқан саяси үлкен реформаларды халыққа барынша ұғынықты етіп түсіндіру. 16 наурызда Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еліміздің саяси өміріне өзгеріс енгізу керектігін атап өткені мәлім. Өздеріңіз білесіздер, жылдың басындағы қаңтар оқиғасы жоғары биліктің бір қолға шоғырлануының нәтижесінде болды. Қазіргі еліміздегі реформа 10 негізгі бағытты көздейді. Конституциялық реформа соның төңірегінде өткелі жатыр. Бұған дейін конституциямызға бірнеше рет өзгерістер енгізілді, бірақ оның бәрі парламент арқылы жүзеге асқан болатын. Республикалық штабтың елордадағы өкілеттілігі де осы бағытта жұмыстарын бастап кетті. 11-12 мамырдан бастап бұл жұмыстар қарқыны күшейе түседі. Алдымен екі аптадай халыққа түсіндіру, елдің референдумға қатысуы туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Бұл – халық пен биліктің арасындағы тікелей демократияның көрінісі, – деп сөз бастады З.Ғайыпов.

Отырысқа қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, елордадағы Әйелдер қауымдастығының төрайымы Назгүл Мақжанова референдум арқылы еліміздің алдағы жаңа өмірінің іргетасы қаланатынын жеткізді.

– Осы жерде жиналған әрбір азаматтың артында үлкен бір қауым ел, соңынан ерген қоғам мүшелері бар. Халыққа референдумның маңызын тікелей жеткізу арқылы елдің азаматтық белсенділігін арттыруға үлес қоса алатын мүмкіндіктеріңіз зор. Еліміздің алдағы өміріне әрбір азаматтың тікелей ықпал ете алатынын түсіндіруіміз керек. Азаматтық қоғам ұйымдарының басшылары ретінде бұған дейін өздеріңіздің біліктіліктеріңізді дәлелдеген, көшбасшылық қасиеті басым жандарсыздар. Сондықтан осы саяси науқан кезінде сіздерге артылар жауапкершілік те зор болады. Халық арасында 5 маусым референдум өткесін, келесі күні біз басқа мемлекетте оянамыз деген қате түсінік бар, алайда енгізілетін өзгерістер нәтижесі бір күнде бола қоймайды, біртіндеп және барша халықтың ауыз біріктіруімен ғана жүзеге асады, ештеңе өздігінен болмайды, білек сыбана жұмыс істеу қажет, соны елге түсіндіруге тиіспіз. Бұл істе халық арасынан шығып, елдің жайын жақсы білетін Азаматтық қоғам ұйымдарының көмегі өте қажет, – деді мәслихат депутаты.

Бұрын елімізде сайлау партиялық тізіммен өткізілді. Енді аралас басқару жүйесін енгізу көзделіп отыр. Бұл – ҮЕҰ мүшелері де мәслихатқа да, мәжіліске де сайлана алады деген сөз. Сондықтан дөңгелек үстелге қатысқан азаматтық қоғам ұйымдары басшылары алда болғалы тұрған саяси өзгеріс­терді қолдайтынын жеткізді. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тарапынан әсіресе, жиынға қатысқан 20-ға жуық ҮЕҰ мүшелері атынан референдумды өткізу, халыққа түсіндіру жұмыстары кезінде болатын кедергілер мен қиындықтарға байланысты оңтайлы шешімдерді көрсететін ұсыныс-тілектер де айтылды. Атап айтқанда, референдум кезінде дауыс беру учаскелерінде халыққа, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасау, референдум өтетін сәтте қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button