Басты ақпаратҚоғамСаясат

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ

Астанада Үкіметтік емес ұйымдардың VII қалалық форумы өтті. Азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы ашық диалог алаңында Парламент Мәжілісінің депутаттары мен әкімдік өкілдері 250-ден аса қоғамдық бірлестік мүшелерімен кездесті. Алқалы жиында Астанадағы үкіметтік емес ұйымдардың тыныс-тіршілігі баяндалып қана қоймай, ең үздік 10 әлеуметтік жоба марапатталды.

 ЕЛОРДАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА БЕЛСЕНДІЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ

«Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде Астанада 2300-ден аса үкіметтік емес ұйым тіркелген. Алайда олардың жүз шақтысы ғана белсенді жұмыс істеуде. Өкініштісі, бірлестіктердің көбі мемлекеттік қолдауға ие болған соң жұмыс қарқынын бәсеңдетіп, жоспарлаған нәтижені көрсетпей жатады. Заң бо­йынша бұл үшін жауапқа тартылмаса да, Үкімет шығындарын ақтамайтыны анық. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың белсенді болғаны жөн. Өйткені үкіметтік емес секторды қаржыландыруға биыл 523 миллион теңге бөлінген. Үкіметтік емес ұйымдардың бастамасын қолдау жөніндегі бұл көрсеткіш Астананың рес­публика бойынша 8-орында тұрғанын айғақтайды. Қазіргі күні қаламызда ҮЕҰ қатысуымен 52 жоба іске асырылып жатыр» дейді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Каналимов.
Ең алдымен ол Астана қала­сы әкімі Әсет Исекешев­тің құттықтау хатын оқып берді. «ҮЕҰ, ең әуелі, аза­маттық қоғамның дамуы­на, елорда өңіріндегі көптеген әлеуметтік маңызды мәселелердің шешілуі­не өзіндік үлес қосып келеді. Елбасымыздың тапсырмасымен Астанада үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі форум елордадағы азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасындағы байланысты жақсартатын тиімді мәселелер талқыланатын алқалы диалог алаңы болады деп сенемін. Осы жерде айтылған барлық мәселелер жіті қаралып, оны іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берілетін болады» делінген қала әкімінің құттықтауында.

ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Форум барысында бірқатар түйткілді мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, Астанада ҮЕҰ-ға арналған орталық құру тақырыбы жыл сайын қозғалатын. Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Каналимов аталмыш мәселені айналып өтпеді.
– Қала әкімінің тапсырмасымен бұл жаңа ғимарат Шұбар шағын ауданында орналасады. Бүгінде 400 шаршы метр ауданды алып жатқан Үкіметтік емес ұйымдар үйінің ғимаратын безендіру жүріп жатыр. Бұл мекеме азаматтық бастамалардың орталығы болмақ. Әзірге жаңа қонысқа қай бірлестіктер көшіп баратыны белгісіз. Бұл тізім ҮЕҰ кеңесінде бекітілмек. Сонымен бірге, жылдың соңына дейін ашылғалы тұрған мекеме базасында жұмыстың сапасын көтеріп, жекелеген қызметтер бойынша кеңес беретін ресурстық орталық ашу жоспарланған, – дейді басқарма басшысы.
Әлеуметтік маңызды жобалар жәр­мең­­кесінде ұсынылған 30 бастаманың ең үздік деген он жобасы анықталды. Қала әкімдігі тарапынан озық саналған идеялар енді 25 қарашада өтетін Үкіметтік емес ұйымдардың республикалық форумында таныстырылады. Мәселен, «Астана ҮЕҰ форумы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Баян Ахметжанова:
– Мемлекет бізге не береді? Еліміздің өркендеуіне біз қандай үлес қоса аламыз? Екі жылда бір рет өткізілетін форум өмірді жақсартудың жолдарын айқындайды. Бұл өз кезегінде түрлі әлеуметтік жобаларды қамтиды, – дей келе, қалалық форумға қатысқан өз жобасы туралы айтып берді.
Үздіктердің қатарына енген Баян Ахмет­жанованың жетекшілігіндегі әлеуметтік жоба «Ардагер» қоғамдық бірлестігін жандандыруды көздейді. «Скандинавтық жүріс – жаралар мен семіздіктің жаңа панацеясы» аталатын идея ұсынылған. Бұл жоба зейнеткерлердің физикалық белсенділігін көтеріп, оларды қаланың қоғамдық өміріне кеңінен аралас­тыруды көздейді.
«Скандинавтық жүріс 1990 жылдың соңында танымал бола бастады. Спорттың бұл түрі жас талғамайды, жасына да, жасамысына да пайдалы. Жүріс кезінде дененің 90 пайыз бұлшық еті іске қосылып, ширатылады, шынығады. Жүріске арналған арнаулы таяқшалары әдетте алюминийден, көміртекті пластиктен, композиялық материалдардан жасалады. Ардагерлерді скандинавтық жүріске баулу арқылы олардың «әдемі қартаюына» жағдай жасаймыз» дейді жоба жетекшісі. Сонымен бірге, ол әр адам зейнетке шыққаннан кейін өз қабілеттерін еркін пайдалануға мүмкіндік алатынына сенімді. Яғни, пайда болған демалыс уақытын тиімді үйлестіру керек. «Бұл кезекте жобамыз зейнеткерлерге құқықтық білім, ақпараттық технология, психология, шет тілі секілді қажетті сабақтарды оқытып қана қоймай, олардың өздеріне деген сенімділігін арттыруға арналған» дейді Баян Теміртасқызы.

 ЖЕТІМДІК КӨРСЕТКІШІ ТӨМЕНДЕП КЕЛЕДІ

Сондай-ақ, форум барысында бала құқығын қорғау секілді қоғам өміріндегі өзекті тақырыптың бірін Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева тарқатты.
– Бүгінде мемлекетімізде балалардың өміріне алаңдаулы тілекші жандардың көптігі қуантады. Кішкентайлардың жағдайына бей-жай қарамайтын саналы кісілер өз алдарына сәбилерге көмектесу міндетін қойып жатыр. Ең бастысы, қоғамның осал тұсын дөп тауып, Үкіметке жеткізгеніміз абзал, – деген Зағипа Балиева форумға келушілерді 21-22 қарашада өтетін халықаралық конференцияға қатысуға шақырды.
Депутат келтірген ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда бес жарым миллион бала бар. Еліміздегі жетімдік көрсеткіші де жыл сайын азайып келеді екен. Мәселен, әке-шешенің қамқорлығынан айырылған 29 мың жетім баланың 21 мыңын қайырымды жандар асырап алған. Мәжіліс депутаты республика халқы қалған сегіз мыңын да жатсынбай, бауырына басатынына үміт білдірді.
– 2016 жылдың алты айлық қорытындысы балалар арасындағы өлім-жітім 2905 адамға жеткенін көрсетті. Ауру-сырқауларға байланысты өмірмен қоштасқан балақайлардың саны екі жарым мың болса, жол-көлік оқиғасы салдарынан 95 бала қаза тапқан. 78 бала суға батып өлсе, 80 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл – біздің, ересектердің кінәсі дейді. Біз баланың жаны қиналғанын сезуіміз керек, оның ішкі дүниесіне көбірек көңіл бөлуіміз керек.
Мәселен, Норвегиядағы статистиканы үлгі еткім келеді. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Норвегияда бір де бір бала жол апатына ұшырамаған. Осындай жетістікке біз жете алмаймыз ба? – деді Зағипа Балиева.
Айтқандай-ақ, форум соңында марапаттау рәсімі өтті. Топты жарған жоба­лар қатарында қоршаған ортаны қорғау, қызмет көрсету саласын дамыту, кәсіпкерлік мектебін қалыптастыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолұшын беру, бос жұмыс орындарын қалыптастыру секілді түрлі идеялар аталып өтті.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button