Басты ақпаратЖаңалықтар

АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ

Жерге түскен қасиетті төрт кітаптың бірі «Ең әуелі сөз болған, ол сөз – Құдай еді!» деп басталады ғой. Сол сияқты Ақмоланың астанаға айналатыны ең әуелі ел ішінде сөз болып еді. Ол сөз және тура еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан айтыла бастады. Сөздің шындыққа айналатынын, сөздің – Құдай екенін сонда алғаш көз жеткізген едік. Ал сөз иесі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Арада жеті жылдай уақыт өткенде ел шетіндегі елеусіз Ақмола қаласы – Ұлы дала ұрпақтарының ұлттық келбетіне айналды, қалың қазақтың қорғаны болып құрылды.

ERM_6452

Тәуелсіздік тарихындағы ұлы кезең

Елордаға елдің туы тігіліп, көк байрағымыз биікке көтерілгенде, Көк бөрінің рухы мен Ақ барыстың айбары да қоса атойлап еді-ау. Сол кезде Ақмола өңіріне, сарыарқаның шұрайлы даласына ежелден көзін тігіп жүрген көп дұшпанның мысы кәдімгідей басылып қалды, дымы құрыды. Елорданы ауыстырудағы ең әуелгі мақсат та тәуелсіз елдің іргесін бекемдеу болатын. Бірден осындай ұлы міндетті мойнына жүктеген Астана алты Алаштың аласарып қалған айбынын асқар шыңға көтеріп, «Көкте Күн, жерде Ғұн» болған замандағы ата-бабаның алапат рух-күшін қайта аспандатты. Жетпіс жыл жүнделген жігерге жан бітті, қазақтың қанындағы қасиет тірілді.«Бөрілі менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым» деп Сүйінбай атамыз жыралағандай, Ақмола төсінен көтерілген Бөрілі байрақ қалың қазаққа кімнің ұрпағы екенін есіне түсірді. Тәуелсіздік тарихындағы бұл кезең – ұлы кезең болғаны сөзсіз. Ел тағына отырған кезде Елбасы да осыны бір мақсат қылған болуы керек, әйтпесе елдің рухын көтермей, ұлы істерге бастау мүмкін емес еді. Содан кейін елде үлкен реформалар қолға алынды. Ұлттың ішкі қуаты артқаннан кейін экономикалық табысымыз да еселене түсті. Халықтың әл-ауқаты көтерілді. Осындай ұлы қозғалыстың бәрі бір эпиорталықтан – Елбасы мен елордадан бастау алған. Жастық жігермен қарыштап алға басқан жас Астанаға әлемдегі алып елдердің қалалары еріксіз мойын бұрып қарауға мәжбүр болды.
Үлкен жетістіктер кейде соған лайық ерлікті талап етеді. Тақыр жерден жаңа бой көтерген әлсіз елдің астанасын көшіру, айтуға ғана оңай іс қой. Осы идеяны жүзеге асыру үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа қаншама ерік-жігер, табандылық пен батырлық қажет болғанын сезінудің өзі қиын. Сондықтан «Елорда – Елбасының ерен ерлігі!» деп жасампаз идеяның иесіне құрмет көрсетеміз. Біз түгілі, басқа елдердің мемлекет басшылары мұны ерлік іске байлайтындарын баяғыда айтқан. Достас мемлекеттердің басшылары бас қосқан үлкен жиында Өзбекстан Республикасының президенті Ислам Каримов «Қымбатты, Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен сізді батыл жүректі адам деп есептеймін. Ел үшін қиын кезеңде мемлекеттің астанасын ауыстыруға батырдың батыры ғана тәуекел ете алады» деп еріксіз мойындағаны бар. Мұндай мойындауларды біз әлемдегі жетекші елдердің қайраткерлерінің де аузынан естідік. Сол кезде қалың қазақ Елбасы үшін де, айбынды елорда үшін де ерекше мақтаныш сезіміне бөленіп еді. Біз Елбасыны бұрынғыдан да қатты құрметтейтін, бұрынғыдан да қатты сүйетін болдық. Ханды құрметтеуді, ханға шексіз бағынуды қасиетті құран да, ұлық пайғамбарымыз да міндеттеген. Құдайға қараған қазақтың осы міндетті шын ниеттерімен, шексіз сүйіспеншілікпен бұлжытпай орындайтынына еріксіз риза боласың. Әлем аударылып, төңкеріліп жатқанда Қазақ елінде мамыражай тіршіліктің салтанат құруының бір се­бебі де – қазақтың Құдайға жаққан қылы­ғынан шығар, «тәубе!» демеске амал кем.

Бар қазақтың мақтанышы

Бүгінде қазақ елінің болашағын Астанасыз елестете алмаймыз. Астана – бар қазақты біріктірген ұлттық идея! Астана – халқымыздың мақтанышы, тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры! Ұлан-ғайыр даланың шаһарлары да, сан мыңдаған халқымыз да Астанаға қарап бой түзейтін болды. Өйткені, Астана – әлемді мойындатқан қала. Елорда ең бірінші 1999 жылдың шілде айында ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген сыйлығына ие болған еді. Сол байқауда жас елорда барлық өлшемдер бойынша әлемдегі он екі қаланы басып озып, осындай мәртебеге қол жеткізді. Бұдан соң Елбасының бастамасымен 2003 жылы елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі салтанат құрды. Бұл Астананың әлемге бейбітшілік пен татулықты үндейтін тағы бір айғақтай түскен болатын. Содан бері де мұндай мәртебелі жиын елорда төрінде сан мәрте өтті. Соның бәрі жас астананың халықаралық аренадағы саяси-мәдени салмағын арттырды. Ал 2007 жылдан бастап, Астанада халықаралық экономикалық форумдар өте бастады. Әлемдегі айтулы, ірі тұлғалардың басын қоса­тын жиын әлі күнге тұрақты өткізіліп келеді.

Елорда – ел табысының айғағы

2010 жылы еліміз Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымына төрағалық етіп, жыл аяғында осы іргелі ұйымның VІІ сам­митін өткізгенде оған әлемнің 73 мемлекетінен делегаттар қатысқан екен. Дүниежүзіндегі ең беделді, БҰҰ, Еуро одақ, ШЫҰ, ТМД, ҰҚКШ сияқты ұйымдардың өкілдері сол саммитке келгенде, елордамыздың ерекше келбетіне тамсанғандарын жасырмады. Төрткүл дүниені түгел қатысқан жиыннан соң әлем халқы Астананы жер шарындағы Париж, Лондон, Хельсенки, Будапешт, Женева сияқты қалалармен қатар қоятын болды. Әлемге айтулы жиынның әсері суып болмай жатып, Астанада Ислам ынтымақтастық ұйымының жиыны да бірнеше қайтара өткен еді. Осылайша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразияның қақ ортасында біз орнатқан Астана – Қазақстан халқының дербес таңдауы. Астана – елдің болашаққа салған алтын көпірі. Жаңа қоғамның символы. Әлемнің ең айтулы жиындары, осы еуразия кіндігінде орналасқан жас астанамыздың төрінде өтетін болады» деген сөзі шындыққа айналды. Әлемнің мүйізі қарағайдай саясаткерлері мен сарапшылары, айтулы тұлғалары еуразия кеңістігіндегі ең белсенді орталық ретінде талай мәрте біздің Астанамызды атаған болатын. Мұның бәрі Елбасының ерен еңбегі һәм халықаралық қауымдастық алдындағы үлкен беделінің арқасында келген жеңіс пен табыс екеніне ешкім дау айта алмайды.
Оның алдында рухани, мәдени, экономи­калық сипаттағы халықаралық жиындар өткізіп ерекшеленген елорда 2011 жылы VІІ Қысқы Азияда ойындарының жалауын көтеріп, әлем назарын тағы өзіне аударды. Бұл тәуелсіз ел тарихындағы ең ірі спорттық оқиға еді. Жер шарының 27 елінен келген спортшылар Астана мен Алматыдағы халықаралық деңгейдегі бірегей спорттық нысандарда әділ бәсекеге түсті. Еліміздің осы Азиядада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартқан кезі – ел есінде қалған ең мерейлі сәттердің бірі.
Елордамыз әлем руханиятының іргелі орталығы болып танылғаннан кейін бізге келетін туристер саны да көбейді. Шетелдік қонақтарға көрсетілетін қызмет сапасын көтеру үшін біз бірегей инновацияға бағыт алдық. Қазір елорда «Ақылды индустрияның» алаңына айнала бастады. Алда EXPO 2017 халықаралық көрмесін өткізу міндеті тұр. Бұл әлемдік көрмені өткізу мәртебесін де біз дүниежүзінің бірнеше қаласын артқа тастап, әділ бәсекеде жеңіп алғанбыз. Көрмеде Қазақстан «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өзінің барлық инновациялық жетістіктерін паш ететін болады. Дүниежүзілік көрме Астананың атын тағы бір асқақтатып, жаңа мүмкін­діктерге жол ашып береді деген сенім мол.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button