АЗАТ ЕЛДІҢ АСТАНАСЫ
Әр елдің болашақ тағдырын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Сондай кезеңдердің бірі – астанамыздың Сарыарқа төсіне қоныстануы болды. Бұл – тәуелсіздіктің тікелей жемісі.
Ақмола жаңа астана ретінде халықаралық стандарттардың 32 параметріне, атап айтсақ, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, климаты, ландшафты, сейсмикалық жағдайы, қоршаған ортасы, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, кұрылыс кешені, еңбек ресурстары және т.б. қырынан сәйкес келді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдігіне қарамастан іске асты. Енді, міне, Астана еліміздің мақтанышына айналды. Осынау аз ғана уақыттың ішінде еліміздің бас қаласы әлемге танылды және елімізді әлемге танытты. Мұндағы зәулім сарайлар мен сәулетті үйлер бір-бірімен үйлесіп, қаланың көркіне көрік қосып тұрғандай.
Күн сайын көзбен көріп жүрген соң аңғара бермейміз, ал Астанаға араға жыл салып оралған адам аңтарыла тамсанатын өзгерістер болып жатқаны анық.
Бүгінде елорданың көркіне небір өркениетті елдер таңдана да тамсана қарауда. Бүгінгі Астана – Қазақстанның жаңа тарихының шынайы бейнесі.
1997 жылы жаңа астанаға еліміздің рәміздерін көшірудің салтанатты рәсімі болды. Ақмола әкімшілігі Елбасының мемлекеттік нышанды жаңа астанаға алып келуіне үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Бұл ұлы топ қазақы дәстүрмен әлем ресмилігімен қарсы алынуға тиіс болды. Ол үшін халқымыздың ежелгі ата дәстүрі бойынша осы жердің тірі тарихы болатындай жеті ақсақал жан-жақты таңдаудан өткізіліп, осы ұлы іс оларға жүктелді. Бәрі-бәрі дәл кешегідей көз алдымызда.
«Өзін-өзі тапқан адам – бақытты, //жоғалтпаған бақыттырақ одан да» деп ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз тауып айтқан екен. Ойлап қарасаңыз, тек адам ғана емес, өзін-өзі тапқан ел де ерекше бақытты екенін қазіргі таңда біздің халық сезінетіндей. Еліміз еңселі мемлекет болғаннан кейін ЮНЕСКО-ның 1999 жылғы 16 шілдедегі шешімімен Астанаға Бейбітшілік қаласы деген атақ берілді. Бұл – біздегі шынайы ынтымақ пен татулыққа, халықтар достығына берілген шынайы баға. Демек, Астананың осы жылдар аралығында айдай әлемге танылып, төрткүл дүние көз тіккен қалаға айналып отырғандығы осы татулық пен бірліктің жемісі деп нық сеніммен айта аламыз.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры көпшіліктің тілеуімен келген. Барымызды бағалап, алға мақсатты қадам басу – әр адамның, отбасының, ұжымның, аймақтың басты міндеті екенін ескерсек, бүгінде біздің бас қаламыз халықаралық деңгейдегі түрлі шараларды өткізетін орталыққа айналып үлгерді. Осы жылдар ішінде еліміз ерен жетістіктерге қол жеткізді. Осылайша, Астана шын мәнінде Қазақстанның мақтанышына айналды. Бұл істе барша астаналық азаматтардың үлесі бар.
Зәуре ЖҮСІПОВА,
Астана қалалық мәслихатының депутаты, №59 мектеп-лицей директоры
Зәуре ЖҮСІПОВА,
Астана қалалық
мәслихатының депутаты,
№59 мектеп-лицей
директоры