Төрткүл дүниені мойындатқан жиһангер бабалар ұрпағының бодандағы ұйқылы-ояу хәліне ашынып, Хәкімнің «қайғы мен ыза қысқан тілінен зар» төгіледі. Ел-жұртының еңсесін басқан тауқыметтен Абайдың жаны аяз ұрған жапырақтай бүрісіп, қабағын мұң басады. Туған елінің еркіндігін аңсаған жанның, әлбетте, жалғыз өзі ғана емесін де біледі. Алдыңғы ақын-жыраулардың қайғы-мұңнан күңіренген «кеудесіне» құлағын тосады. Алқымнан қысып, аяусыз сығымдаған отарлық «шалмасының» түйінін іздеп, оны «шешудің» амалын тапқанша жүрегі сыздайды.
Осындай «жүдеулі» сәттерде халқымыздың ауыз әдебиеті – ұлы даламыздың біртуар тұлғаларының көзін ашып, көкірегіне сәуле жағады. Абай да әжесі Зере мен анасы Ұлжанның айтқан аңыз-ертегілерінен және Шортанбай секілді абыз ақындардың жыр-толғауларынан елдік пен ерліктің, найзағай намыс пен қайтпас қайраттың сан ғасырлық өнегесін жадына тоқиды. Ұлттық сөз өнерінің мөлдірінен сусындап, Шығыс пен Батыс және орыс әдебиетінің тереңінен маржан сүзеді.
Хәкімнің «сөз патшасына» қояр талабы жоғары: өлең – «ер данасы қиыннан қиыстырған, тілге жеңіл, жүрекке жылы, айналасы теп-тегіс, жұмыр келген сөз сарасы». Мұхтар Әуезов атап көрсеткендей, ақынның «өз өлеңдерін 1896 жылға дейін жинағысы келмегені де, оның төл туындыларына өте үлкен сынмен қарап, қатаң шарт қойғандығынан болатын. Өлең Лермонтов, Пушкин сөздеріндей болмаса, одан берідегі сөздері өз сөзі болса да, толық қанағат қылмаған».
Ақын сусындаған мөлдір жыр қайнарларының бірі – Шортанбай Қанайұлының жауһар мұрасы еді. Ол атақты жыраудың ауыздан-ауызға көшіп, Шыңғыс өңірінде де кең тараған толғауларының, үзіп-жұлынып, толық жетпейтініне ғана қынжылады. Себебі «Өлең деген – әр сөздің ұнасымы, Сөз қосарлық орайлы жарасымы. Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы». Семейге келетін газеттерді, жаңа кітаптар мен басылымдарды асыға күтетіні де содан.
«Арыз сөзді толғанып,
Қалдырайын артыма…»
Сондай басылымдардың бірі – «Дала уәлаяты» газетінің де ақын-жыраулар туралы жазғандарынан Абай ойына нәр жинап, жан қуатын молайтады. Өткенде осы газеттен Шортанбай жайлы да оқып шығып, қолындағы барды азырқанған еді. Соған орай жыраудың «Қазан» баспасынан 1890 жылы жарық көрген «Бала зары» жинағы «іздегенге – сұрағандай» болды. Ол «Өлең сөздің мәні жоқ, ойы терең болмаса… Мың қабат бетім жуылған, Көзден аққан жасыма…» деп өз ойын тап басады.
Азат заманды аңсаған сөз сүлейіне іштей сүйініп, жүрегін бодандық қыспағы сыздатады. Кітап інісі Халиолла жіберген «сәлемдеменің» арасынан шыққан. Жыраудың «ағын судай екпіндеген, лайы жоқ суатынан» өмір-өзеннің толқыған беті мен жөңкілген ағысын ғана емес, қабат-қабат тереңін де айнадағыдай көреді. Бұзылған заман сұрына оның қамығуының себебіне өз басы жақсы қанық. Сондай-ақ «бетінің жасқа жуылуының» да, «артына қалдырмақ арыз сөзінің» де зарлы сырын біледі.
Оңашада Абай жыр-толғаулары жан жарасын «тырнаған» Шортанбаймен бірге елінің бұлыңғыр бүгіні мен күңгірт келешегіне алаңдайды. Қауырсын қаламы ақ қағазға тақ бір өші кеткен жауындай шүйлігеді: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр, Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған». Бұған Өскемен сапарында куәсі болған жайлар да себеп. Ежелден қалың найман жайлаған құтты өңірді «танымай-ақ» қалды.
Қазақ жерінің «шүлдірлеген» атаулары, орыс деревнялары көшіп-қонған жат жұртқа тап болғандай, күн жарықта «адастырып», жаны жабыққанын қалайша ұмытпақ?! Қамал алар қырық жасында-ақ бозаң тартқан шашы өмір «қысының» да жақын қалғанының хабаршысындай. Суынған көңілі «соқыр, мылқау, тірі жанды танымас» биліктің «ызғарынан» қапалы: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық…».
Абайдың қабағы қарс жабылып, уайым ұйығында «сырты сау болса да, іші өліп қалғандай». Өзі бала жасынан білетін Шортанбай ақынды есейіп, ержеткен шағында жаңа қырынан танығандай болады. Оның кәпір патшаның отарына айналған халқының шерін мұңдаған зарлы сөзінен қабағын мұң басады. Ой-санасын «қайран елін озық жұрттардың қатарына қосудың жолы қайсы?.. «Жарықтың» көзін қалқалаған қараңғылық пен бодандық бұлты қайтсе сейіледі?» деген сансыз сауал қыспаққа алады.
Бір уақ абыз ақынның бақиға озар алдында ел-жұртына «дұғай сәлем» жолдаған сәттегі сарғайған жүзі көз алдына елестейді. Жақында Лермонтовтан аударған өлеңі жаңағы жадау көріністің көлеңкесі іспетті: «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр, Ішінде түсі суық, бір жан отыр. Алысты тұманданған ол ойлайды, Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр. Ішкен-жеген, таласқан, ойнап-күлген, Кезек жоқ, келісім жоқ, сөйлей берген. Даурыққан, күліскен, өлеңдеткен / Қайғысызға қайғырып, жиіркенген».
Шортанбай мұрасының «тереңіне» бойлай келіп, оны өз тарапынан одан әрі толқыта тербетеді: «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, Әр нәрсеге өзіндей баға бермек, Таразы да, қазы да өз бойында, Наданның сүйенгені – көп пен дүрмек». Әсіресе, тас қамалмен қыспаққа алып, отты қарумен қоқаң қаққан басқыншының қарындастарын бір-біріне айдап салып, алақандарын ысқылағаны ашындырады. Отаршыл үкімет «шен-шекпенмен» алдап-сулап, халқының көзін қалың шел басқандай.
Тағдыр-талайы ерте «қартайтқан, сырты дүрдей» ақынның кеудесі қайғыдан «у мен өртке толады». Өлеңге мұңын шаққанында, сонау Бұқар заманынан бергі жыр аламанының хас жүйріктерінің бірі – Шортанбайдың «көз жасының» қышқылтым дәмін сезінеді. Елінің тағдыры жанына батқан жырау «Мынау ақыр заманда / Алуан-алуан жан шықты, Арам, араз хан шықты, Қайыры жоқ бай шықты» деп налиды, – Үміті бар кәпірден, Олар қорықпас құдайдан… Атасының жанындай, Арақты ас қып сақтаған…».
Абыз ақынның «Жандарал болды ұлығың, Майыр болды сыйласың, Айрылмастай дерт болды, Нашарға қылған зорлығың… Тілмашты көрдің биіңдей, Абақты тұр көріңдей, – деген сөздері Хәкімнің әлсіз үмітін жел жалпылдатқан алаудай қалтыратады: – Байлар ұрлық қылады, Көзіне малы көрінбей, Билер пара жейді екен, Сақтап қойған сүріңдей… Мынау заман қай заман? Азулыға бар заман, Азусызға тар заман, Тарлығының белгісі / Бір-бірлерін күндеген, Жай-жайына жүрмеген…»
Мұндай «кертабан заманға», ең алдымен, қазағының бойкүйез, ертеңіне тым енжар, өзара алакөз «мінезі» кінәлі екенін Абай еріксіз мойындайды: «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек. Бір-екі жолы болған кісі көрсе, Құдай сүйіп жаратқан осы демек». Шортанбай суреттеген би-болыстардың әпербақан, әулекі әрекеті ақынды еріксіз жирендіреді: «Болыснай, би, ауылнай / Сырттан қарап шолып тұр… Мұсылманды бұл күнде / Орыс кәпір жеңіп тұр».
Іште қайнаған ашуы бұрқ етіп, бетіне шапқанда қоңыр жүзі қара сұр тартады: «Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың… Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, Сапырылды байлығың, баққан жылқың. Баста ми, қолда малға талас қылған, Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын…». Тегінде, Құнанбай ауылының құрметті қонақтарының бірі – Шортанбайдың өлең-жырларына Хәкім ерте жастан жорға. Бастапқыда оның мұңға толы толғауларын құлағының тосырқағаны да рас.
«Жылауық» жырдан үй ішін басқан ауыр көңіл-күйдің себебін де бастапқыда түсіне қоймайтын еді. Әйелдердің жаулықтарының ұшымен көздерін сүрткілеп, еркектердің жанарларын жасырып әуреге түскенін көргенінде, балалығы шығар, жиналған қауымнан қағаберіс жымиятын. Бұл, бірақ әуелгі балғын көңіл, балауса әсер ғана еді. Алғыр әрі зерек Ибраһим «жастық дәуренмен» ерте қоштасып, ақындар өлең-жырға тұндырған тұнжыр хәлдің себебін түсінгенінде қабағы түйіледі.
Бұдан былай Бұқар мен Дулат, Шөже мен Шортанбай секілді жыраулардың алты алаштың арманын желеп-жебеп, азат күнді аңсаған сарыны оның құлағының түбінен зар қағып, мазасын қашырады. Бұ дүниеден бақиға озарының алдында «ендігі заманның адамдары қандай болады?» деген сауалға Шортанбайдың жауабынан жаны түршігеді: «Жақсың аттан жығылса, Жаманың тұрып табалар. Жақындап келген бұл кәпір / Жылдан-жылға қамалар. Қасиетті төре жоқ, Шарапатты қожа жоқ…».
Абай еріксіз таңданады: заман өзгергенімен, адам өзгермейді екен?! Өткеннің өкініші алдынан орай береді: «Қария қалды ақылдан, Қастық шықты жақыннан, Ендігі күнің кем болар, Ит кәпірге жақындап, Билік кетті басыңнан… Ендігі байға мал бітсе, Ит кәпірдің олжасы. Шайдан басқа асы жоқ, Жақыннан басқа қасы жоқ, Ендігінің мырзасы». Енді Абай да жырауға қосылып, жағымпазға шүйіледі: «Орыс сияз қылдырса, Болыс елін қармайды… Орыссыз жерде топ болса, Шақырған кісі бармайды».
Алайда жырауды қайғыртқан
«Бірге туған қарындас / Отырады үйінде / Бірін-бірі көре алмай. Қас болып тұр жақының…». Бұдан кейін «ілімнен – қайғы, білімнен ыза шығады». Хәкім ниеттес, пікірлес серігін өлеңнен табады. Әуелі, ежелгі әдетімен, өзінің жақын-жуығын әзіл қалжыңмен сипай қамшылап, ара-арасында өткір мысқылмен түйрейді. Ләкин, ешкімді де босқа сағын сындырып, текке жер қылудан аулақ. Жақын-жуығын «ұялта» отырып, барша қандастарына ой салудан дәмелі.
«Базарға қарап тұрсам, әркім барар, Іздегені не болса, сол табылар, – деп толғанады ол. – Біреу астық алады, біреу – маржан, Әркімге бірдей нәрсе бермес базар… Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар, Бағасын пайым қылмай, аң-таң қалар. Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма? Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар… Бір кісі емес жазғаным жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар». Жастық шақтағыдай «ашу мен айлаға шырақ жақпай», еліне білім жолын «шамшырақ» ретінде ұсынады.
Соңғы уақытта Хәкім «ешкімге зияны жоқ, өзі көрген бір қызық ісі» – аңшылықтан да бой тартып, тірлік қуанышына жадырайтын кезі сирек. Бірақ, әл-әзірге өзін де, өзгені де сарыуайымға салып, жалғаннан жалығып, келешектен күдер үзуден де аулақ. Рас, «бұдан бұрын да талай сөз айтты, көп айтты, түбін ойлап, уайым жеп, ақылдылар арланып түзеле ме деп айтты». Бірақ, «ақылын алмай, соңынан ермей, табандаған» төңірегінің «күлкішіл, кердең» мінезі еріксіз жабырқатады.
Қайраткер ойшыл «бірін-бірі қазақ дос көрмейінше», алға басамын, ел боламын дегеннің бәрі бос әуре екеніне сенімді. Арамза биліктің ағайын-туғанды біріне-бірін сексеуілдей соғыстырып, дүрдараз жасап қойғанына қайғырады: «Таласып босқа, Жау болып досқа, Қор болып, құрып барасың. Өтірік шағым толды ғой, Өкінер уақытың болды ғой». Өкінішке қарай, «Бір кісі мыңға, Жөн кісі сұмға, Әлі жетер заман жоқ. Қадірлі басым, Қайратты жасым / Айғаймен кетті, амал жоқ…».
Бұдан асқан өкініш болар ма?! Ақын, бірақ тыңдаушысының өзін түсінуінен әлі де үмітті: «Білгенге жол бос, Болсайшы қол бос, Талаптың дәмін татуға. Білмеген соқыр, Қайғысыз отыр, Тамағы тойса жатуға». Бұған қалайша күйінбейді: «жартасқа барып, күнде айғай салғанымен… Баяғы жартас – бір жартас, қаңқ етер түкті байқамастың» кері. Сондықтан қазағын қарекетке көшіруге тырысады: «Жігерлен, сілкін, Қайраттан, беркін… Егіннің ебін, Сауданың тегін / Үйреніп, ойлап, мал ізде…».
«…Айта жүрер сөз болсын,
Дағдарған сорлы халқыма»
Басқыншы билік қасақана залымдықпен, ал жергілікті бишігештер жағымпаздықпен барша адам баласына тән «пендешіліктің» бәсін асырып, ел арасын ырың-жырың қылады: «Құтырды көпті қойып аз ғанасы, Арызшы орыс – олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны, Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы… Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп. Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп…».
Қауырсын қаламы ауада сәл-пәл «қанатын жазған» соң, одан әрі шарықтайды. Абайдың «тәңірі ұғымсыз қылып берген тыңдаушысына» өкпесі қара қазандай: «Бас басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?..». Ол тым құрыса жергілікті билікке, яки болыстық тізгініне, оның қадірін «жоймайтын» жандардың ие болғанын қалайды: «Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек, Адалдық, арамдықты кім теңгермек? Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ, Иттей қор боп өзіне сөз келтірмек».
Абайдың осы көңіл-күйін Шортанбай жырауды түңілткен «заманақыр белгілері» бұрынғыдан бетер ширықтырады: «Әуелгі қорлар зор болды, Сондай зорлар қор болды, Әуелгі барлар жоқ болды, Сондай жоқтар тоқ болды, Жөн білмеген жамандар, Ел билеген бек болды… Алды кәпір алқымдап. Елді еркіне қоймады…». Өкінішке қарай, заманның жақын арада түзеле қоятын да түрі көрінбейді. Ұлы жырау ағайынның жанашыр, тілектес көңілі мен кең пейілінің тез суалып, суынғанынан түңіледі.
Айналасының қараңғылық «торына» шырмалған бейберекет әрекетінен, «ыржаң мен қалжыңға» бауыр басып, «сырын түзеудің орнына сыртын түзеген, қу борбай сидаң жігіттердің» жүріс-тұрысынан Абайдың да ұнжырғасы түседі. Әлгілер «мінер атын, киімін ып-ықшам қып, сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып, бұраңдап жылы жүзін асқа сатып» бас пайдасынан өзгені білмейді.
Сондықтан өскелең жасқа ой салудан дәмелі: «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық… Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық». Ол «сөзін ұғарлық бозбалаға» үміт артады: «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» деп, өтірік пен жалғаннан сақтандырады: «Жаман тату қазады өзіңе ор, Оған сенсең, бір күні боларсың қор. Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор».
Елдің жақсысының бірі – Құнанбай әкесінің сөзге шешен би ғана емес, халқына қамқор «ығы зор» жан екенін де біледі. Осы перзенттік ризашылығын Абай үміт артқан бір перзенті – Әбдірахман дүниеден өткенде өзін-өзі жұбатқан өлеңінде жайып салады: «Арғы атасы қажы еді / Бейіштен татқан шәрбәтті… Адалдық, ақыл жасынан / Қозғапты, тыныштық бермепті, Мал түгілі, жанға мырза еді… Мұңды, шерлі, жоқ-жітік / Аңсап алдын кернепті. Бәрінің көңілін тындырып, Біреуін ала көрмепті».
Ендеше, «тентектің тәубесін еске түсіріп тыйған, дүниеге көңіл бөлмей, артына өлмейтұғын атақ қалдырған, мырза, ер сыпатты» қазақтың әділ байламына жүгінуге құмар қандастарының көптігіне таңқалуға болар ма?! Меккеге қажылыққа баруды ойлаған әкесінің осы сапарға жедел жиналуына да Шортанбайдың санаулы ел жақсысының қатарында Құнанбайды да атап, «Құдайдан қапы кетпеңдер. Әлің келсе, Мекке бар» деген «дұғай сәлемінің» әсері болғанын да сезеді.
Жырау, тіпті «артық дәулет біткендердің ысырапқа мал төкпеуін» айтқанында өзіне де «ыстық көрінген сұм дүниенің ақыры опа бермегенін» өкіне отырып мойындайды. Ол еркіндік пен бостандықты аңсағанында дін-исламға арқа сүйеп, қазақтың басындағы уайым-қайғының түп себебі бодандық құлдықта екенін айтудан жалықпайды. Мұны, тіпті дүниеден баз кешер уақытында да «Айта жүрер сөз болсын, Дағдарған сорлы халқыма» деп, жас ұрпаққа өсиет етеді.
Шортанбай ақынның жыр-толғауларында адам өмірі жан-жақты қамтылады. Олай болса, өмір сүру өнерінің бір қыры – туыстық пен сыйластықтың қадіріне жетіп, ағайынның тату-тәтті, дәулеті мен сәулеті жарасқан дәурен құруына не кедергі? Абай өзін толғандарған сауалдарға тынбай жауап іздейді: «Қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?..».
Көп ұзамай жаңағы сауалдың жауабын да табады: «…мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді». Осы ойын қара сөзбен жаза келіп, өлеңмен түйіндейді: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа, Аларында шара жоқ алдамасқа… Мал жияды мақтанын білдірмекке, Көзге шұқып малменен күйдірмекке» деп, Шортанбайдың «Қызықпаңыз бес күнге, Бұл дүние қалмас әркімге…» тәмсілімен үндеседі.
Жырауды одан әрі тыңдасақ, «Өліге де мал керек, Тіріге де мал керек», алайда «Алтын-күміс абзалың / Өлгеннен соң не керек?..». Сондықтан ол «Медресе, мешіт салдырып, Мүфтиге берсең балаңды, Азан, тәкбір айттырып, Мешітке қойсаң молдаңды, Сираттың желі соққанда, Ораза-намаз панаң-ды» деген ұлағат қалдырады. Хәкім отаршыл үкіметтің халықты діннен, салт-дәстүрден айырып, шоқындыру науқанына қарсы жыраудың Құран мен иманды неге арқа тұтқанын жақсы түсінеді.
Шортанбай Қанайұлы халықты ұйыстырған Ислам дінін ардақ тұтып, өз өсиетін қасиетті Құран сөзіне сүйене отырып әдіптейді. Демек, кешірілмес күнәсін «көрге» ала кеткен диктатура кезеңінде жыраудың асыл мұрасын тануға дүмше құдайсыздықтың кесірі тигені даусыз. Жаны түршігетін «әзәзіл қызыл тулы» биліктің ақынға «қылышын» жалаңдататыны да содан. Шортанбайды «ескішіл, феодалдық қоғамның жаршысы» деген айыптаулардың негізгі себебі – орыс шовинизмі еді.
Халқының басына түскен тауқыметтен Шортанбайдың қабағы қабарып, жұртының жоғын жоқтаудан танбайды: «Қамсыз жүріп қамалған, Жасын иіп тәңірім, Өзің оңда халқымды, Құрық түсті мойынға, Тарылып тыныс алқынды. Зармен бітті өмірім…». Ол отаршыл үкіметтің қыспағы аздай, елді жайлаған арызқойлық «дертіне» қамығады: «Жүгірісер қалаға, Қаныққан соң жалаға, Алып бір шығар далаға. Дұшпаның кім деп сұралса, Алып бір келер ауылына – Өзінің туған бауырына».
Өзара аңдысқан тірліктен «Аяқты қия басу жоқ, Орыстың салған жолы бар, Емін-еркін заман жоқ, Ендігі жүрер жігіттің / Маңдайында соры бар. Екі кісі ұрысса Қалам алар қолына, Зәкүннің түсер жолына. Өте қусаң оралдың / Орыстың жайған торына». Шортанбайдың келер заман сипаты мен халқын алдан күткен қауіп-қатер туралы сөзінен Абай бір уақ шөгіп бара жатады. Қараңғы жанның қызғанышының «көк иті» етектен алуға, ерегесе кетуге әрқашан алқынып тұрады.
Ал «көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған…». Ондайларға» Хәкімнің де «сыбағасы» сайлы: «Пысық кім деп сұрасаң – Қалаға шапса дем алмай, Өтірік арыз көп берсе, Көргендерден ұялмай… Ақылы бар кісіні / Ғайбаттайды, даттайды. Ауқаты бар туғанды / Қайырсыз ит деп даттайды…». Ал «сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» міскіндердің «еңбек жоқ, харекет жоқ, тамақ іздеп тентіреуден» өзге пайдалы іске бас ауыртып, әуреге түспейтініне өзі де куә.
Шортанбайдың, өкінішке толы өлеңінен Бұқар «тұсауын» кесіп, кейінгі қазақ ақындарының жүз жылға созылған зар мен мұңға толы жырлары қайта жаңғырады: «Кетейін десең жерің тар, Кетпейін десең кәпір бар…». Орыс патшасына бодан болғалы бері заман ағысы бұзылмаса, түзелмегенін ол көре тұрып күйінеді. Әуелі Хан билігі далада қалып, кейін сұлтандар да басқару тізгінінен айрылды. Қазаққа болыстан жоғары қызмет бұйырмайтын болды.
Атақты жырау «отызыншы, отыз бірінші жылдары, Елдің ері еренде. Жалғыз-ақ қара қалады, – дейді болашақты көріпкелдікпен болжайды. –Ұялмастан бұл кәпір / Оған да салық салады…». Ақ патшаның солақай саясатына қарсы көтеріліп, барша адам баласына теңдік әперемін деп ұрандатқан қызыл билік өзі түбіне жеткен «үстем тап үкіметінің» отаршылдық мақсатынан бас тартпақ емес-ті. Қазан төңкерісіне дейін-ақ шығармалары бірнеше мәрте басылған Шортанбайға «кертартпа ақын» деген жала жабылғаны да соның айғағы.
Алайда жыраудың асыл мұрасы сынала отырып та ақталып, зерттеушілердің «… заман шындығын шеберлікпен өлеңге сыйғызған… оны халық санасынан сырып тастауға ешкімнің құдіреті жеткен жоқ… бұрынғы фольклор дәстүрінен алға кеткен елеулі ақын… жыр дәстүрінен де Шортанбай озат тұр… ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің арасында жатқан көпір» ретінде әділ саралауға көшкені мәлім. Ал «байшыл, ескіні көксейді» деген қудалаудың астарында, тағы да қайталаймыз, шовинистік сайқал саясат жатқаны кәміл.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ,
жазушы