Сұхбат

АЗАТТЫҚ АҢСАУЛАРЫ

ERA_9731

Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сараймен әңгіме

Әнес аға, «тәуелсіздік» деген тек тамсанып айта берер тәтті сөз ғана емес екені белгілі. Ол, ең алдымен, үш жүз жылдай бодандық бұғауында бұлқынып, тәуменді хәл кешкен ұлтымыздың азат тұрмыс, бостан тірлікке жету жолындағы мігірсіз шайқасы мен қисапсыз құрбандығының өтеуі екенін жадымызда жаңғыртар өре, қастер тұтар құндылық деп ойлаймын. Ендеше, тарихи жадқа тірелгенде, елдікке талпынған ерлікке толы өткен кезеңдер шежіресі – отандық тарихнама беттеріндегі танымдық қыры мен тағлымдық сыры астасқан көрінеу деректерді де айналып өте алмаспыз…

– Әрине! Жалпы, адамзат тарихында ұлт атаулының азаттық алып, мемлекеттік тәуелсіздікке жету ниеті оңайлықпен орындала қоймайтыны аян. Түсіңде көріп, өңіңде аңсағанмен тәуелсіздік игілігі салп етіп көктен түсе салмайды. Оған кәрі тарихтың өзі куә. Тіпті, «халықтар түрмесі» атанған кешегі кеңес билігі кезінде «осы Одақтан бөлініп шығармыз-ау, өз алдымызға егемен ел болып, дербес даму жолына түсерміз-ау» деп ойлаған да жоқпыз ғой.

Бірақ, тарих тегершігі бір орында тұрмайды, тулаған теңіздей сапырылысқан оның толқынында біреулер көкке самғай көтеріліп, біреулер тұңғиыққа шым батып кетіп жатады. Мәселен, 1380 жылы Куликов өзені бойында Алтын Орда беклербегі қият Мамайдың ауыр қолына қарсы шыққан Мәскеудің ұлы князі Дмитрий Донскойдың 400 мың әскері қынадай қырылып, Дмитрийдің өзі аттан құлап, бұта бұғып жасырынып жан сақтап қалса да, жеңіске жеткен болып есептеледі, сол шайқастан кейін де жүз жылдай Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұрғанымен, бытыраңқы кінәздіктерден құралған орыс мемлекетінің тәуелсіздікке жеткен сәті саналады. Міне, содан бері державалық астамшылық пен ұлы империялық үстемдік пиғылда дамып, жан-жағын жалмап келген отарлаушы ел бізді оңайлықпен уысынан шығара қоймас еді.

Адамзат қоғамының дамуында кездейсоқтыққа табан тіреп, белгілі бір заңдылыққа да мойын ұсынатын құбылыстар жетіп-артылады. Солардың бірі – ешкімге бет қаратпай, ендіктерді дара жайлаған ұлы империялардың өзі әрқилы себеп-салдармен іштен іріп, ақыры, күйреп тынатыны. Мысалы, тарихта Рим империясынан асқан алып та қуатты мемлекет болмаған шығар, сірә. Бүкіл батыс Еуропаны, Англиядан Солтүстік Египетке дейінгі кеңістікті, Алдыңғы Азияға дейінгі елдердің барлығын билеп-төстеген Рим империясы да біртіндеп ішінен бүлініп, құлап тынды; ең әуелі, қиянаттан құралған қоғамды моральдық азғындық жайлап, тақ таласы күшейді. Билік басындағы ат төбеліндей аз ғана топ ел байлығын ешкіммен бөліспей, бауырына басып қалу үшін қырқысты. Алауыз, қырғи-қабақ қоғамды ұрлық-қарлық, жемқорлық, парақорлық дерті меңдеп, әбден әлсіреген Рим империясы ақыры құлап тынды. Бұл тықыр бір кездері Балтық жағалауына тізе батырып, Қырым түбегін, Қап тауы мен Орта Азия елдерін жаулап алған, енді Үнді жағалауына көз тіккен патшалық Ресей империясына да таяп келген еді. 1905 жылы әбден азғындаған орыс армиясының жапондармен соғыста тұңғыш рет тас-талқан болып жеңілгенін ресейлік тарихшылар айналып өтуге тырысып бағады.

– «Порт-Артур масқарасы» ғой?!.

– Иә, Порт-Артур жеңілісі… Сол соғыста алғаш рет маңдайы тасқа тигендей есеңгіреп, шатқаяқтап қалған Ресей империясын біржола құрдымға құлаудан 1917 жылғы әлеуметтік-саяси төңкеріс қана құтқарып қалды. Империялық озбырлыққа, отаршылдық езгіге қарсы бағытталған ел ішіндегі ашу-ызаның тегеурінін Ленин бастаған большевиктер тобы өз мүдделеріне оңтайлы пайдаланып кетті. Олар «жаңа сипаттағы мемлекет құрып, барлық билік тізгінін жұмысшылар мен шаруаларға ұстатамыз, олардан жаңа үкіметтің элитасын жасақтап, барша игілікті солардың қолына береміз» деген уағызбен бұқараны алдап соңына ертті. Сөйтіп, бұрынғы отар елдердің қағаз жүзінде «ерікті әрі тең құқылы» Одағын құруға ұйытқы болған Ресей елі патша заманынан келе жатқан бодандықтың бұғауын қыса түспесе, босата қойған жоқ. Әсіресе, ұжымдастыру науқанда дәстүрлі шаруашылық жүргізу қалыбынан еріксіз ажыратылған қазақтар жаппай ашаршылыққа ұрынып, бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген қырғынға ұшырады, халқының тең жартысынан айырылып қалды…

– Осы әңгімеңізге орай ойға келіп отыр, аға: кейбір жазбаларда «мемлекеттілік» және «тәуелсіздік» атауларын балама ретінде қолданып жүреді. КСРО кезінде шартты түрде Қазақ КСР ретінде мемлекеттілігіміз, оның негізгі нышандары – туы, әнұраны мен елтаңбасы, тіпті, территориялық автономиясы болды. Бірақ, бәрібір, Орталықтың тоталитарлық, казармалық ырқына қамалып, дербес дами алмадық, яғни, тәуелсіздігіміз болмады. Сондықтан, сырт көзге егіздің сыңарындай көрінетін дилеммаға – осы екі саяси ұғымға нақты түсінік бере кетсеңіз.

– Иә, 1937 жылы одақтас республика ретінде қайта құрылған Қазақ КСР сырттай мемлекеттілік сипатын иеленді. Содан бір жыл бұрын қабылданған КСРО Конституциясы бойынша әр республикаға берілген жекелеген құқылар мен таңдау еркі қағаз бетінде қалып қойды. Атап айтқанда, Қазақ КСР-ның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын өзі айқындап, қорғаныс, жер аумағы, шекара мәселелерін дербес шешуге құзіреті болған жоқ. Сондықтан, Қаз КСР – декоративті, жасанды мемлекет еді. Сырт пішімі – мемлекеттілік қағидаттарына сай келгенімен, ішкі мазмұны оған қайшыласып жатты. Басқасын былай қойғанда, ұлттық мемлекет ретінде шетелдермен тікелей байланыс орната алмады. Өзің білесің, бізде сыртқы істер министрлігі кейін, 1973 жылы ашылды, оның өзі де қызметтік міндеттері мен өкілеттіктері шектеулі, былайша айтқанда, «аты бар да заты жоқ» мекеме еді. Еш елмен дипломатиялық байланыс орнатып, елші алмаса алмаған, өз бетінше сыртқы саясат жүргізу жөнінде тұжырымдамасы жасалмаған елді дербес, тәуелсіз мемлекет дей аламыз ба?!. Жоқ, әрине. Сондықтан, біздің кеңес билігі тұсындағы мемлекеттілігіміз федерациялық, асыра айтқанда конфедерациялық шектеулер деңгейінен әрі аса алмады; сөз жүзінде тең құқылы ұстыны әрі одақтасу еркі сақталғанымен, іс жүзінде Қазақ КСР Орталық пәрменіне – Мәскеу билігіне құлақкесті мойынұсынған тәуменділіктен арыла алмады, көп жағдайда ұлттық мүдде ескерілмеді.

– Бәлкім, мемлекеттілік қағидаттарын ұлттық негіздерге сабақтастыра қарауымыз керек шығар. Мәселен, қазақы (еркін) тай­палардың басын құрап, ұлт ретінде ұйыстырған Қазақ хандығына, жалпы, еліміздің ерте және орта ғасырлық тарихына қатысты әр алуан пікірлер айтылып жүр. Біреулер қазақ мемлекеттілігінің тарихын Сығанақты Астана етіп, «Алаш әскерін» құрған Орыс хан тұсындағы Ақ Ордадан бастайық десе, енді келесілері бағзы заманалардағы Сақ конфедерация­сынан бермен таратайық дейді. Ал, оның құрамында қазақтар емес, прототүркі тайпалар ғана төбе көрсетті ғой

– Жалпы, кез келген мемлекеттің өзіне тән атрибуттары, тарихи-саяси сипаттары болуы керек қой. Мәселен, заң шығару билігі, әкімшілік-аумақтық бөліністері мен тұрақты әскері, аумақтық билік жүргізу шегі, былайша айтқанда, шекарасы болуы шарт, сонда ғана мемлекеттік сипатын, яки, ел басқару, ішкі-сыртқы қарым-қатынастарын реттеп отыру мүмкіндігін иеленеді. Ал, егер де осылардың бірде-бірі болмаса, ол – толыққанды мемлекет емес, тек қауымдық бірлестіктер, дербес мемлекеттілікке барар жолдағы баспалдақтар ғана деп түсінген жөн. Біздің топырағымызға ту тіккен алғашқы толыққанды мемлекет – Ғұн тайпаларының одағы. Онда мемлекеттіліктің барлық атрибуттары орнығып, заң қабылдау жүйесі қалыптасқан еді. Екіншісі, Көк түріктері қағандығы. Оның да мемлекетке тән барлық белгі-нышандары болды. Түркі тектес халықтардың, соның ішінде қазіргі қазақтардың материалдық және рухани құндылықтарының кезеңдік сатысы, этно-мәдени жүйенің қалыптасуындағы ландшафттық-тарихи тұрпат, ерекше құбылыс ретінде «Дала өркениеті» деп жүргеніміз осы көне түркі мемлекеті. Ежелгі түркі өркениетінің бірден-бір мираскері мына біз – қазақ халқы. Әрине, арғы тарихымызда Үйсін, Қаңлы, Найман, Керей және т.б. ұлыстар дәурендеген, әйтсе де, біз мемлекет тарихын олардан бастай алмаймыз. Себебі: бұлардың бәрі жеке-дара, біркелкі тайпаның бірлестіктері, қазіргі қазақ халқының құрамына енген ұлыстардың барлығының басын біріктіріп, тізесін түйістіре алмағандықтан, әлгінде айтқанымдай, олар ру қауымдастықтары санатында қалған. Міне, оларды мемлекет дей алмайтынымыз сондықтан.

– Бірақ, аға, қытай жұрты өздерінің мемлекеттілік дәстүрін – бағзы Инь, яғни, Шань әулеті дәулет құрап, дәурен сүрген кезеңнен бастайды. Ал, ол дәуірде әлі бірегей ханзу (бізше – қытай, шың) ұлты да қалыптаспаған еді ғой… Тек…. Хань әулеті билік құрған кезден бастап отыз төрт ұлыстан құрылған халық өздерін «Ханзу», яки, «Хань патшалығының адамдары» атауға көшкен. Соған қарамастан, қазіргі тарихшылары мемлекет тарихын аңызға ғана арқау болған, ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген, б.д.б. ХХІ ғасырда өмір сүріпті-міс дейтін Сия патшалығынан таратуға тырысып жүр емес пе? Ол жөнінде танымдық фильмдер де түсірген…

– Әлемде ұлы империялар қатарынан ойып орын алатын Қытай мемлекеті арғы-бергі тарихында Мао Цзы Дунға шейін өзін-өзі басқарған емес. Оларды ерте ғасырлардан күні бүгінге дейін манчьжурлар, қидандар, моңғолдар әулеті билеп келді, сөйтіп, көз ашқалы өзгелердің қол астында күн кешті. Қазір, қарап отырсаң, бұлдыр-бұлдыр Сия патшалығы тұрмақ (киіз туырлықты, тал керегелі» көшпелілерді ұйыстырып, жарты әлемді дәргейіне жыққан Шыңғысхан, Құбылай туралы фильмдерді қаптатып жатыр. Оның түп-тамырында моңғол империясының тарихын, оның әлемді билеп, уысында ұстаған кезеңін өзіне қосып алып, Қытайды бағзыдан ұлы мемлекет, адамзат қоғамдастығының мызғымас гегомоны етіп көрсету пиғылы бұғып жатыр. Иран да солай: сан ғасырлар бойы оларды да тегі парсы емес, өзге нәсіл өкілдері биледі.

– Хазіреті Ғалиды соңғы пайғамбар санап, діндестеріне, әсіресе, сүниттерге  бітіспес майдан ашқан, қазақтар сәлдесіндегі он екі қызыл жолаққа бола «қызылбастар» атаған түркі текті Севефи әулеті ме?

– Тек севефилер емес… Ахмеди, Ғазнауи әулеті, Хорезм шаһы, Құлағу ильхандары басқарды. Ирандықтар да өз тарихын б.д.б. VІ-ІV ғасырларда патшалық құрған Ахеменидтерден бері таратқысы келеді. Ал, олардың шын мәнінде мемлекет құрған кезі елді қидандар басқарған тұсқа орайласады. Түркілер негізін сала тұра, олар мемлекет тарихын өзі мен өзгенің билігіндегі кезеңдерге бөле-жармай, бір тұтастық аясында қарастырады. Біз осыған жете алмай жатырмыз әлі, оның объективті себептері де бар.

– Сонда не істеуіміз керек?

– Ең алдымен, бір тудың астына жиылып, қазақ атанғаннан бергі мемлекеттік қалыптастыру жолымызды – Қазақ хандығының және оны басқарған тұлғалардың тарихы мен ең негізгі уақиғалар тізбегін тиянақты зерттеп, байыпты бағалап алуымыз қажет. Келер жылы атап өткелі отырған Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі нақ осы игі мақсатты көздеген шара деп ойлаймын. Бұл өзіміздің тереңде жатқан түп-тамырымызға үңілудің – протоқазақ тайпалары із қалдырған ерте және орта ғасырлардағы түркілік тайпа одақтары мен бірлестіктерге қарай жылжуымыздың бастапқы қадамына айналуға тиіс. Кем дегенде, Көк түріктері қағандығы мен өркениетіне қатысты деректердің барын көгендеп, жоғын түгендеп алудың алғышарттары Керей мен Жәнібек сұлтан құрған ұлттық мемлекет тарихын жүйелеп, еліне қамқор жеріне қорған болған хандары мен батыр-билерін ұлықтау арқылы қалыптасары сөзсіз… Тіпті, осы кезеңнің өзіне қатысты «ақ таңдақтар» мен албаты шатасулар көп. Мұны ұсақ-түйекке баламай, мүмкіндігінше, фактологиялық иірімдерін мұқият ізерлеп, мән-маңызын ескере білсек, дәстүрлі ел билеу мәдениетіндегі сонау сақ, ғұн дәуірінен кешегі Бөкей ордасына дейін созылған сабақтастық тінін жалғап алар едік…

– Жалпы, тәуелсіздік константасына қатысты айтылар әңгіме ауанын саяси-абстрактылы ой-ағымдар өрісі деп жатамыз ғой кейде. Ал, оның баянды болып, бағы жануы қоғамдағы тұрақтылық пен тату-тәтті тірлікке байланысты екенін де көріп жүрміз. Нақты айтқанда, көп ұлтты, көп дінді елімізде «мемлекет құрушы халық» – қазақтардың рөлі қандай?   

– Біз ежелден еркіндікке ұмтылып, азаттықты аңсар еткен халықпыз. Енді, міне, көксегеніміз келіп, ойлағанымыз орындалған шақта тәуелсіз тірлік кеңістігінде тек қана қазақ болып құраласып, өз алдымызға тұтасып отырамыз деген дәмеден аулақ болғанымыз абзал. Иә, моноұлтты мемлекет құрау енді қолдан келмейтін нәрсе. Ол бұрындары да қолдан келмеген. Себебі, қазақылық («еркіндік» сөзінің ежелгі баламасы) жолын таңдаған ата-бабаларымыздың бұрыннан көп ұлттылық ұстынымен өмір сүру тәжірибесі бар. Мәселен, Қазақ хандығы кезінде алаш туы астына жиналып, бір ұранға үн қосқандар оған дейінгі бір-бір мемлекеттік бірлестіктің – Үйсін, Қаңлы, Найман, Керей, Арғын, Ноғайлы және т.б. ұлыстарының өкілдері еді. «Бірікті» дегенмен де мал­дың  тісіне еріп, жайылым-өріске таласы қоса өріп жүретін бірнеше баулы руларды бірегейлендіру орталық билік иесі – хандардың оң жамбасына келе қоймады. Уақыт өте келе өз руластары алдында беделі бар, сөзі уалы, аузы дуалы билерге әр тайпаны басқару, ел ішіне жік салар жер дауы – жесір дауын дәстүрлі құқықтық жосындар ұстынымен әділ шешіп, кесім айту уәкілетін берді. Мұндағы мақсат – алуан баулы, сан салалы тайпадан құралған халықты ұлт ретінде ұйыстырып, бірегейлендіру еді. Біз қазір ру ретінде қарастырып жүрген субстанция ол кезеңде бір-бір мемлекеттің генефонды өздерімен бірге ала келген ала-құла социум-тұғын, тіпті, бертінге дейін олардың сөз қолданыстары да, ән айтып, күй тарту мәнері де, кейбір салт-дәстүрі де бір-бірінен ерекшеленіп тұрған.

– Ондай ерекшеліктер әлі де бар ғой

– Иә, бар, алайда, олар – баяғыдай айқын шалынар субэтникалық айырмашылықтар емес, елеусіздеу өңірлік ерекшеліктер ғана. Әсіресе, дәстүрлі өнер саласында әртүрлі мектептер кейпінде ғана сақталып қалғаны рас…

Сонымен, дүние жүзі елдері бір-бірімен араласып-құраласып жатқан жаһандану заманында моноұлттық мемлекет құрып, түндікті тұмшалып, іргені қымтай отыру мүмкін емес. Біз де көп ұлтты, ғайри дінді қоғам дәстүріне байырқап, соның мәдениеті мен тәрбиесіне бой үйретіп, желсіз жерде шаң шығармас арсеналдарын уыста мығым ұстағанымыз жөн. Осы ретте Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы өз міндетін мүлтіксіз атқарып келеді деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, алғашқы кезде оған скептиктің көзқарасымен қарап едім. Уақыт өте келе оның ел бірлігін, қоғам тыныштығын сақтауға септескен, ішкі саяси кикілжіңдер мен ұлтаралық қақтығыстардан қажыған талай елге үлгі тұтарлық ұйым екеніне көзім жетті.

– Виктор Гюго «Адамның ұлылығы бойымен өлшенбейтіні сияқты, халықтың ұлылығы да санымен өлшенбейді. Ақылдылық пен ерлік – міне, бір ғана өлшем. Кімде-кім ұлы өнеге көрсетсе, сол – ұлы» деген екен. Кезінде Президенттің жарлығымен консультативті-кеңесші орган ретінде құрылған Ассамблея өзінің жиырма жылдық тарихында халықтық дипломатияның – этносаралық тағаттылық пен қоғамдық келісімнің тың үлгісі ретінде халықаралық ұйымдар мен әлем елдерінің, соның ішінде, федеративті Ресей басшылығының да қызығушылығын оятып отырғанын мақтан тұтамыз. Демек, қазақ халқының үлгіөнегесі

– Міне, көп ұлтты қоғамдағы «мемлекет  құраушы ұлт – қазақ халқының рөлі қандай?» деген әлгіндегі сауалыңның да жауабы осы ғой.

Осы өнегелі болмыстың да тарихи негізі бар: баяғы заманалардағы хан ордасына жиналатын билер кеңесі сияқты; оған хандық дәргейіндегі қарақалпақ ұлысынан – екі би, қырғыздардан – бір би, қазақтың үш жүзінен – үш би және әлеуметке әділ де ерлік істерімен жаққан батыр-бағландар қатысып, ел тағдыры, ұрпақ келешегіне қатысты келелі мәселелерді кеңесіп, ортақ мәмілеге жүгінген. Хан солардың, яки, халық өкілдерінің уәжіне құлақ түре отырып, шешім түйген, кесім шығарған…

«Сабыр түбі – сары алтын» деген атам қазақ сөзінің ақиқаттығын алысқа бармай-ақ, анау Украинаның асты-үстіне келтірген аласапыранның салдары мен зардабы дәлелдеп тұрған жоқ па?! Түбінде мемлекет құрушы халық саны бүкіл ел тұрғындарының басым бөлігіне жеткен кезде ұлттық мүдде – қазақылық жеңбей қоймайды. Иә, түбінде көздегеніне жетіп, діттегенін  алады. Біз ылғи да албырттыққа ерік алдыратын, арман-мақсатымыздың тезірек орындала қалуын қалайтын максималистеу жұртпыз ғой. Оны да кейде түсінуге болады. Себебі, үш жүз жылдай жат жұрттың отарлық езгісінде болған қазақ халқының жаны жаралы, жады қаяу. Мына мен де сол жара тезірек жазылып, рухы шапшаң көтеріліп, күн астында қанатын керген қырандай қайтадан самғаса екен деп алып ұшатын едім. Кейінгі кезде таяқтың екі ұшы барын, бірін абайламай басып қалғанда екіншісі маңдайға тиерін пайымдап, «ештеңе етпес, жол ортада қалдырмай, жөпшеңдіге шалдырмай, елдігімізді бекемдеп, ертеңімізді айқындап алдық қой. Енді, ойға алғанымыз біртіндеп орындала жатар» деп ойлаймын. Елбасының жарасымды елдікке бастаған идеялары ұлт мұратын жұптап, барша халықты жасампаз ерлікке жігерлендіре береріне шүбәм жоқ.

– «Елдік» дегеннен шығады, қуғаны – алда, қашқаны артта кетіп бара жатқандай алмағайып шақта әлемдегі кез келген мемлекеттің мызғымай жасап, келешек төрінде көсіліп отыруы үшін бірнеше: экономикалық, ақпараттық, әлеуметтік, демографиялық және т.б. қауіпсіздігін бекемдеуі шарт дейді  білгіштер. Бұл, әдетте, ішкі-сыртқы факторларға байланысты нәрселер ғой. Ал, енді кезеңдік құбылыс тәрізді моральдық болмысымызға, құқықтық мәдениетімізге қатысты да қауіп ойлар кемшін тұстарымыз бар ма?

– Әлбетте! Әлгінде айтқан Рим империясы сияқты алып та айбынды мемлекеттердің түбіне жетіп, келтесінен қайырған сырттан шапқан жау, іштен өршіген дау ғана емес, ел билеуші топтың қара бас қамын дәулет мүддесін жоғары қоятын құлқынқұмарлығы, халық қазынасы мен өз қалтасын шатастырып ала беретін тоғышар қылығы – жемқорлығы еді.

Бұл – аса қауіпті дерт. Біз қаз басып, қадам жасағаннан ала жіп аттамаған, алысқа жол түсіп, сапар шегіп кеткенде де есігіне құлып салмаған, алдындағы асын да жасырынғандай жалғыз жеуге қымсынып, көрші-көлем, ағайынмен бөле ішіп, қанағатқа ғана қарын тойдырған халық едік. Жетім-жесірін жылатпай, жабыла қамқорлыққа алған, «алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш деп, жауына да жамандық жасамаған кешірімшіл, кеңпейіл жұрт едік. Дүние-мүлік, жойдасыз байлыққа құлқын жеңдірер құл болудан жерініп, «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген қағидаға бас иіп, адалдық жолын ардақтаған арлы ұлт едік.

Сол қадыр-қасиетіміздің қайда кеткеніне таңғаламын. Халық бүлінді деп айтпаймын, әрине. «Жемқорлық» дегенде қара табан шаруа, күс алақан жұмысшы емес, ең алдымен, басында – шәпкесі, қолында пәпкесі бар лауазымды шенеуніктер еске түседі. Неге? Неге «мемлекеттік қызметші» аталатын басшылар жігі өзі қызмет етуге тиіс мемлекеттің қазынасына қол сұғады? Әлде әділдікпен ел басқарып, әлеуметке адалдықтың жолын сілтеп, жөнін ұқтыруға құзырлы кейбір басшыларымыздың болмысындағы тексіз қылық, теріс өнеге әлдебір жат идеологияның шалығы ма? Меніңше, нарықтық қарым-қатынастар қарғынымен қабаттаса келген «баю идеологиясы» іс басындағы отырған, материалдық игіліктер тұтқасын ұстаған басшылардың біразын тегіс жерде сүріндіріп, ашық күнде адастыра бастады-ау…

– Оның, аға, мынадай себебі де болуы мүмкін. Кеңес өкіметінің тұсында еңбек ету – қоғамдағы негізгі құндылыққа айналды. Кейін шаруашылық жүргізудің нарықтық амалына көшкен кезде, мейлі қандай жолмен болса да, ақша, тек ақша табу әрекеті абырой саналды. Алыпсатарлықпен, алаяқтықпен байып, дәулет жиған бәз біреулер Абайдың «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген сөзін алға тартып, аққұла ақталғысы келді. Алайда, Хәкім ақын қайткен күнде де ақша табуды емес, керісінше, кәсіптің кез келгенінен жиренбеуге, есектің артын жуса да аянбай еңбектеніп, адал тірлікпен күн көруге, арамдықтан аулақ жүруге үндеді ғой

– Бұл бұрыннан тамыр жайған нәрсе емес, кейінгі кездерде бой көрсете бастаған келеңсіздік қой. Болашақта оған біржола тосқауыл қойып, тыйым салу тетігін таппасақ, әрине, мемлекеттілігіміздің тағдырына – сын, мұратына мін болары кәміл.

– «Баю идеологиясы» демекші, бізде мемлекеттік идеология жоқ дегенді аракідік айтып қалып жатады. Бұған не дер едіңіз?

– Кейбір мерзімді басылым беттерінен, телехабарлардан сондай пікір барын байқап жүрмін. Ал, мен Президенттің 1997 жылғы «Барлық қазақстандықтардан өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Жолдауында айтылған, ел дамуының орта және ұзақ мерзімді даму жоспарын қалыптастыруға негіз қалаған «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасын әр әрпіне аялдағандай мұқият оқып шыққан едім. Осы құжатты байыптай оқыған адам мемлекетіміздің идеологиялық мұраттарын айқын аңғарар еді. Содан кейін қабылданған «Қазақстан – 2050» стратегиясында да алдағы экономикалық, әлеуметтік-саяси міндеттер мен мәдени құндылықтар аясын саралай келе, біз тілге тиек етіп отырған қоғамдық дертке қатысты «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады» деп атап көрсеткен. Егер мемлекеттің ұстанған саясаты мен мақсаттары қоғам мүшелерінің көкейін тап басып, ізгі болашақ, жарқын келешекке жетуге құлшындырып, ортақ мүдде, бірегей ниетке жұмылдырып жатса, ол – идеология емес, немене? «Идеология жоқ, оны жасау керек» деп жалаулатып жүргендер ел қамын қаузап, ұлт қадесіне жарарлық өз идея­ларын ұсына алды ма? Мәселе сонда…

«Мемлекеттік идеология» дегеніміз ата тарихты әспеттеп, ана тілді ардақтау ғана емес, тәуелсіз тұрмыс, бостан тірлігімізді түбегейлі қамтамасыз етуге қатысты сан салалы, алуан қырлы шаруаның қыбын тауып, қарымын арттыру ғой. Ал, оны «жоқ» деп жұтатып, аузын қу шөппен сүртіп жүргендер ұлттық идеяның бір саласының, жеке тармағының жүгін көтеріп, мұрат-мұғдарын алға жылжыта алды ма екен. Меніңше, бізде мемлекеттік идеология да, ұлттық идея да бар, тіпті, сол идеологиялық мұраттардың үстінде тұрған мәртебелі бір міндет тұр. Идеологияның да идео­логиясы сол.

– Ол не сонда?

– Ол – халықтың санын көбейтіп қана қоймай, сапасын жақсартып, демографиялық қауіпсіздікті нығайту міндеті. Мен осыны көп ойлаймын. Себебі, дүние жүзінде қалыптасқан өлшем бойынша өте шағын мемлекетпіз. Халық саны жеріміздің аумағына сай емес. 17-18 млн тұрғын халықпен де бейқам отыра берер едік, егер біздің жеріміз Оңтүстік Қазақстан облысының аумағындай болса… Ал, біздің жердің жалпы аумағы одан он алты еседей үлкен… Сондықтан, бізге таяу жылдарда халық санын 30-50 млн-ға жеткізбейінше, көп жағынан – елдің әлеуметтік-саяси, мәдени дамуына жол ашып, негіз қалар экономикалық өрлеу саласында да көп қиындықтар шеңберіне қамала береріміз хақ. Шетелдерде шашырап жүрген қандастарымызды елге қайтару ісі қожырап кетті. Осыған қайтадан мән беріп, жаңаша талаптар тұрғысынан ұйымдастыра алсақ, жергілікті халық санын көбейтудің жолы болмақ; яғни, әулетті – жанға, дәулетті – малға толтырудың бір амалы осы – көші-қон мәселесіне мемлекетшілдік сезіммен қамқор болу деп ойлаймын. Екінші, жаяу-жалпы сан қуып, жалаң цифрды малданып отырмай, сапаға көңіл бөлу маңызды. Қалың бұқараның қарасын көбейтіп, қатарын молықтырумен қатар қарым-қабілетін де жетілдіре түсуге – яғни, оның арасындағы оқып-тоқығандардың, білікті мамандардың үлесін арттыруға ден қойсақ, ұтылмаймыз. Біздің оқыту, білім беру үрдісіміз бір ыңғайда – гуманитариялық бағытта ғана келе жатқаны байқалады. Мұнымен алысқа ұзай алмаймыз. Елбасы елді индустрияландыру, инновациялы өндірісті дамыту міндетін алға қойып отыр, ал осынау ел тағдырын шешіп, есесін қайтарар осынау маңызды істің кілті – техникалық интеллигенция элитасын қалыптастырып, білікті әрі әмбебап жұмысшы кадрлар легін жасақтау ісінде. Ол үшін қазіргі кезде қаптап кеткен институттар мен университеттердің, түрлі колледждердің маман даярлау бейінін қайта құрып, заманауи техникалық-ғылыми жетістіктерді меңгерген жас ұрпақ, жеткіншек буын тәрбиелеуге бейімдеу қажет-ақ.

– Мұның да манадан бері сөз етіп отырған мемлекеттік идеология, ұлттық идея мұраттарына тікелей қатысы бар дейсіз ғой. Тоныкөк тасқа қашап жазып кеткен асыл аңсар – Мәңгі болу үшін не керек дегенге саяды ғой.

– Мәңгі ел идеясын Тоныкөк абызбен ақылдаса келе, Білге қаған шығарды: «Біз Өтүкенді қоныс етіп, Тағбаштың шекарасына жақындамай, керуен ғана жіберіп, қозғалмай отырсақ, Мәңгі ел боламыз» деді.

Мәңгілік өріне ұмтылған мына біздерге де, ең алдымен, сыртқы саясатты мығым жүргізіп, жан-жақтағы елдермен көз аларта қастасуды емес, құшақ толтыра достасуды ғана ойлаған тиімді. Иә, қазақ елінің бүгінгісі баянды, болашағы жарқын болуы үшін алыс-жақын шетелдерден тең дәрежелі, тату-тәтті қарым-қатынас орнатып, кем дегенде елу жыл бойы шаң көтеріп, қан төгетін жосықсыз жанжалдарға жолатпайтын жол – бейбітшілік салтынан жазбауымыз керек. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, тек байтағымыздың сырты – тыныш, іші тұтас болса ғана орта және ұзақ мерзімдерге арналған жоспарларымыз бен бағдарламалық міндеттерімізді абыроймен орындап, асқақ та асыл мұратымыз – Мәңгіліктің өріне көтерілеміз. Өзінің жыл сайынғы жолдаулары мен стратегиялық бағдарламаларында Президенттің сыртқы саясатымыздың тілін ширатып, көршілес Қытай, Ресей мемлекеттерімен, АҚШ, Еуропа, мұсылман әлемі және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты тереңдете түсуге екпін беруі, сайып келгенде, сол асқақ мұратқа абыроймен жету мүддесін көздейтіні анық…

– Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында көк түріктердің тасқа қашап жаздырған өсиетіндей Мәңгілік ел аңсары – елдің біріктіруші күші, ХХІ ғасырдағы мемлекеттілігіміздің мызғымас тұғыры екенін атап көрсетіп, «…біздің жалпы ұлттық идеямыз мемлекетіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алады. Жалпы ұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі» дей келе, қашқан, алауыздығы асқан жерден ештеңе өнбейтінін ынтымағы айтады. Иә, оны тарих та растайды: б.з. 552-745 жылдары көк аспан-қара жер арасында айбарлы қағанат құрып, дәуірлеген көк түріктері ағайын арасын ашар, бақ-береке қашар алауыздық пен өзара кикілжіңнің салдарынан тәуелсіздігін уыстан шығарып алғанын; Күлтегін, Білге қағандар өкініштен тас тырнап, «Басқалар үшін ісін, күшін берді. Қағанды халық еді, қағандығынан айырылды. Елді қаған еді, елдігінен айырылды. Сөйтіп, Тағбаш қағанға бодан болдық» деп зар жылағанын да білеміз. Ендеше, ең басты қоғамдық құндылық – Ел бірлігі идеясын, Мәңгілік ел аңсарын күллі қазақ жұртының, бүгін ұрпақ буыны мен ғайри ұлт өкілдерінің бойына дарытып, ойына жұқтырудағы, яки, отаншылдық рухта тәрбиелеудегі тарих ғылымының, әсіресе, әр алуан қайнаркөз, түпнұсқаларды тінте өткен кезеңдер елесін тірілтіп, көнеліктің көкжиегін кеңейтіп жүрген Өзіңіз сынды танымпаз қаламгерлердің рөлі қандай болуға тиіс?

– Таным жоқ жерде, тағылым да жоқ. Көне тарихтың көмбесін ақтару ісі кез келген ұлтқа бүгінін бағамдап, келешегін айқындау үшін қажет деп жатады ғой. Тап осы шетін мәселенің түйінін тарқатып, жігін жымдастыра білудің мән-маңызын талай айттық, айта да беретін шығармыз, сірә. Өйткені, бірде арнаулы министрлікке барып: «Менің «Көнеліктер», «Ноғайлы» деген кітаптарымды шығарып беріп едіңіздер, бірақ таралымы аз болғандықтан, нақты сұранысты өтей алмады, жарық күнде шырақ алып іздеушілер маза бермей тұр» дегенімде, «аға, бір шығарған кітапты қайталап шығара алмаймыз ғой» дейді. Өзі жауап беретін саладағы ұсыныс пен сұраныстың жай-жапсарынан бейхабар немесе оған ұсақ-түйек мәселе ретінде қарайтын маман қоғамдық ой-сананы қалыптастыратын тарихи жад пен таным тағлымына мән береріне, кітап таралымы мен жазушы тағдырына жанашырлық танытарына күмәнім бар. Қаламгерлер қамын айта беруге де ұяламыз. Өз басымдағы жағдайға келсем, баспадан бір тиын қаламақы алмағаныма жиырма жыл болды. Тек осы тәуелсіздік жылдарында әрқайсысы 50 баспа табақтай бес кітап жазыппын. «Инемен құдық қазғандай» еңбегім еш еленбесе де, шаншылып отырып, бас көтермей жаза беру әпенделікке ұқсас тірлік болып тұр.

Әрине, солай ғой.

– Әйтеуір, жүрекке қонақтап, санаға із салған нәрсе жарыққа шығып, ел қадесіне, ұрпақ тәрбиесіне жарасын, текке кетпесін деген ниет қой қолға қалам ұстататын…

Мемлекет басшысының «Мәңгілік ел» идеясы ұлтты ұшпаққа шығарып, рухын шыңдауға септесер ұлық аңсар екені анық. Оны көк түріктері армандаған, бірақ, бірлігі қашқандықтан жүзеге асыра алмағанын әрдайым жадта ұстауға тиіспіз. Біз бойы қатып, ойы қасаң тартқан ерте буын – егде ұрпақтың ой-санасын, дүниетанымын өзгертеміз, таным арқылы тәрбиелейміз деп текке әуреленбей, иек артар келешегіміз – жас буын жеткіншектерді, бүгінгі балаларды ұлттық мұраттар мен халықтық құндылықтарды қадірлей білуге тәрбиелегеніміз дұрыс. Солар ата-баба аңсарын дамытып, іске асырса, көксегеніміздің келгені, көсегеміздің көгергені.

Қазіргі кезде қазақ мектептері мен балабақшаларының көптеп ашылып жатқаны көңіл тоғайтады. Өйткені, он жыл ана тілінде оқып, білім негіздерін бойына жиып, ата тарих тағлымын бойына дарытқан бала өскенде өзгенің жылтырына елігіп, өз қағынан жери алмайды.

Екіншіден, тәрбие беріп, тағлым дарытудың жолы алуан: білім теріп, ғылым қууға да, билікке  ұмтылып, мансап иеленуге де, мақсатты қаракетке бел буып, дүниенің бір кетігіне кірпіш боп қалануға да, т.б. болады. Бірақ, осылардың барлығы маған өткінші, өмірзая нәрселер сияқты, бәрінің де тал бойында бір кемістік бар тәрізді сезіледі маған. Себебі, ең тұрлаулы, адастырмайтын жол – Ата жолы. Ата-бабаның салып кеткен дәстүрлі соқпағы – «Жеті Жарғыда» жүйеленген адамгершілік, ынсаптылық, кешірімпаздық, обал мен сауап, қыл аяғы, отбасылық қарым-қатынас туралы қағидаттарды бүгінгі қалыбымызға енген континенталды немесе ағылшындық-саксондық құқықтық жүйе постулаттарына апарып жамамасақ та, дәстүрлі мәдениетіміздің діл мәйегі, ізгі мирасы ретінде кейінгі буынға жұқаналап жеткізе білгеніміз абзал.

Өткен кезеңдердің іс ағзам амалдары мен ізгілікті қағидаттарын жас ұрпақ санасына сіңіре берудің ұлағаты мол дейсіз ғой?..

– Иә, ата-бабаны қадыр тұту қалыбын идеологиямызға арқау еткеннен ұтылмаймыз. Қазіргі діни ой-санада ата-баба рухын қастерлеп, құрмет тұтуды Алла тағалаға серік қосқандай, күпірлікке балап, қарсылық білдіру шалығы байқалып қалады. Ол ортодоксалды ислам қағидасы екені белгілі…

– Бірақ, біздің дәстүрлі сенім жолымыз – Ханафи мазхабының әл-Матуриди ақиқасын ұстанушылар пәниден бақиға өткендерге Құран бағыштап, рухын (әруақты) уәсила ету – Аллаға серік қосу емес дейді ғой. Шәкәрім атамыздың «Үш анығында» хақ мүсілімдіктің шарты – ақиретті мойындау екенін айтады. Сонда ғана жұмыр басты, жұлын өзекті пенде атаулы артына ізгілікті іс қалдыруға, Ар-ождан, Ынсап пен Мейірімді ғана тірлігіне таяныш етуге тырысады; сол сенім ғана оны обал мен сауаптың аражігін ажыратып, қандай шарғымен болса да қарын тойдырудан, яки, түстік өміріне кештік мал жиятын дүниеқоңыздық, құлқынқұмарлық пиғылдан, қазіргі тілмен айтқанда, жемқорлық, парақорлық сияқты тоғышар тірліктен аулақ жүреді. Өйткені, малдан саналы адам баласының басты айырмашылығы: төліне – ізін басар ұрпағына адал амал, ізгі істер үлгісін қалдыруға талпынады дейді ғой… 

– Ал, сол ізгілік ғұрпы мен тағлымы терең түсініктер қалыбы айдамал науқан, айқай ұранмен тұрмысымызға орныға салмайтыны белгілі жәйт. Көз көрмегенге көңіл тоқтатпайтын әдетіміз де бар, сондықтан… Айтпақшы, баяғыда көк түріктерінің де, ғұндардың да жылына бір рет тәу ететін, құрбандық шалатын «ата-баба үңгірі» дейтін болған. Әр тайпа өзі иемденген үңгір қабырғаларына, тау дерелеріне Тәңірінің, Бөрінің, Ұмай ананың бейнелерін бәдіздеп, табынған.

– Ондай үңгірлерді «үйек», «ұйық», «ыдық», «ызық» деп атағанын, бұл сөздердің көне түркілер тілінде «қасиетті», «киелі» ұғымын білдіретінін оқыған едім.

– Ұйық үңгірлердің екінші жағындағы саңылаудан шығатын аяқ жол, сүрлеу соқпақ жазиралы жазық алқаптарға алып барған, Ергене қондай берекелі ендіктерге – ұйық жерлерге жетелеген. Осы ғұрыпты қайта жаңғыртып, ождан-сенімімізге арқау етпесек те, ежелден еркіндікке ұмтылып, азаттық аңсаған еліміздің тарихындағы рухани белес ретінде Қазақстанның әр жеріне белгі-ескерткіштер қойсақ, келіп-кетіп жататын туристерді айтпағанда, жастарға ерекше әсер етіп, дүниетанымдық өрісін кеңейте түсер еді.

Әлі баспахана бояуы кеуіп үлгермеген «Көк түріктері» атты кітабыма осыдан 3 мың жыл бұрын тастан қашалған Тәңірінің, Ұмай ана мен Жайық ананың мүсіні бейнеленген суреттерді осындай мақсатпен кіргізген едім.

Міне, соларды табиғаты әсем тау қойнаулары, дере сайлардың аңғарына этномәдени-тарихи көрініс ретінде сомдап, мүсіндеп қойса, қандай тамаша! Он баласын соңына ертіп, тар үңгірден жазиралы жазық – ұйық жерге шығып келе жатқан Бөрі ананың бейнесін жасауға көп қаражат жұмсалмайды, есесіне, «мың өліп, мың тірілген», қиын да қысталаң кезеңдерінің тар қапасынан еркіндікке жетіп, бүгіндер жаһан танып, әлем жұртшылығы Еуропада алғаш шаң берген абстракционизм үрдісінің атасы П.Пикассоның «Герникасы» түріктің жартас суреттеріне еліктеуден туған. Нақтырақ айтсақ, түріктің «Жартас живописі» Еуропада жаңа мектептің қалыптасуына мұрындық болды. Біз өз өнерімізден көз жазып, алыстап кеткендіктен, өз тамырымызды өзіміз танымай қалып отырған жайымыз бар. Монументалды сымбат өнерінде түріктің «Жартас живописі» өнерін қайта тірілтсек – өнердегі үлкен жаңалықтың бірі осы болар еді.

Әңгімеңізге рахмет, аға!

Әңгімелескен: Мақсот ІЗІМҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button