Басты ақпарат

Азаттық таңы

Осыдан тура жиырма жыл бұрын, 2001 жылдың 15 желтоқсанында «Астана ақшамы» газетінде (№156-157) белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Ербол Шәймерденұлының «Азаттық» атты эссесі жарық көрді. 1991-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Парламентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған ақын өз мақаласында азаттық таңы атқанынан бастап он жылдық кезеңді қамтыған. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен мәслихатының қаулысымен көрнекті тұлғаның атына көше берілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойында қаламгердің сол мақаласын қайта басуды жөн көрдік.

[smartslider3 slider=1409]

Біз қазақ елінің берісі ХV ғасырдан бері, әрісі сонау ғұндар мен сақтар дәуірінен бері жер бетінен жоғалып кетпей, жасап келе жатқан жалпақ жұрт, іргелі ел екенін терең танып, білуге мүмкіндік алған ұрпақпыз. Бірақ «тану» бір басқа да, «таныту» бір басқа. Сондықтан да өткен сенімді он қадам десе де болар еді. Біз қазақ елінің тәуелсіз мемлекет атанып, зерен көк туы желбіреген жұлдызды сәтін өз көзімен көру пешенесіне жазылған ұрпақпыз. Бірақ «атану» мен «болу» бір емес. Арасы – жол. Алдын ала кесіп-пішіп, мөлшерлеуге келмейтін, қуанышы да, қиыншылығы да мол, түсініктісі де, түсініксіздігі де көп тарихи жол.

Сондықтан да өткен он жылды тәуелсіздік жұлдызын темірқазық етіп, батыл алға басқан аршынды он қадам десе де болар еді. Біз талайына тәуелсіз мемлекет құру, егемен ел азаматы атану және ұлы өзгерістер дәуірінде өмір сүру бұйырған ұрпақпыз. Бірақ «бұйрықты болу» мен «бұйыртудың» да айырмашылығы аз емес. Сондықтан да бүгін, 2001 жылғы 16 желтоқсан күні, Тәуелсіздік күні, «О, Тәңірім, егемендігіміздің бар игілігін елге бұйырта гөр. Бүгіндері еккен тал ертең саялы бәйтерекке айналса игі» дейсің іштей.

Адам баласы дүниеге азат болып келеді. Тіршілік қамытын мойнына киісімен-ақ, құрықталған асаудай тынысы тарылып, тыпыры көбейе түседі. Бара-бара тәңірі сыйлаған еркіндігінің өзі арманға айналады. Өзімен-өзі күресіп, жеңілгеннен кейін сол арманмен келесі дүниеге көшеді. Рухы жұмаққа еніп, періште қанатында азат ғұмыр кешеді деп ойлайды. Мәңгілік ұлы оптимизм деген осы. Қоғам да азат идеялар негізінде қауымдасып, топтасудан басталады. Бара-бара өзінен-өзі жеріп, өзін-өзі жарады. Өйткені алғашқы азат ойлар ұмыт қалып немесе танымастай өзгеріп кетеді. Қауырсын қанатындай жеп-жеңіл ізгі ниеттің өзі пайда мен айла атты қос зілзәрудің салмағының астында жаншылып, жер бауырлап қалады. Жаңа бір азат ойлар жаңа қоғамдарға жол ашады.

Мемлекет біткен де тарих сахнасына тек азаттық туын көтеріп шығады. Қала-мемлекеттер де, ұлт-мемлекеттер де, азаматтық қоғам-мемлекеттер де осылай еткен. Азаттыққа қажеттілік тумайынша, жаңа мемлекетке деген қажеттілік те тумайды. Мемлекет біткеннің анасы – азаттық.

Қазақ елінің жаңа тарихы қашаннан бастау алады? Әрине, осыдан он жыл бұрынғы желтоқсан айынан. Дәлірек айтқанда, 1991 жылғы 16 желтоқсаннан. Таяуда осы күннің ұлттық мереке атануы – соның бір дәлелі. Міне, біз сол күні қолымызға ұстап, қара сиямен белгі салған бір қағазды қарап отырмыз. Он жылдан кейін жай қағаз емес, өзінше бір мәні бар тарихи мұрағат десе де болатын сияқты… «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңының жобасы – бұл. Соңғы бетіне «18 сағат 14 минут» және «18 сағат 16 минут» деп жазып қойыппыз. Біріншісі – заңның, екіншісі – заңды іске қосу тәртібі туралы қаулының қабылданған уақыты. Жаңа тарихтың бастауы! Келмеске кеткен бодандықтың соңғы минуттары, тәуелсіздіктің алғашқы секундтары соғылған сәт десе де болады. Дәл осы кезде біз екі жағымызда отырған әріптестеріміз – Жоғары Кеңестің бөлім меңгерушілері Б.Мұхамеджанов (кейін ел Конституциясы авторларының бірі атанды, Әділет министрі болды) пен Ю.Скоробогатованың (қазірде Парламентте істеп жүр) қолын алып, бір-бірімізді құттықтаған соң, алдын ала келіскеніміздей, Парламенттің баспасөз хатшысы ретінде журналистерді, олар арқылы барша қазақстандықтарды ең ұлы тарихи жаңалықпен таныстыруға асыққанбыз. Ел тәуелсіздігінің тұңғыш ақжолтай хабаршысы болу қандай бақыт екені туралы біз онда ойланған да жоқпыз, әрине. Жүректі одан әлдеқайда жоғары, әлдеқайда маңызды сезім толық билеп алған еді.

Бұл ортақ көңіл күй асып төгіліп жатқан бір күн болатын. Ол заң қабылданысымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы лезде бүкіл Қазақстанға, әлемге тарады. Туысқан Түркия Республикасы жарты сағатқа жетпей қазақ елінің тәуелсіздігін танығандықтарын ресми хабарлап үлгеріпті. Әлемдік дипломатия тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жылдамдық деседі. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң – сан ұрпақтың

 Жаңа тарихымыздың басы… Тәуелсіздік күні… 16 желтоқсан… Қазақ тарихының ең мәртебелі ғана емес, ең қасиетті күн – бұл. Оған селт етпеген жүректен Отанын сүюді талап етудің өзі артық болар, бәлкім

 арманы болған мемлекеттік тәуелсіздігіміздің бақыт құсын қайыра шақырып, иығымызға қондырған киелі құжат. Бар болғаны 14 баптан тұрады. Соған қазақ елінің ең ұлы ұлттық мұраттары сыйып тұр. Тағы да он жыл бұрын қолымызда ұстаған заң жобасына қараймыз. Бірнеше екшеуден өтіп, ақтық рет арнайы комиссия пысықтаған, бар болғаны 18 баптың өзі оңай қабылдана салмағаны байқалып тұр. Соққан белгілеріміз сол туралы сыр шертеді. Кіріспенің әр жолы бір-бір қамалға айналғандай. Соның бәрінен өтіп, толық дауысқа салғанның өзінде сол кіріспеге 29 адам қарсы қол көтерген. «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп жүргізеді» деп жазылған нақты әрі айқын баптың (1-бап) өзіне 12 адам қарсы болған.

«Қазақстан Республикасының территориясы қазіргі шекараларымен біртұтас бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтын территория болып табылады» деген 5-бапқа депутат Ш.Мұртаза ұсыныс қосыпты. Бастапқы жобадан алынып қойылған бөлігі қайта қосылсын деп талап етеді (Ол: «Любые насильственные действия против конституционного строя Республики Казахстан, ее законно избранных властей, публичные призывы к нарушению территориальной целостности Республики, а также разжигающие межнациональную рознь, со стороны политических партий, иных общественных объединений или отдельных лиц преследуются по закону» деген сөйлем). Дауысқа салынған. Өте алмапты.

Ал мынау заң жобасына тұтастай берілген дауыстар… Залда отырған 287 адамның 270-і қолдап, 12-сі қарсы дауыс берген, ал 2-еуі дауыс беруден қалыс қалған, 3-еуі дауыс беруге қатыспаған. Бір қарағанда жай қарапайым есеп-қисап көрінетін осынау сандардың сыртында да әртүрлі мүдделер мен көзқарастар қақтығысы жатты ғой. Оны, әсіресе, ішінде жүріп, жақыннан саралағанда қатты сезінесің… Біз мұны егемен ел Парламентінде 1991 жылдың 27 қыркүйегінен 1996 жылғы 25 наурызына дейін баспасөз хатшысы қызметін атқара жүріп, әртүрлі жағдайда, әр қырынан танып, түйсінген жанбыз.

Тәуелсіздік туралы заң қабылданғаннан бергі бүгін, міне, тура 10 жыл. Көп нәрсе еске түседі… Көп нәрсе туралы ойланасың… Ең бастысы, сол он жыл сенің де тағдырыңа айналып, сенің де жүрегің мен өмірбаяның арқылы өткенін сезіну болса керек.

Қай халықтың да ең ұлы мұраты, ең ізгі арманы – ел болу, тәуелсіздік туын көтеріп, азат ғұмыр кешу. Қазақ елінің осынау бақыт құсы үш ғасыр бойы өгейсіп, осыдан он жыл бұрын ғана қайыра оралды. Бақыт құсы өз қадірін өзі білетіндер мен өз тағдырына өзі иелік ете алатындарды ғана қалайды.

Жаңа тарихымыздың басы… Тәуелсіздік күні… 16 желтоқсан… Қазақ тарихының ең мәртебелі ғана емес, ең қасиетті күн – бұл. Оған селт етпеген жүректен Отанын сүюді талап етудің өзі артық болар, бәлкім.

Тәуелсіздігімізге 10 жыл толды. Ә.Кекілбаев ағамыз айтқандай: «Орта толды, орда болдық».

Өткеніне табан тіреп, ертеңіне қарай еркін адымдаған ел ғана озатынына тарих куә. Жасампаздықтың бір көрінісі – жаңа астана құрылысы. Президент тапсырмасын тағдырына балаған іскер басшы Ә.Жақсыбеков бастаған астаналықтар ғана емес, бүкіл ел болып жұмылуда оған. Ежелгі Есіл бойында алаш арыстарының ақ тілегінен туған арман қала бой көтеріп келеді. Белгілі саясаткер әрі ғалым С.Ақатаевтың бір сөзі бар. «Қазақстанда шың көп: Хантәңірі, Мұзтау… Ұлытауымыз тағы бар, – деп жазады ол. Бірақ Ордабасыдан биік тау жоқ! Ордабасыны шыңдардың пайғамбарына айналдырып кеткен айналайын Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Әз Тәуке, Абылай хан бабаларымыз еді. Енді үш ғасырды артқа тастап қайта жаңғыртқан – Назарбаев! Ордабасының төбесіне көк ту шаншылды. Мамырдың майда желі қазақтың аспан түстес көгілдір жібек байрағын желбіретті. Мәңгілікке қадалған ту. Міне, осынау көрініс кімнің көзінен ыстық жасын домалатпады?!

Ордабасыға көк байрағымыз қадалды, енді қазақ ұлтына сол қасиетті екі нәрсені – көк туымыз бен көк шыңымызды қорғай алатын, қастерлеп ұстайтын мінез, іс-әрекет, ақыл-ой керек».

Шын жүректен шыққан жақсы сөз қашан да жанып тұрады. Шырақтай. Үміт пен сенім шырағы тәрізді!

Өткен он жылымыздың ең басты қорытындысы – егемен ел бола алатындығымызды өзімізге де, өзгелерге де дәлелдеуге тиісті сыннан сүрінбей өткеніміз болса керек. Бұл, сөз жоқ, зор жеңіс. Осы жеңісімізге табан тіреп тұрып енді жаңа биіктерге ұмтыламыз.

Қозғалыс бар жерде өмір бар. Өмір бар жерде жетілу, жаңару бар. Бодандық шынжыры үзілмей, соның бірі де бұйырмақ емес. Бүгінгі тәуелсіздік мейрамының мәні де осы ой желісінде жатыр.

Қай халықтың да ең ұлы мұраты, ең ізгі арманы – ел болу, тәуелсіздік туын көтеріп, азат ғұмыр кешу. Қазақ елінің осынау бақыт құсы үш ғасыр бойы өгейсіп, осыдан он жыл бұрын ғана қайыра оралды. Бақыт құсы өз қадірін өзі білетіндер мен өз тағдырына өзі иелік ете алатындарды ғана қалайды.

Өз қадіріңді өзің білу өзімшілдік емес, өз табиғат-болмысыңа адалдық. Өз тағдырыңа өзің иелік ету өзгеше қажырлылық пен шешімділікті, ақыл-парасат пен кеңдікті талап етеді.

Осы қасиеттер өз бойынан табылғанда ғана ел басынан бақ ауып, қыдыр көшпейді. Жер бетіндегі жалғыз Отанымыз – туған Қазақстанымыз, іргелі қазақ елінің де басынан ешқашан бақ ауып, қыдыр кетпеуін тілейік. Бұл біз үшін әдемі сөз емес, киелі дұға болуға тиіс. Осылай ойлап, осылай өмір сүрер болсақ, басқаның мүддесін қастерлеу мен бүкіл әлемді бауыр басу да әлдеқайда жеңіл, ең бастысы әлдеқайда мағыналырақ бола түспек.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button