Басты ақпарат

Азаттық таңында жарқыраған елорда

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: жарқыраған елорда» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Алқалы бас­қосуға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, шығармашылық интеллигенция өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Жиын барысында қала әкімдігінің қолдауы­мен жарық көрген «Nur-Sultan – тәуелсіздік тұмары», «Нур-Султан – символ независимости», «Тарихи шешімдер, тағдырлы белестер» кітаптары және «Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан» әндер жинағы таныстырылды.

[smartslider3 slider=1599]

 

1000-НАН АСА ІС-ШАРА ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕЙТОЙЫНА  АРНАЛДЫ

Аталмыш конференция биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында елордада әлеуметтік және идеологиялық бағыттарда жасалған істердің қорытындысын шығару мақсатында ұйымдас­тырылды. Осыны атап өткен Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов осы жылы бас қалада атқарылған, ерекше атап өтуге тұрарлық жұмыстарға тоқталды.

– Биыл Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында әртүрлі бағыттарда 1000-нан аса іс-шара өтті. Соның ішінде 300-ге жуық ірі көлемдегі іс-шаралар жоспарланды. Олардың барлығы толығымен жүзеге асты деп айтуға болады. Атап айтқанда, театр апталығы ұйымдастырылып, әлемнің ең үздік театрлары елордаға келіп, қойылымдарын қойды. Біз екі фильм түсірдік. Бірінші туынды Қала күніне орайластырылып, сол кезде республикалық телеарналардан көрсетілді. Ал екіншісі күзде тағы сол республикалық телеарналар арқылы таралды. Онда Нұр-Сұлтан қаласының 30 жылда жеткен жетістіктерін біріктіре отырып, әсіресе, соңғы уақытта, 2021 жылы жасалған игілікті істерді енгіздік, – деді Дәурен Бабамұратов.

ЕЛДІКТІ АСҚАҚТАТҚАН ЕСКЕРТКІШТЕР

Биыл елордада Алаш арыс­тарына және Елбасы еңбегіне арналған, сонымен қатар Дина Нұрпейісова, Талғат Бигелдинов, әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев ескерткіштері бой көтерді. Осыны еске салған Ішкі саясат басқармасының басшысы осы жылы руханият бағытында көптеген іс-шаралар атқарылғанын айтты. Соның ішінде көшелер мен мектептерге көрнекті тұлғалардың есімдері берілгенін атап өтіп, әлеуметтік бағыттағы істерге тоқталды.

– Осы жылдың басында басталған «30 игі іс» жобасының аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы 30 мыңға жуық мұқтаж отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Соның ішінде 15 мыңнан аса азық-түлік себеті таратылды. Қала әкімі Алтай Сейдірұлы жақында өткен баспасөз мәслихатында, оған дейінгі сұхбаттарында да биыл қалада 3,2 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатынын айтты. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Сонымен қатар 15 мектептің құрылысы басталып, толыққанды аяқталды. 13 мың үлескер пәтерлерінің кілттерін алды, – деген Дәурен ­Бабамұратов Тәуелсіздік мерейтойы аясындағы елордада өткен спорт жарыстарына тоқталды.

 ӨҢІРЛЕР ЕЛОРДАҒА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕЙДІ

Белгілі сәулетші, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков елордамыз 30 жыл ішінде әлемге танылып, «Бейбітшілік астанасы» атанғанын атап өтті. Елдің және елорданың сәулетіне кәсіби тұрғыдан пікірін жеткізді.

– Осы күндері қазақ халқы қала сала алмаған деген көзқарастан арылдық деп ойлаймын. Астанада, облыс орталықтарында құрылыс саласында үлкен өзгерістер болып жатыр. Бұл тарапта өңірлер елордаға қарап, бой түзейді. Қазақ ежелден киіз үйдің табалдырығын аттаған жерді «астана» деп атайды. Қазір астанамыздың әуежайы, жаңа теміржол вокзалы қаланың көркіне айналды. Елордамыздың дала мәдениетіне, дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға, таным-түсінігімізге сай өркендеуін тілеймін, – деді сәулетші.

Қоғам қайраткері, «Күй анасы» қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев Парламент Мәжілісі бірінші шақырылымының депутаты болды. Ол 1998 жылдың желтоқсанында бір топ әріптес­терімен елордаға келген кезді еске алды.

– Бұл жердің табиғаты ерекше ғой, ақ боранмен қарсы алды. Сол кезде қалада екі-ақ қонақ үй болды. Соның бірі «Турист» қонақ үйіне орналастық. Парламенттің ғимараты қазір Абайдың ескерткіші тұрған маңайда, мемлекеттік қызметкерлерді дайындайтын жоғары оқу орны ғимаратында болатын. Сонда елімізге аяулы ағаларымыз бен апаларымызбен бірге келдік. Сол жағалау толайым дала болатын. Бір үлкен жиында Тұңғыш ­Президент-Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаев сол жағалауға қарай қаланың өсіп-өнуін бағыттады. Бүгін сол шешімнің оңды болғанының куәсі болып отырмыз, – деген Төлеген ­Қуанышев қазір елордамыздың даму қарқыны дүниежүзі астаналарының өркендеу үрдісінің алғашқы тізімінде екенін атап өтті.

Қоғам қайраткері елордамыз спорт және мәдениет жағынан да алға озғанын айтты. Оған Әлем әртісі Айман Мұсақожаеваның, танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызының, Димаш Құдайбергеннің дүние жүзіне жасаған гастрольдері дәлел.

– Кезінде Әбіш ағамыз өзінің бір еңбегінде: «Ағайындар, жерлес­тер, тәуелсіздігімізді жыл сайын, ай сайын емес, минут сайын емес, секунд сайын қорғауымыз керек» деген ой тастады. Осыны қаперімізде ұстайық, – деді Т.Қуанышев.

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ АСТАНАСЫ

ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлі елорданың білім-ғылым жүйесіне тоқталды.

– Аспанмен таласқан үйлер, салтанатты сарайлар, кең көшелер, фонтандар елордаға жарасып тұр. Бірақ ғылым мен білімге дұрыс көзқарас қалыптаспаған жерде мемлекет болмайды. Елбасымыздың: «Білім мен ғылымды екінші орынға қойған мемлекет ешқашан, еш салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген қанатты сөзі бар. Соны қаперге алған елорда басшылығы 30 жыл ішінде үлкен жетістіктерге жетті. Техникалық және педагогтік екі институттың қосындысынан бас қалада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылды. Қазір бұл оқу орны халықаралық университеттер рейтингісінде әл-Фараби университетімен қатар тұр. Өнеріміз дамымай, өрге баспаймыз. Сол себептен елордада Қазақ ұлттық өнер университеті ашылды. Оған майталман қайраткер қызымыз, Еңбек Ері Айман Мұсақожаева жетекшілік етіп отыр. Бүгіндері «Шабыт» шабыттанып, өнеріміз шалқып тұр. Операмыз сайрап тұр. Елбасымыз елордамыздың төрінде Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академия­сын ашты. Елордада ғылыми және адами әлеуетінің дамып жатқаны – қала басшылығының еңбегі. «Елбасы мен елорда» – егіз ұғым деп айтамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында бәрі айтылған. Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы да бар. Осы мақалалар Тәуелсіздік қасиетін ұқпай жатқандарға ұқтырды. Тәуелсіздікке қол жеткізу бар, оны ұстап қалу да бар. Бұл енді жастардың қолында. Жастар – қозғаушы күш, – деді Кәрімбек Құрманәлі.

 ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ АЙБАРЫ

Белгілі ақын, Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін арнайы шақырумен елордаға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қызметке келді. Ол сол жылдарды еске алып, одақтың елордадағы филиалының жұмыстарына тоқталды.

– Елорда біздің көз алдымызда көркейіп өсіп, жетіліп келе жатыр. Кешегі Ақмоланың орнындағы жарқыраған елорда – Нұр-Сұлтан қаласы қазір әлемдік картада Қазақ елінің айбарлы астанасы, байрағы мен байтағы екендігін сездіріп тұр, – деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Былтыр елорда әкімдігінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуге қатысты жиын өткенін, сонда Абайдың 175 жылдығын қорытындылау, Жамбылдың биылғы 175 жылдығын өткізу, елорданың алдағы 25 жылдығын ұйымдастыру талқыланғанын айтқан ақын соның бәрін елдің есінде қалатындай өткізу ұйғарылғанын жеткізді.

– Сол жиында зиялы қауым тарапынан барлық іс-шаралар ішіп-жеуге емес, жұрттың болашағына, ұрпақтың санасына тәлім-тәрбие сіңіруге негізделсе деген ойлар айтылды. Меніңше, биылғы жылды қорытындылап отырған кезде Нұр-Сұлтан қаласында жоспарланған барлық іс-шаралар сол айтылған әңгімелер үдесінен шыға білді, – деді ақын.

Қазір астанада 160-қа жуық Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі тұратынын атап өткен ол ұлттық саясатты түсіндіруде қаламгерлердің рөлі зор екенін айтты. Соның ішінде биік мінберлерден талай сөйлеген Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова есімдерін еске алды.

Оның айтуынша, Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы Тәуелсіздік мерейтойына тарту дайындап отыр. 27 желтоқсан күні «Нұр-Сұлтан қаласының кітапханасы» серия­сымен шыққан 30 томдықтың таныстырылымы өтпек.

– Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі филиалымызға «Жазушылар үйін» ашып берді. «Қаламгерлер» аллеясында Алаш арыстары тұғырларына қонды. Осы қалада тұратын қаламгерлердің атында ағаш отырғызылды. Бұл үлкен саябаққа айналды. «Кітап қала» дейтін алаң ашылды. Жалпы елорда әкімдігінің қолдауын сезіндік. Жақында Тәуелсіздік мерейтойына арналған айтыста бас жүлде – автокөлікті де елорда әкімдігі тікті. Сондықтан қала әкімдігіне қаламгерлердің атынан үлкен алғысымды айтамын, – деді Д.Кәпұлы.

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырып отырған бірден-бір мекеме – «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы. Онда қала мен аудандардың, басқармалардың басшылары тұрғындарды қабылдауды өткізеді. Сондай-ақ мұнда әртүрлі мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Осы орталықтың директоры Әсемгүл Садыр мекеменің жұмысы туралы баяндады.

НҰР-СҰЛТАН – ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰМАРЫ

«Nur-Sultan – тәуелсіздік тұмары» және «Нур-Султан – символ независимости» кітаптары «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің материалдары негізінде дайындалды. Аталмыш басылымдар ұжымдары әзірлеген көлемді еңбектерде Тәуелсіздіктің 30 жылындағы еліміз бен елорданың елеулі оқиғалары қамтылды. Осы газеттердің бас редакторлары Еркін Қыдыр және Лариса Увалиева кітаптарды таныстырды.

– Егер Тәуелсіздік болмаса, Қазақстан өзінің астанасын Арқаға әкелмейтін еді. Тәуелсіздіктің ең басты жетістіктерінің бірі – астананың Арқаға көшірілуі. Сол себептен кітабымызды «Nur-Sultan – тәуелсіздік тұмары» деп атадық. Осыдан 30 жыл бұрын Целиноград қаласында 280 мың халық тұрды. Соның 18 пайызы ғана жергілікті халық еді. Қазір елорда тұрғындары бір миллион­нан асты. Оның 80 пайызға жуығы – жергілікті халық. Тәуел­сіздіктің ең үлкен жеңісі – осы, – деді Еркін Қыдыр.

Ғылыми-практикалық конференция осы және басқа да кітаптардың тұсаукесеріне ұласты. Соның ішінде «Тарихи шешімдер, тағдырлы белестер» кітабында мемлекет үшін елордада соңғы жиырма жылда қабылданған тағдырлы шешімдер қамтылған. Бұл кітап Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі негізінде дайындалды. Ал «Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан» әндер жинағына ақын Ербол Шәймерденұлының өлеңіне жазылған әнші, композитор Марат Омаровтың «Арман қала – Астана», ақын Ғалым Жайлыбайдың өлеңінен туған Ахмедияр Есмұхановтың «Есіл ағады» сынды елге танымал әндер, елордаға арналған басқа да туындылар енгізілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button