Таным

АЗАТТЫҚ ЖАУЫНГЕРІ

Біздің ата-бабамыз түрлі қанқұйлы соғысты басынан өткерді. Олардың ең соңғысы Ұлы Отан соғысы болды. Соғысқа қатысқан аталарымыз – ұрпақтарының, яғни, біздің бейбітшілікте өмір сүруімізді қалады. Уақыт өткен сайын Жеңістің маңызы артып келеді. Аталардың ерліктері – бүгінгі ұрпаққа өнеге.

Менің де үлкен атам Өтепбек Тастанбеков 1920 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданындағы Арыстанды өзені бойындағы Қызыларық деген жерде туылған. Алты жасынан әке-шесінен бірдей жетім қалып, туысқандарының қолында тәрбиеленеді.

Содан жетім балалар үйінде тәрбиелене жүріп, Шымкент қаласындағы Қорғасын зауытында жұмыс істейді.

1940-1941 жылдары арнаулы әскери дайындық мектебінен өткеннен кейін майданға жіберіледі. 1941 жылы жау қолында қалған Украина жерін азат етуге аттандырылады. Партизан қозғалысының құрамында болып Закарпатья, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асыруға атсалысты. Атам Өтепбек Тас­танбеков өзін өжет, тапқыр және қайтпас қайсар жауынгер ретінде көрсетті. Ол құрамында болған отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып жауға соққы берді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін көптеген орден және медальдармен марапатталды.

Соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласып, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында құрылған Алғабас совхозында көп жылдар еңбек етті. Үлкен әжем Айнаш Сүлейменқызымен бірге екі ұл, екі қыз өсіріп, он екі немере, қырықтан астам шөберелері іздерін жалғастыруда. Біздерге осындай жаймашуақ, бейбіт өмір мен бақытты сәттерді сыйлаған аталарымыз бен апаларымызға әр кезде де борыштармыз. Бабаларымыздың біздер үшін жасаған ерен ерліктеріне әркез тағзым етуден жалықпаймыз.

Бақдаулет МҰРАТБЕКОВ,
Ғ.Орманов атындағы мектеп-гимназияның 3-сынып оқушысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button