Елордада – есімі

Азаттық жыршысы

Елордадағы көшелердің бірі Таңжарық Жолдыұлының есімімен аталады. Алайда бейуақта туып, бейопа жалғаннан мезгілсіз көшкен талантты ақынның өмір жолы мен әдеби мұраларын біреу білсе, біреу біле бермейді.

[smartslider3 slider=3614]

Күрескер ақын, Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің аса көрнекті өкілі Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылы наурызда қазіргі Іле қазақ автономия­лық облысының Күнес ауданындағы Қамысты көктеулігінде өмірге келген.

Тоғыз жасында жанынан құрап, өлең айта бастаған бала Таңжарық Шығыс халықтарының әдебиетінен хабар мол Мыңбай дейтін ауыл молласынан сауат ашады. 1916 жылы Ресейден қашып барған Әбілмәжит әпенді дейтін татар оқымыстысы ашқан мектепке түседі. 1918 жылы Шапқы деген жерден ашылған мед­ресе-мектепке ауысады. 1919 жылы Күредегі (қазіргі ІҚАО Қорғас ауданы) моңғол-қазақ мектебіне оқуға түсіп, қытай тілін сауатты игеріп шығады.

Талапты жас бұндағы оқуды місе тұтпай, ауылындағы Нүптебек деген байдың «жырық көк» атанған атақты жүйрігін ұрлап мініп, Қалжат шекарасы арқылы Кеңес Одағына қашып өтеді. Бұл 1923 жылдың қаңтар айы еді. Нарынқолда 3 жыл оқып, орыс тілін меңгереді, қадамы жеткенше ел аралап, игі жақсылармен үйір-айқас болады. Әсіресе Абай мен Ыбырай мұраларына ерекше ден қояды, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш зиялыларының еңбектерімен танысып, шығармаларын жас көкірегіне жазып алады.

Таңжарық ақын 1925 жылы туған өлкесіне қайтады, бірақ, ел ішіндегі бақталастары мен жансыздардың тынымсыз арызы салдарынан, Таңжарық 1926 жылдың күзінде тұтқындалып, Құлжадағы абақтыға қамалады. Бірақ, халық сүйер ұлын сұраусыз қалдырмайды, ел-жұрттың үдеген наразылығы мен ел жақсыларының табанды өтінішінің күшімен Таңжарық он айдан кейін түрмеден босап шығады. 1933 жылы өлкенің саяси өмірінде күрделі өзгерістер жарыққа шығады да, Таңжарыққа қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына мүмкіндік туады.

Алайда 1940 жылдың ақпан айында Таңжарық екінші мәрте түрмеге қамалады. Оның бар «жазығы» осыған дейін «Алашордашылармен тіл біріктірді» деген күдікпен қолға алынған Мақсұт бастаған 70 адамға араша сұрап, билік органдарына арыз жазғаны еді. Таңжарықты Құлжа түрмесінде Кеңес Одағынан барған тергеушілер сұраққа тартады. Тамыз айында Үрімжідегі саяси тұтқындар түрмесіне жеткізілген Таңжарық табаны күректей төрт жылды тар есік, тас босағада өткізеді. Өлкедегі саяси жүйенің жаңаруына байланысты 1944 жылы күзде босап шыққан ақын көп өтпей қайта тұтқындалып, абақтыға қамалады.  1946 жылы бостандыққа шығып, туған ауылына оралған ақын қоғам жұмысына дендеп араласа бергенде, 1947 жылы 6 тамыз күні өмірден озады.

Күрескер ақынның 129 лирикалық өлеңі мен толғауы, 7 өлең-романы, 5 қиссасы, 6 айтысы, 11 әні халық мұрасына айналды.

 Ерлан МАЗАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button