Ажырасу азаймай тұр
Қазіргі уақытта неке тұрақсыздығы өткір мәселелердің бірі болып отыр. Мәліметтерге сүйенсек, Алматы, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарында бір жылда некеге тұрған әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалады екен. Қазіргі жаһандану кезеңінде барлық мемлекет демография мәселесін күн тәртібіне шығарып отырғаны белгілі. Ал демографияның қалыпты ырғағын қалыптастыру үшін отбасы құндылығына ерекше көңіл бөлінуі шарт.
Отбасы құндылығы – кез келген мемлекеттің ұстанып отырған басты саясаты. Педагогтар да, дін өкілдері де, ата-ана да, баланың үйлесімді дамуы мемлекет іргетасының берік болуына қызмет ететінін айтады.
Елімізде демография мәселесін шешу үшін мемлекет жыл сайын түрлі бағдарламалардың жүзеге асуына мұрындық болып, көптеген жобаны қаржыландырады. Алайда қомақты қаржымен халықтың саны көбейіп, отбасы құндылықтары артып отырмағаны белгілі. Ішкі жалпы өнімнің деңгейі жоғары мемлекеттерде де отбасы құндылықтарының жойылып бара жатқанын естіп жатамыз. Ал ажырасудың негізгі себептерін сарапшылар әлеуметтік жағдаймен байланыстырса, еуропалық социологтар отбасы мүшелері керісінше, экономикалық жағдай қиын кезде бір-біріне жақындай түседі деп отыр. 2008 жылы кәрі құрлықта орын алған әлемдік дағдарыс Испаниядағы ажырасулардың санын 12 пайызға дейін қысқартқан екен.
Сонымен қатар, коммуникация жетіліп, ғылыми-технологиялық жаңалықтардың көптеп ашылуы да шаңырақ көтерген жастардың жолын екіге айыруға ықпал етіп отыр. Мысалы, «Фэйсбук» «мейл.ру» әлеуметтік желілерінің, ұялы байланыс қызметтерінің де отбасы құндылығына теріс әсері көп. Отбасындағы қызғану, ұрыс-керіс сондай кезде туындайтын көрінеді. Сондай-ақ, елімізде некеге тұру жасы да жылдан-жылға ұлғайып келеді екен. 2000 жылдары 18 жас пен 22 жас аралығындағы жастар некеге отырса, соңғы жылдары 22 жас пен 32 жас аралығындағы азаматтар отбасын құрған.
2012 жылдың алғашқы тоғыз айында Астана қаласында 6846 неке тіркелсе, оның 1950-і сәтсіз аяқталыпты.
Отбасының бұзылуы кінәсіз сәбилердің жетім атануына, соның салдарынан елімізде балалар үйінің көбеюіне әкеліп соғары анық. Елбасы өзінің Жолдауында «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция» деді. Расында, бала – мемлекеттің басты байлығы, қазынасы және болашақ тірегі. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіру үшін оның толыққанды отбасы болуы керек.
Еркежан Сәтімбек,
e.********@as************.kz