Мәселе

Ажырасудан балалар көп зардап шегеді

«Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік болуының кепілі. Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуға тиіс» деген болатын Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев. Сонымен бірге, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында да отбасын қолдау және нығайту – еліміздің табысты дамуының кепілі деп көрсетілген. Оны орындауға, яғни халықтың лайықты өмір сүруіне заңнамалық, әлеуметтік және жан-жақты қолдауға заң тұрғысынан барынша мүмкіндіктер жасалып келеді. Өйткені тұрақты отбасын құру, көпбалалы болу – ұлтымыздың санын еселеп арттырудың негізі.

[smartslider3 slider=331]

Алайда қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуі, оның ішінде некелесу санының азаюы мен ажырасу фактілерінің өсуі алаңдатады. Соңғы жылдары бұл проблемалар жастар арасында да көбейіп бара жатқандығы жасырын емес.
Ықылым заманнан ұрпақ өрбітіп, көбеюді өсиет еткен салт-дәстүрімізді ұстануға не кедергі? Бәрін әлеуметтік жағдайға сілтей салу қисынды ма?
Біздіңше, өте маңызды проблеманың терең түбірі – жастардың тәрбиесінде, қалыптасқан қоғамдық ортасында сияқты. Ажырасу кезінде ең көп зардап шегетін балалар екені шындық. Дүние-мүлік бөлісу, балалардың тұрғылықты жерін анықтау дауы, алимент, туыстық қатынастардың үзілуі сияқты мәселелердің ауыртпалығы да, моральды-әлеуметтік қиыншылықтары да жетерлік. Толық емес отбасыда толыққанды бозбаланы, төрт құбыласы түгел бойжеткенді тәрбиелеу де оңай болмас.

Отбасы жайлы ұлттық баяндама мен ресми статистикалық мәліметтер бойынша 2015-2019 жылдар аралығында жалпы тіркелген некелердің саны – 709,6 мың, ал ажырасқан отбасылардың саны 274,5 мыңды құрап, яғни жалпы тіркелген некелермен салыстырғанда, ажырасу саны 35%-тен 43%-ке дейін көтерілгені байқалады. Демек, орта есеппен, соңғы 5 жылда ортақ есеппен күніне 389 неке тіркелсе, 150 отбасы ажырасқан.

Мысалы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 59 796 (119 592 адам) неке бұзылып, яғни бір күнде 164 отбасы ажырасқан. Сол жылы 120 мыңға жуық адам некесін бұзса, оның әрбір екіншісі, яғни 60 мыңнан астамы (60 324 жас адам – 50,5%) 18-35 жасқа дейінгі жастар. Ажырасулардың басым бөлігі 30-34 жас (23,3%) аралығындағы жас отбасыларға тиісті.
Ғаламдық індетке байланыс­ты 2020 жылы үйлену мен ажырасу төмендегенін ескергеннің өзінде бұл жағдайға бейжай қарауға болмайды. Жоғарыда баяндалған ақпараттардың негізінде ажырасу жағдайларын азайту үшін, сондай-ақ бұл үрдісті тежеу мақсатында мынадай ұсыныстар енгіземіз:

  1. Жастардың арасында тұрақты отбасы институтын қалыптастыру мен оның құндылықтарын дәріптеуді жандандыруға байланысты, орта және жоғары оқу орындарында арнайы факультативті пәндерді енгізуді қарастыру;
  2. Ажырасу жағдайында сот алдындағы медиациялық жұмысты жүйелендіру және оны ынталандыру, өркениетті елдердің отбасын сақтауға бағытталған тәжірибесін насихаттау. Мысалы, ажырасу ең аз тіркелетін Италияда, дәм-тұзы жараспаған жағдайда ері зайы­бын ғұмыр бойы асырайды.
  3. Қазақстан Президенті өз Жолдауында атап көрсеткендей, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беру қажет. Көпбалалы отбасылар үшін де осындай қолдаудың механизмін жетілдіру;
  4. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы алдында меншік түріне қарамастан барлық мекемелерде, ұйымдар мен ұжымдарда өткізілуі тиіс. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында отбасы құндылықтарын заманауи форматта дәріптейтін ақпаратты, видео-контентті көбейту.

Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Әрбір отбасы мен жас шаңырақты қолдау мен қорғау ісі адами капиталдың сапасын арттырудағы мемлекетіміздің кезек күттірмес міндеті деп санаймыз.

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button