Басты ақпарат

Әзірбайжан Мәмбетов – «Әкемтеатрдан» Қаллекиге дейін

Қазақ театры тарихын тарқатқанда өзінен кейінгілерге сара жол салып беріп, тұтас мектеп қалыптастырған тұлғалар есімдерін аттап кетуге болмайды. Солардың бірі де, бірегейі де – КСРО халық әртісі, КСРО және Қаз КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов. Шынымен, Мәмбетовсіз ұлттық театр өнерінің бір бүйірі олқы соғып тұрады. Қырық жылға жуық уақыт М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында, он жыл Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма теат­рында, елдегі басқа да өнер ошақтарында сан ­алуан жанр­да спектакльдерді сахналаған әйгілі режиссер үздік үлгі көрсетіп қана қоймай, қазақ театрын әлемге мойындатты. Кино өнері мен операда да айшықты қолтаңбасын қалдыр­ған Әзірбайжан Мәдиұлының туғанына осы күндері 90 жыл толып отыр.

[smartslider3 slider=3847]

Сахна саңлағының туған апасы Аққағаз Мәмбетова Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтын бітіргеннен кейін Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрына қабылданып, осы өнер ошағының негізін қалаған актрисаның біріне айналды. Ал жездесі – бейнелеу мен қазақ би өнерлеріне, театр мен киноға үлесін қосқан сан қырлы талант Әубәкір Ысмайылов. Ол Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтын (ГИТИС) аяқтаған соң, М.Әуезов театрында режиссер болып еңбектеніп, бірқатар қойы­лымдарды сахналады.

Әзірбайжан Мәдиұлына апа-жездесінің әсері бола қоймады деп айта алмаймыз. Режиссердің өнерге түбегейлі бет бұруына қазақ театры мен киносының алыбы Шәкен Айманов та әсерін тигізді. Шәкен Кенжетайұлы 12 жасар Әзірбайжанды «Алтын мүйіз» атты фильмге бірге ойнауға шақырды. Өнердегі алғашқы қадамдарын осылай бастаған режиссер жиырма жасында Алматы көркем училищесінің актерлік факультетін тәмамдады. Одан кейін апа-жездесінің жолымен Мәскеуге, А.Луначарский атындағы театр өнері институтына аттанды.

Аса көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай «Қаллеки» театры атты кітабында: «Әуелде емтихан алушы комиссия құрамы талапкер Мәмбетовтің режиссерлік қабілетіне күдік білдіріп, оны оқуға қабылдамай тастайды. Бірақ өршелене түскен ол демалысқа шығып кеткен Горчаковтың жолын жалықпай күтеді. Жатақханаға жасырынып жатып, институтқа ұрланып кіріп жүріп дегендей, ақыры ғұлама ұстазбен кездесудің ретін табады» деп жазады.

Осылайша Әзірбайжан Мәмбетов театрда тұтас жүйені түзген Константин Станиславскийдің шәкірттері, КСРО халық әртістері Николай Горчаков пен Андрей Гончаровтан тәлім алады. «Қазақ елінен келген жас жігіттің жүзінен жігер, жанарынан жалын аңғарған тәжірибелі тәлімгер Горчаков «Қанден мен пілді» кемеліне келтіре оқып, көркемдік әлеміне қиял жүгіртуімен ерекшеленген Азикті (оны алғаш рет осылай атаған осы ғазиз жан) өз шеберханасына алады. Көреген профессор қателеспепті. Дипломдық жұмысын қытай драматургиясы негізінде жасалған сәтті қойылыммен тәмамдап, ол елге оралады» деп жалғастырады Әшірбек Төребайұлы.

Әзірбайжан Мәдиұлы бастапқыда Гурьев (Атырау), Жамбыл театрлары сахнасында «Жеке адамның ісі», «Екі мырзаға бір қызметші» секілді спектакльдерді қойды. Бірақ оны талантты режиссер ретінде М.Әуезов театрында сахналаған спектакльдер танытты. Қарашаңыраққа ол жалындаған жиырма бес жасында қоюшы режиссер болып келді. Кейін осы өнер ордасында директор, бас режиссер, көркемдік жетекші болып, отыз жыл шығармашылық жағын басқарды.

1965-1995 жылдар «әкемтеатрдың» алтын дәуірі немесе Мәмбетов кезеңі саналады. Осы театрда қойған тырнақалды туындысы – Шахмет Құсайыновтың «Ертіс жағасында» пьесасы.

«Ол актерлерден бағы жанған режиссер еді. Ата, аға буын мен өз замандастарын керегінше сахнаға тартты. Режиссерлік алақанында сан толқын орындаушылар тобы жасындай жарқылдады. Сонау алыптар тобынан бастап, Асанәлі, Фарида, Әнуар, Райымбек, Сәбиттер легі, Тастанбеков, Боранбаев, Кенжеев, Мейрамов, Жаманқұловтар лебі Мәмбетов дәуренінің дәуірлеуіне айтарлықтай жағдай туғызды» деп жазады Әшірбек Сығай.

Әзірбайжан Мәмбетовтің қолтаңбасындағы классикалық қойылымдардың бірі – Шыңғыс Айтматовтың шығармасы желісімен сахналанған «Ана – Жер ана» спектаклі. Осы қойы­лыммен режиссер 1965 жылы Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Бұл спектакльді Иранның Шираз қаласында өткен Азия, Африка, және Латын Америкасы елдерінің халықаралық фестиваліне апарды. Ал 1974 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» туындысын сахналап, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Дәл осы қойылымды Прага ұлттық театрының сахнасына шығарды.

1983 жылы Шыңғыс Айтматовқа үшінші рет КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Әйгілі жазушы бұл сыйлықты «Боранды бекет» романы үшін иеленеді. Е.Вахтангов театры 1983-1984 жылғы маусымында осы шығарманы сахналауды шешіп, қоюшы режиссер ретінде Әзірбайжан Мәмбетовті таңдап, шақырады. Алайда КСРО Мәдениет министрлігі Мәмбетовті менсінбеді. Соған қарамастан бас кейіпкер Едігенің бейнесіне бекітілген Михаил Ульянов бастаған театрдың шығармашылық құрамы Мәмбетовке сеніп, қолдау көрсетті. Не керек, спектакль КСРО-ның Мәдениет министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, тағы басқа органдарға алты рет тапсырылды. Мәселе КОКП-ның Орталық комитетіне дейін барып, сол жерде Ульянов сөз алып: «Партия екі ұшты саясат жүргізіп отыр ма? Бір қолдарыңмен Айтматовқа Мемлекеттік сыйлықты беріп, екіншісімен Мәмбетов­тің қойылымына тосқауыл қоймақшысыздар. Мұны қалай түсінеміз?» деді. Ақыры мәселе оң шешілді.

Мәмбетов инсценировка жасауды өз мойнына алып, 1984 жылдың күзінде дайын материалды Мәскеуге әкелді. Спектакль «Ғасырдан да ұзақ күн» атауымен сол жылы сахнаға жол тартты. Бұл қойы­лым қоюшы режиссердің де, бас кейіпкерді сомдаған актердің де абыройын асырды. Михаил Ульянов кейіннен «Реальность и мечта» атты кітабында осы спектакльге де тоқталған. Сонда музыкасын жазған режиссердің асыл жары Ғазиза Жұбанованың еңбегін де атап өткен.

«Ә.Мәмбетов табысының басым көпшілігін Ғ.Жұбанова жазған музыка сарынымен байланыстырған жөн. Оның өмірдегі, өнердегі жан серігі болған әйгілі композитордың әуен өрбітудегі шеберлік техникасы режиссер Мәмбетов қолтаңбасына, оның сахнадағы оқиғаларды бейнелеу тәсілдеріне, орындаушылар іс-әрекеттерін оңтайлы үйлестіруіне, жалпы қойылымның дәуірлік, жанрлық сипаттарын тереңдей аша түсуіне табиғи кірігіп жатар еді» деп жазады Әшірбек Сығай да. Шынымен де, Әзірбайжан Мәмбетовтің «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ана–Жер ана», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», басқа да шоқтығы биік туындыларды әуенмен әрлеген Ғазиза Жұбанова еді.

Әзірбайжан Мәмбетов кино өнерінің өрлеуіне де атсалысып, «Ән қанатында», «Қан мен тер», «Жаушы» көркем фильмдерін, «Абай» телефильмін түсірді. Бұл кинотуындылар қазақ кино өнерінің алтын қорына айналды. «Ән қанатында» және «Қан мен терде» бас кейіпкерлерді сомдаған Әнуар Молдабековтің ойыны бір көрген адамның есінен шыға қоймайды. Осы фильмдердің сәтті шығуына актердің табиғи таланты, рөлге жанын салып берілуі және қоюшы режиссердің жоғарғы талабы да әсер етті деп ойлаймыз.

Әзірбайжан Мәмбетов М.Әуезов театрында талай таланттардың бағын ашты. Кейіннен бірнешеуін астанаға, Қаллеки театрына шақырды. Бұл қатарда Қазақстанның халық әртіс­тері Гүлжан Әспетова мен Тілектес Мейрамов есімдерін ерекше атап өтуге болады.

Әзірбайжан Мәмбетов Қаллеки театрына қызметке келгеннен кейін «әкемтеатрда» қойған кейбір спектакльдерді жаңаша жаңғыртты. Соның бірі – кезінде Мәскеуді дүрілдеткен «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымы. Қою­шы режиссер онда Едіге бейнесін оған дейін театрда елене қоймаған актер Болат Ыбыраевқа беріп, оның талантын ашты. Содан бері де Едіге Болат Қалыбекұлының ең шоқтығы биік рөлі болып келе жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзінің бенефисін де актер «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклімен өткізді.

Жалпы Әзірбайжан Мәмбетовтің Қ.Қуанышбаев театрына келуі өнер ошағының кәсіби қалыптасу кезеңінің жаңа беттерін ашқандай болды. Сахнаның тым тарлығына қарамастан «Ана–Жер ана», «Қан мен тер», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» секілді классикалық қойылымдар сахналанып, жас театрдың шығармашылық өрлеуіне оң әсерін тигізді. Мәмбетовпен бірге Алматыдан астанаға Гүлжан Әспетова мен Тілектес Мейрамовтан бөлек Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Лейло Бекназар-Ханинга, Жұмагүл Мейрамова, Нұрзада Тәшімова, Ақыш Омар, кейіннен Кеңес Нұрланов келді. Қазір осы әртістер Қаллекидің аға буынына айналды.

Әзірбайжан Мәдиұлынан бір-екі жыл бұрын астаналық театрға қабылданған Нұркен Өтеуіл, Айнұр Бермұхамбетова, Қуандық Қыстықбаев, Алтынай Нөгербек секілді бүгінгі белгілі әртістер де Мәмбетов мектебінен өтіп, шығармашылық тұрғыдан шыңдалды.

Әзірбайжан Мәмбетов 1970 жылдан педагогикалық қызметпен айналысты. Алматыда қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында, астанаға ауысқаннан кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ берді. Профессор атағын алды. Актерлерді ғана емес, режиссерлерді де тәрбиеледі. Нұрқанат Жақыпбай, Сәулебек Асылханов, Жанат Хаджиев, Болат Атабаев, Нұрлан Жұманиязов сынды белгілі режиссерлер – Мәмбетов мектебінің түлектері.

Әзірбайжан Мәмбетов Абай атындағы опера және балет театрында ұлттық классика «Еңлік–Кебек» және Ғазиза Жұбанованың «28 панфиловшылар» операларын қойды. 2000 жылы К.Байсейітова атындағы опера және балет театры Мәмбетов сахналаған Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен ашылды. Кейін­нен режиссер осы театрда Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын сахналады.

Әзірбайжан Мәдиұлы 2000 жылы Астана қаласының Құрметті азаматы атанды. Сол жылы оған Елбасы Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы берілді. Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда соққы алған еді. Сол ескі дертінен 2009 жылдың 17 қарашасында дүниеден озды.

Бірнеше жыл бұрын шығармашылық ғұмырында 150-ден астам спектакльді сахналаған әйгілі режиссердің есімін елдің есіңде мәңгі қалдыру мақсатында елордада бірқатар жұмыстар қолға алынды. Оң жағалаудағы Әлихан Бөкейхан көшесі сол жағалауға көшіріліп, оның орнына Әзірбайжан Мәмбетов аты берілді. Бұл көше қаланың ескі орталығында орын тепкен. Бұрынғы Конгресс-Холл, қазіргі «Астана» концерт залының маңайында сонау Қараөткел, Ақмола кезінде өнер жәрмеңкесі өткені жайлы тарихи деректер бар. Қазір де сол аумақты елорданың мәдени орталығы деп атауға болады. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, Музыкалық жас көрермен театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, астананың «Арбаты» сол маңайда орналасқан. «Театр» желекжолы да Ә.Мәмбетов көшесін көктей өтеді. «Астана» концерт залының қарсы алдында еуропалық киім үлгісінде ер адам мен әйелдің мүсіндері тұр. Олардың орнына Әзірбайжан Мәмбетов пен жары Ғазиза Жұбанова ескерткіштері орнатылса, жарасымды болар еді деп ойлаймыз.

Ескерткіш демекші, былтыр Мәмбетов жұмыс істеген Қазақ ұлттық өнер университетіне режиссердің мүсіні қойылды. Әзірбайжан Мәмбетов өскен Орал қаласында да осыдан он жыл бұрын мүсіні ашылды. Сол кезде осы шаһарда Ә.Мәмбетовтің туғанына 80 жыл толуына арналған республикалық театр фестивалі де өтті. Ал биыл 22-30 қазан аралығында елордада өтетін «TEATRALL» ІІ халықаралық театр фестивалі 90 жылдығына арналмақ.

2020 жылдың 19 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Nomad City Hall» МКҚК атауы Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры болып өзгертілді. Тиісті салтанатты шараға қала әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты. Өрелі өнер тудыра білген суреткердің аты өшпейді. Осы уақытқа дейін атқарылған істер соған дәлел.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button