ЖаңалықтарИмантаразы

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАНДАҒЫ» АУЫЗАШАР

Ауызашар

Қасиетті Рамазан айында елорданың айшықты құлшылық үйі «Әзірет Сұлтан» мешітінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналып ауызашар дастарқаны жайылды.

Шам намазының азаны шақырылып, намазы оқылғаннан соң, ауызашар кеші Алланың кәләмі – Құран кәрімді оқумен бас-талды. Бұдан соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының найб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз кеш шымылдығын түріп, сөз сөйледі. «Бүгінгі ауызашар кеші қаламымен қоғамға ойтүрткі болған БАҚ өкілдеріне арналып отыр. Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) «Дін – насихат» деген. Ата дініміз бен баба дәстүрімізді бұқараға жеткізуде сіздердің орындарыңыз айрықша. Осы орайда, сіздерге үлкен алғысымды білдіргім келеді. Елдің амандығы, халықтың бірлігі үшін аянбай етіп жатқан қызметтеріңізге Алла мол сауаптан жазсын. Бүгінгі ақ ниетпен жайылған ауызашарымыз сіздерге айтар алғысымыздың нышаны» деді Серікбай қажы.
Ауызашар кешінде игі тілек, ізгі ниеттерін білдіруші қонақтар мен қара домбырадан қоңыр күй селдеткен өнер иелері де болды. Орайлы кеште «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев жұртшылыққа «Muslim.kz» интернет порталынан мүмкіндігі шектеулі жандарға ашылған арнайы парақша туралы қуанышты хабарды жеткізді. Аталмыш парақшада сурдоаударма қызметінің көмегі арқылы «Жұма уағыздары», «Сұрақ-жауап», «Дәрістер» және «Фильмдер» айдарларын қарауға үлкен мүмкіндіктер жасалған.

Кеш соңында қонақтарға асыл дініміз туралы газет-журналдар, ата дін мен баба дәстүрі қамтылған CD таспалары жинақталған кәдесыйлар таратылып, баршасы көңілді күйде тарқасты.

Елордамыздағы еңселі мешіт «Әзірет Сұлтанда» жыл сайын отыз күн оразада әр күн 400 адамға арналып ауызашар дастарқанын жасау игі дәстүрге айналған. БАҚ өкілдеріне арналған кеште 300-ге жуық қонаққа қызмет жасалды.

Жайық НАҒЫМАШ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button