Жаңалықтар

Әзірге жағдай жақсы…

Менің атым – Жәутік. Ұлтым – қазақ. Қазақстан Республикасының азаматымын. Үлкен шаһардан жұмыс таптым… Әәә, тапқанда, былай ғой… Басынан бастайыншы…

Ауылда әжептәуір танылып қалған әнші болатынмын. Құрылыстың да қыр-сырын тәуір меңгергенмін. Аудандық газетте он жылдай тілші болған тәжірибем және бар. Қысқасы, мен «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт… Жоқ, жігіттің төресімін ғой!
Қатыным күнде «елдің байы жылтыр қала туралы түс көреді…» деп қоймаған соң, «сол жақтан нәпақа табудың бір реті болып қалар» деген мысықтілеумен ауылдан көшіп кеттім. Сөйтіп, жыл бойы жұмыс іздеп жүрдім.
Алғашқы барған жерім – бір филармония құрамына әншілерді іріктеген байқау болды. Дауысы барқырағаннан жоғарыларға нөлдері көп теңге береді екен. Екі миллиондай деген сияқты, ұмытпасам. Байқап отырсам, әнші болғысы келгендердің арасында мен және тағы екі қазақтан озығы жоқ… Амал нешік, жеме-жемге келгенде, әлгі миллиондарды бес өзбек иеленді де кетті! Кейін естідім ғой, сол жерде қазылық етіп отырған қарақтарым: «Мұндай көп сома қазақтардың қалтасына ауырлық қылады. Қайдағы бір қаратабандарды құтыртқанша, өз-акаларға бере салайық!»,- деп шешіпті.
Құрысын деп, құрылысқа тарттым. Қасымдағы қазақтарды қосқанда, жетеумізден өзгесі – өңкей түрік! Өздері түк білмейді екен. Цемент пен құмды араластыра илеу, кірпіш қалау, есік-терезелерді орнату сияқты жұмыстардың бәрін үйретіп шықтық. Сонысына қарамай, олардың үстінде су жаңа форма да, біз ауылдан ала келген жамау-жасқау киімсымақпен жүрміз. Әйтеуір, алғашқы жалақыға да қол жетті. Жеті қазақтың жетістіріп алғаны – тоқсан мың теңгеден. Мұнда келгенше ондай қомақты қаржыны көрмеген қайран басым, жылап жібердім. Ал, 85 түріктің әрқайсысы алты жүз мың теңгеден шытырлата санап жатып: «Өй, бір ай бойы жалданып жүріп тапқанымыз осы-ақ па?!» деседі. Қазақ бригадиріміз ол бейбақтарды сабырға шақыра жүріп, қолындағылардың үстіне тағы да жүз мың теңгеден қосып беруге әзер көндірді. Бізден оңашалап әкетіп, бірдеңелерді сыбырлай қойғаны сол-ақ екен, дәу қаралардың біреуі: «Қазақ аркадашыларды севиорум!» дей ме, сондай бірдеңені айтып, айқайлап жіберді…
Құрылыста көрген-білгенімді үйдегіге тәптіштей бастап едім, оның ақылы арта кетіп: «Сен байғұстың алдыңды әркім орап кете береді екен осы! Бірдеңе шимайлай алатының бар емес пе, телеарнаға тартсаңшы!» дегені.
Таңертең телеарна басшысының алдында отырдым. Обалы нешік, сирағы сидиып, жылқышы торғайша зыр жүгірген хатшы қызға екі-екіден шай алдырта отырды. Пакеттегі шайды ысыраптағым келмей, оны екінші күрішкеге сала бергенімде: «Ты што, братуха, мамбет што ли?! Бұл «однаразовый» деп аталады, сендерше айтқанда – бірсалар… Ха-ха-ха!»,- деп дарақылана бір мазақтап алды. Оның тәптіштеген «тәмсілінен» қысқаша ұққаным: айлығым ондағы орыстардікінің елу пайызындай болады екен. Себебі, сюжет мәтінін солар дайындап, біз аудармамен ғана отыратын көрінеміз. «Казахский рожаң эфирге келмейтіндіктен, ұсақ-түйек тапсырмаларға шыққанда, жылтың етіп камераға түсіп қалушы болма!» деп салды, сөз соңында. Еее деп, одан да шықтым…
Сонымен, үлкен шаһардан бір жұмыс таптым-ау! Қос базардың ортасындағы жерасты жолында насыбай, шемішке, қатыным пайдаланған опа-далап, сол тоқыған шұлық және өзім аулаған балықтардан сатып отырмын. Жақсы өтеді екен. Нағыз қазақтар тұруға лайық жер осы ғана сияқты көрінді маған! Дәл артымда «Сауда жасауға қатаң тыйым салынады!» деп бадырайта көрсетілген ескертпе жазу тұр. Оған қапталымдағы «әріптестерім» де пысқырып қарамайды.
Айтпақшы, әлі күнге дейін бір жебірейдің қуықтай саяжайын жалдап тұрып жатырмыз. Қатыным ингуш әйелдің айналасы атшаптырым үйінде бала тәрбиелеген болып әлек. Әзірге жағдай жақсы…

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button