Sport

Азияның алтыны

Нұр-Сұлтан қаласында дзюдо күресінен өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық дзюдошы Данияр Шамшаев алтын медаль жеңіп алды.

[smartslider3 slider=3661]

 

73 келі салмақта сынға түскен отандасымыз финалда Өзбекстан балуаны Муроджон ­Юлдашевті дзюдоның ең әдемі әдісі – ­«иппонға» түсірді.

Әзірге екі күннің нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынына бір алтын, бір күміс және екі қола медаль түсті. Чемпионат бүгін және ертең де жалғасады.

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Құрлық біріншілігіне 19 елден 200-ге жуық дзюдошы келді. Азияның ең мықты балуандары төрт күн бойы  жекелей және аралас-командалық жарыстарда жеңімпаздарды анықтайтын болады.

Байрақты бәсекенің салтанатты ашылу рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Азия дзюдо одағының президенті Обайд әль Анзи, Қазақстан дзюдо федерациясы президентінің міндетін атқарушы Асхат Житкеев және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас директоры Серік Қасқабасов қатыстып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Құрметті спортшылар және жарыс қонақтары Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіздер! Дзюдодан Азия чемпионаты елордамыздың тарихында бірінші рет өтіп отыр. Дзюдо жарысының өтуі спортшыларымыз үшін маңызды. Өйткені, осындай жарыстар спортшыларды шыңдауға мүмкіндік береді. Спортшыларға сәттілік тілеймін! Ал еліміздің дзюдошыларына жоғары жетістік тілей отыра, осы Азия чемпионатында еліміздің туын биікке көтеріп, әнұранымызды ­шы­­р­­қатуларыңызға тілектеспін! Ең мықтылар жеңіске жетсін!»  деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жарыстың ашылу салтанатында.

Азия дзюдо одағының президенті Обайд әль-Анзи спортшылар мен жанкү­йерлерге ілтипат танытып, құрметті қонақтарға естелік сыйлықтар табыстады. Жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің атынан Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалысқа орасан зор үлес қосқаны үшін Азия дзюдо одағының президенті Обайд әль-Анзи арнайы төсбелгімен марапатталды.

Азия чемпионатында Қазақстан намысын ұлттық құрама сапындағы 18 спортшы қорғайды. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары мен әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері де бар.

 IJF ережелері бойынша Азия чемпионатының медаль иегерлеріне олимпиадалық рейтингте ұпайлар қосылатын болады. Атап айтқанда, жеңімпаз 700 ұпай, күміс жүлдегер – 490 және қола жүлде – 350 ұпай алады.

Ал, чемпионаттың алғашқы екі күніндегі көрсеткіштерге келсек, қазақ жанкүйерлерін қуанышқа бөледі деп айта аламыз. Атап айтқанда, әйелдер күресінде Абиба Абужақынова (48 келі) күміс жүлдегер атанса, ерлер бәсекесінде Мағжан Шамшадин (60 келі) мен Ғұсман Қығызбаев (66 келі) қос қоланы қоржынға  салды.

Азия чемпионаты көрермендер үшін «Qazsport» арнасынан да көрсетіледі.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button