ЖаңалықтарҚала тіршілігі

АЗЫҚ-ТҮЛІК АЗАЙМАЙДЫ

Ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізуді дәстүрге айналдырғалы бері Астана тұрғындары ауылдың құрт-майы мен дәмі тіл үйіретін бал қымызынан тарықпайтын болды. Аптаның әрбір жұма, сенбі, жек-сенбі күндері жаппай жәрмеңкеге ағылған жұрт қажетті азық-түлігін әдеттегі нарық бағасынан 10-15 пайыз арзанға сатып алып жатыр.

Жәрмеңкенің көркін ашатын арзан әрі сапалы азық-түліктің басым бөлігі Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Жамбыл секілді ірі азық-түлік белдеуі саналатын облыстардан жеткізілген. Сонымен қатар, «Капитал Натур продукт», «Нәтиже», «Милк проект», «Дәмді ет», «Қазгер-Құс», «Жас қанат» секілді жалпы саны 150-ге жуық үздік тауар өндіруші отандық компаниялардың өнімдерін әлдеқайда төмен бағамен сатып алуға болады.
«Думан» ойын-сауық орталығының автотұрақ аумағында ұйымдастырылған жәрмеңкеге келушілердің қарасы бұл жолы да көп көрінді. Оқтын-оқтын түйіліп келіп, төгіп тұрған жаңбырға да қарап жатқан ешкім жоқ. Абыр-сабыр ағылған жұрт жәрмеңкенің көрігін қыздырып жатты. Тауар жеткізушілердің айтуынша, елорда тұрғындары тарапынан құрт-ірімшік секілді ақ тағамдар мен жеміс-жидек, көкөніс түрлеріне сұраныс жоғары екен. Бағасы біршама арзан болғандықтан, сүт пен ет те ұзақ тұрмайды. «Әп-сәтте талап алып кетеді» дейді сатушы Қаламқас Нұрғалиева.
Әдетте литрі 600-700 теңгеден түспейтін қымызды бұл жерден 500 теңгеден алуға болады. Арнайы дүкендер сөресінен болмаса, көп кездесе бермейтін сапалы сүзбенің келісін – 600, сары майды – 1400, қой етін – 1200, жылқы етін де қалауыңызға қарай 1150-1250 теңге аралығында сатып аласыз. Айтпақшы, бағасы 450-ге дейін шарықтап тұрған қанттың келісінің бұл жәрмеңкеде 270 теңгеден сатылып жатқанын көріп, таң қалып жатқандарды да байқадық. «Қымбатшылыққа қарамастан, жәрмеңкедегі бағалар біршама тұрақты болып тұр. Таңдау еркіндігі де мол. Сонымен қатар, осы маңайда тұратын тұрғындар үшін бұл орын бағасы ғана емес, уақыт жағынан да ұтымды болып тұр. Бұрындары қаланың шетіндегі «Көк базар» мен «Шапағатқа» баратын едік. Қазір ыңғайлы болды, жақын жерден алып кетіп жатырмыз керек-жарағымызды», – дейді Құндызай есімді қала тұрғыны.
Қымбатшылық демекші, соң­ғы бірнеше күннен бері Астанада азық-түлік бағасының қым­баттауы байқалып отырғаны бел­гілі. Осыған байланысты азық-түлiк бағасын тұрақтандыру жөніндегі жедел штаб құрылып, қымбатшылықтың алдын алу туралы іс-шаралар қолға алынып жатыр. Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары әрі азық-түлiк бағасын тұрақтандыру жөніндегі жедел штаб басшысы Андрей Лукин баға нарығын тұрақтату үшін, ең алдымен, жәрмеңкелер жұмысына назар салуды тапсырған болатын. «Әлеуметтiк маңызды азық-түлiк бағасының қымбаттауына байланысты Астана әкiмдiгi бiрқатар iс-шараларды қолға алды. Әкiмнiң тапсырмасымен қазiр қаламызда ауылшаруашылығы жәрмеңкелерi өткiзiлiп жатыр. Жәрмеңкелер апта сайын емес, енді күнделiктi өткiзiлетін болады. Бүгiнге дейін Астанада 39 ауылшаруашылығы жәрмеңкесi ұйымдастырылды, онда 736 тонна өнiм нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен сатылады», – дедi А.Лукин.
Сондай-ақ, ол жәрмеңкелер өтетiн орын саны көбейтiлiп, тағы қосымша 6 орын ұйым­дас­тырылғанын атап өтті. «Жәр­меңкелерде сатылатын азық-түлiк түрi де көбейтіліп жатыр. Бұдан бөлек, бағаны тұрақтандыру мақсатында өңiрлерден қосымша азық-түлiк жеткiзу мәселесі қарастырылуда. Астана әкiмдiгi қазiргi таңда 8 өңiрмен келiсiм жасасты. Көтерме саудамен айна­лысатын кәсiпкерлермен де кездесулер өткізіліп, әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк бағасын өсiруге жол бермеу жөнiндегi меморандумға қол қоятын болдық», – деп атап өттi қала әкiмi­нiң орынбасары.
Мұнымен қоса, елорда әкімдігі қолданыстағы кәсіпорындарға қолдау көрсету, азық-түлік өнім­дерін өндіру және сақтау бойынша жаңа кәсіпорындар құру, көкөніс сақтау қоймаларын, қай­та өңдеу кәсіпорындарын, жылыжайларды дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Алдағы уақытта қала аума­ғында тамақ өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және сақтау мақсатында тағы 18 жоба жүзеге асырылатын болады.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button