Басты ақпарат

Азық-түлік бағасы – бақылауда

Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – атқарушы биліктің басым міндетінің бірі. Бағаны тұрақтандыру шаралары қалай жүргізіліп жатыр? Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде бірқатар оңтайлы шешімдер қабылданып, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

 «Жыл басынан 19 негізгі азық-түлік тауар бағасы 109,3 пайызға өскен. Бұл былтырғы мерзіммен салыстырғанда 2,2 пайызға аз. Негізінен, баға өсімі маусымдық сипатқа ие. Әдеттегіше жылда қаңтардан бастап сәуірге дейін қымбаттайды. Ал мамыр айынан бастап саудаға жаңа өнімдер келгенде тауар құны арзандай бастайды. Сонымен қатар бағаның өсуіне шикізаттың, қаптап, буып-түйетін материалдардың қымбаттауы мен тасымал шығындары әсер етеді. Аралық делдал қызметінде жүрген алыпсатарлар да өз үстемелерін қосады» деді Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина баспасөз мәслихатында.
Атқарушы билік қалада бағаны тұрақтандыру шараларын үзіліссіз жүргізіп келеді. Атап айтқанда, «Айналым механизмі» бойынша 20 мың тонна азық-түлік өнімдеріне қатысты келісімшарттар жасалды. 7 субъектімен шартқа отырып, 3,6 млрд теңге несие бөлінді. Шарт бойынша ірі сауда нысандарында сатылатын тауарлар бекітілген баға шегінен асырылмауы тиіс.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 10 түрінің (сүт, айран, сүзбе, сары май және күнбағыс майы, жұмыртқа, ұн, құс еті, мүйіз, тұз) бағасы биылғы қазаннан бастап 2021 жылғы сәуірге дейін тұрақты болады. Сондай-ақ 2020 жылдың желтоқсанынан 2021 жылдың мамырына дейін көкөністердің төрт түрі – картоп, пияз, қырыққабат және сәбіз бойынша шекті баға бекітілді. Күріш пен қарақұмықтың шекті бағасы биылғы жылдың сәуірінен келесі жылдың сәуіріне дейін бір жылға бекітілді» деп мәлімдеді басқарма басшысының орынбасары.
Егер нарық жағдайына байланысты баға қымбаттайтын болса, онда тұрақтандыру қорынан жедел тауар интервенциясы жүргізіледі. Яғни, аса үлкен сұранысқа ие өнім түрлерін нарыққа бірден көптеп шығарып жібереді. Сөйтіп бағаны тұрақтандыруға әсер етеді. Қазіргі кезде 6 сауда нысанында («Магнум», «Астықжан», «ВкусМарт», «Ақмол», «Шапағат» және «Смолл») тұрақтандыру қорынан қанттың тауарлық интервенциясы бір келіге 220 теңгеден аспайтын бағамен жүргізілуде. Жалпы қорда 900 тоннадан астам қант бар. Нан бағасын тұрақтандыру үшін отандық өндірушілерден ұн сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша 600 млн теңге бөлінді. Бұл келесі қыркүйек айына дейін егін жиналғанша ұнның жеткілікті болуын қамтамасыз етеді.
Әкімдік отандық өндірушілермен 2020 жылдың желтоқсанынан 2021 жылдың мамыр айына дейін жеміс-көкөніс өнімдерін бекітілген бағамен сату туралы «форвардтық келісімшарттар» жасады. Оған қоса жалпы аумағы 50 мың ш.м 3 көтерме-тарату орталығын салуға инвесторлар тартылды. 3 орталықтың жалпы құны – 15 млрд теңге шамасында. Аталған жобалар 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен бірге астанада 5 қыр­күйектен бүгінгі күнге дейін 13 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілген. Онда ел өңірлерінен 4300 тоннадан астам өнім жеткізілген.
Ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі туралы бас қаланың әкімі Алтай Көлгінов өзінің инстаграм парақшасында: «Қолайлы ауа райы мен тұрғындардың сұранысын ескере отырып, жәрмеңкелерді өткізуді қазан айының соңына дейін жалғастыру туралы шешім қабылданды. Осы демалыс күндері ауылшаруашылық жәрмеңкесіне аграршыларымыз, «айналым механизмі» жобасына қатысатын Магнум сауда желісі мен еліміздегі ет одағының мүшелері қатысады. Сонымен бірге жәрмеңкеге қатысуға өңірлердің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ниет білдірді. Жәрмеңкеде тауарлар нарықтан төмен бағамен сатылады. Эпидемиологиялық ахуал ескеріліп, барлық санитария ережелері сақталады» деп жазды.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, жәрмеңкелерді өткізу – әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны тұрақты ұстап тұруға көмектесетін тетіктердің бірі. Бағаны өсірмеу үшін «айналым тетігі» жобасы жалғасын табады. Оның әлеуметтік маңыздылығы ескеріле отырып, қаланың азық-түлік сататын сауда желілеріне 2,4 млрд теңге бөлінген. Бұл әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Дегенмен кейбір азық-түлік сатушылар індеттік жағдайды пайдаланып, бағаны өсіріп жіберген деректер де кездеседі.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттік департаментінің директоры міндетін атқарушы Әсемгүл Нұрмағанбетованың айтуынша, саудагерлер, негізінен, халық жаппай тұтынатын тауар бағаларын заңсыз қымбаттатқан. Қазіргі күні осы фактілер бойынша 13 тергеу іс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ алыпсатарлардың тұтынушылардың үстінен күн көрмеуі үшін астанада бағаны реттеудің қатаң механизмі қолданылған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button