Басты ақпарат

Азық-түлік бағасы тұрақты ма?

НұрСұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында елордада әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мәселелері талқыланды. Тиісті баяндамаларды қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Сапаров және «Астана» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арыстан Арсланбаев жасады.

[smartslider3 slider=3164]

БАҒАНЫ КӨТЕРГЕНДЕРГЕ ЕСКЕРТУ ЖАСАЛДЫ

Отырысты жүргізген тұрақты комиссия төрағасы Владислав Сергеев мәслихат депутаттары жыл басынан бері бірнеше рет сауда орындарына барып, баға­ларды тексергенін, сол кезде баға өскені үстіне өсіп жатқанын байқағанын айтты. Сондықтан осы маңызды мәселені мәс­лихаттың күн тәртібіне шығарғанын атап өтті.

Қуаныш Сапаровтың айтуынша, азық-түлік баға­сының өсуі бүкіләлемдік «бас ауруға» айналып, әлемде оның бағасы 40-50 пайызға өскен. Әсіресе, ет, сұйық май, қант қым­баттаған.

– Қазір Нұр-Сұлтан қаласында, сыртқы әсер­­­­лерге қарамастан, ­азық-түлік қауіпсіздігі бо­йынша жағдай тұрақты. Бірақ тұтынушылық себет бойынша Қазақстанның Ресеймен тауар айналымы 70 пайызды құрайды. Көптеген тауар мен ­азық-түлік сол елден келеді. Соның ішінде Ресей тауарлары ғана емес, Еуропа өндірушілерінің тауарлары да бар. Осы уақытта Ресейден ас­тық пен қант жеткізу тоқ­татылды. Әлеуметтік ма­ңызы бар ­азық-түлік қа­жеттілігін отандық тауарлар жауып отыр. Елорда өзін нан, ұн, макарон өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Ал басқа маңызды ­азық-түлік елорда маңындағы ­азық-түлік белдеуінен, яғни көршілес аймақтар – Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарынан жеткізіледі, – деді Қуаныш Сапаров.

Баяндамашы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар шараларды қолға алғанын айтып өтті. Соның ішінде өткен жылдың ортасынан азық-түлік бағасына дел­далдықтың әсерін зерттеп жатыр. Бұл үшін өңірлік комиссия құрылды. Тексеріс қорытындысында рұқсат берілген 15 пайыз­дық үстемеден бағаны асырған 10 сауда орнына ескерту берілді. Бұл қатарда көкөніс бағасын 20-30 пайызға қымбаттатқан «Small», «Metro», «Galmart» супермаркеттері, сүт өнімдері бағасын шекті бағадан 20-30 пайызға асырған «FoodMaster», «Айс фуд», «Natige» сынды тауар өндірушілер бар.

– Мемлекет басшы­сының тапсыр­масымен Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы 12 мамырда қаладағы «Әлем», «Алаш» және «Шарын» атты ірі көтерме баға базарларын тексеруді бастады. Сонымен қатар үй жанындағы дүкендер, «Магнум», «Small», «Астықжан», «Metro» супермаркеттері бағасы тексеріліп жатыр. Оның қорытындысында көкөністің, соның ішінде картоптың, сәбіздің, пияздың, қанттың, сүт өнімдері бағасының қым­­баттағаны анық­талып отыр. Қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы аудан әкім­діктерімен бірге апта сайын үй жанындағы дүкендерді тексереді. Қазір қалада осындай 2224 дүкен бар. Сарыарқа ауданының бір тұрғынының арызы негізінде соның бірінің иесіне ескерту берілді. Жалпы жыл ішінде бірінші рет бағаны қымбаттату анықталғанда, ескерту беріледі. Егер бұл жағдай қайталанса, 10-нан 300 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, – деді Қуаныш Сапаров.

ҚАЛАДА ҚАНТ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

«Amanat» партиясының тұрақтандыру қорын қалыптастыру жөніндегі жол картасын орындау мақсатында өткен жылы 50 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар ­азық-түлік қоры жа­сал­ғанын атап өткен баян­дамашы соның 23 мың тоннасы көкөніс болғанын жеткізді. Бұған қоса, Ақмола және Павлодар облыстарының бірқатар тауар өндірушілерімен бес фурорлық келісімшарт жасалды. Бүгінде Түр­кістан облысынан ерте пісетін көкөністің 1,5 мың тоннасын жеткізу ұйымдастырылды. Соның ішінде картоптың 380 тоннасы, сәбіздің 375 тоннасы, пияздың 295 тоннасы, қырыққабаттың 500-ден астам тоннасы бар.

– Қанттың бағасын тұрақтандыру үшін Тараз қант зауытымен 2 мың тонна бойынша келісімшарт жасалды. Оның зауыттағы бағасы – 420 теңге. Ал дүкен сөрелеріндегі баға – 480 теңге. Бұдан тыс қанттың 1,5 мыңнан астам тоннасын 470 теңгеден жеткізу бойынша «Магнум» сауда желісімен келісімшарт жасалды. Жалпы елорданы қантпен қамтамасыз ету үшін 4 мыңнан астам тоннаға жасалған келісімшарт бар. Бұдан бұрын қант, негізінен, Ресей мен Беларусьтен жеткізілетін. Қазақстанда жалпы 4 қант зауыты бар. Оның екеуі Жамбыл облысында, екеуі Алматы облысында орналасқан. Осы күндері қалада қанттың тапшылығы жоқ, – деді Қуаныш Сапаров.

ӨҢІРЛІК ЖӘРМЕҢКЕЛЕР БАСТАЛАДЫ

Оның айтуынша, нан мен бірінші сортты ұнның бағасын тұрақтандыру үшін «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-пен 9 мың тонна астық бөлу жөнінде меморандум жасалды.

– Қазір елордада ­азық-түлік бағасын тұрақ­тандыруға 14 мил­лиард теңге бөлінді. Бағаны тұрақтандыру үшін әр апта сайын «Пригородный» тұрғын алабындағы Арнасай көшесінде жәрмеңке өтеді. Мұнда азық-түлік нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен саудаланады. Жәрмеңкеге Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының тауар өндірушілері қатысып жатыр. Бұған қоса, инвес­тициялар есебінен үш кө­терме баға, тауарларды тарату орталығы салынуда. Олардың жалпы көлемі 50 мың тоннадан асады. Сонымен қатар инвестор есебінен қуаты 100 мың тоннадан асатын сүт өңдеу зауыты, қуаты тәулігіне 25 мың тонна нан-кондитер комбинаты, 6 мың тоннадан аса тауарға арналған көкөніс қоймасы салынып жатыр. Оларды пайдалануға беру мерзімі – 2023 жыл, – деді Қуаныш Сапаров.

«Астана» ӘКК» АҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Арыстан Арсланбаев депутаттарға корпорацияның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі қызметі туралы баяндады. Оның айтуынша, оған 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жергілікті бюджеттен 10,7 млрд теңге бөлінген. Енді қосымша 2,4 млрд теңге, жалпы сома 13,1 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Қазіргі уақытта корпорация 26 келісімшарт бойынша жұмыс істейді. «Алаңнан сөреге дейін» тетігін іске асыру мақсатында делдалдардың қатысуынсыз 3 млрд теңге сомасына келісімшарт жасалды. 2,4 млрд теңге мөлшерінде ет, сүт өнімдері, күнбағыс майы, макарон өнімдерінің бағасын тұ­рақ­тандыруға жұмсау жоспарланған. Баяндамашы кәсіпкерлерге қарыз беру арқылы әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға­сын тұрақтандыру тетігін іске асыру өзінің тиімділігін көрсетіп отырғанын мәлім­деп, апта сайын баға мо­ни­торингі өткізілетінін жеткізді.

– Тұран даңғылындағы «Астана Арена» стадионы маңайында, «Барыс Аре­на­­ға» қарама-қарсы алаңда жәрмеңкені ұйым­дастыруды бастадық. Биыл оны ертерек бастап жатырмыз. Бұл қалалық әрі өңірлік жәрмеңке болады. Бүкіл өңірге хат жіберіп, телефонмен хабарластық. Елордалық жәрмеңкеге қатысатындармен жұмыс істеп, олардың тізімін жасадық. 11 маусым күні тисті ұйымдастыру жұмысын аяқтаймыз. Содан бір апта өткен соң, 18 маусымда жәрмеңкені ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Арыстан Арсланбаев.

НЕГЕ ҚЫМБАТТАТА БЕРЕДІ?

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мобильді топ апта басында және апта аяғында сауда орталықтарын тексергенін, тексеріс қорытындысында Қажымұқан, 14 мекен­жайындағы «Аян» желісі картоптың, сәбіз бен қарақұмықтың бағасын бірнеше есе қымбаттатқаны анықталғанын атап өтті. Бұған Арыстан Арсланбаев «Аян» иесі «Астана» әлеу­меттік кәсіпкерлік кор­порациясымен жұмыс істеуден бас тартқанын жеткізді.

– Осындай жағдай бүкіл сауда орталығында орын алып отыр. Кімдерді ақтағымыз келеді? Бар­лығында да баға шекті бағадан 150-200 теңгеге қымбат. Жалпы әлеуметтік маңызды деп 27 азық-түлік түрі бекітілген. Бірақ сауда орындарында тиісті белгілер жоқ. Бағаны көтеретін болса, сауда желілерін не үшін қолдап отырмыз? – деген Ерлан Каналимов «Магнум» желісі ғана бағаны ұстап тұрғанын атап өтті.

Қалалық мәслихат хатшысы егер алдағы уақытта бағалар тұрақ­талмаса немесе қандай да бір өнімдер болмаса, депутаттар шара қабыл­дайтынын, себебі бағаны тұрақтандыруға қаржы қала бюджетінен бөлініп отырғанын жеткізді.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button