Басты ақпарат

Азық-түлік бағасы тұрақты ма?

Қазіргі таңда қоғамды алаңдатқан мәселенің бірі – қымбатшылық. Әсіресе азық-түлік бағасының негізсіз шарықтауынан тұрмыс­тың құты қашатыны анық. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері ірі және шағын сауда орындарында азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау мақсатында мониторинг жұмысын жүргізді.

[smartslider3 slider=3719]

Мониторингтік топтың құрамында Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлпықар Ғайыпов, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Зейнулла Шибкенов, Бюджет, экономика және қаржы мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Бауыржан Смаилов, Қоғамдық кеңес мүшелері Анатолий Лян, Асхат Налшыбек, Төлеген Күнәділов бар.

Тексеріс кезінде ­бақылаушылар «Aqmol» сауда үйі ЖШС пен «Аян», «Magnum» сауда желілерін аралады. Қоғамдық кеңес мүшелері қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, ең алдымен, «Аян» сауда желісіне барды. Мұнда қант, қарақұмық, тауық еті, жұмыртқа тұрақты бағада. Одан кейін «Aqmol» сауда үйі мен «Magnum» сауда желісіндегі бағалармен танысты. Жасыратыны жоқ, мониторинг кезінде кейбір дүкендерде қант көрінбеді. Кейін комиссия мүшелері келе салысымен ғана арба толы қантты сөрелерге қоя бастады. Кейбір дүкендерде қант 320 тг болса, енді біреуінде 470 теңгеге сатылды.

Дүкен әкімшілігі өкілдері жеткізушілерде өнім көлемі жеткіліксіз екенін айтады. «Magnum» сауда желісі бөлімшесінің директоры Сәуле Есілбаева әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, оның ішінде қанттың қалада жеткілікті екенін жеткізді.

Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бүгінгі таңда бағаны тұрақтандыруға жалпы бюджеттен 14 млрд теңгеге жуық ақша бөлді. Сол ақшаға 40 мың тоннадан астам азық-түлік тауары сатып алынды. Олар қаланың 110-нан астам сауда орындарында сатылып жатыр

 

«Сатып алушылардың өздері шу шығарады. Біз сағат 9.00-де қантты дүкен сөрелеріне қоямыз. Жетпей қалғандары кейін наразы болып, таласады. Яғни бізде қант ­жетіспеушілігі жоқ. Мысалы, кеше 10 тонна қант әкелінді. Шыны керек, қант тұрған жерге халықтың жартысы жиналып, айғай шығарады. Адам басына 2 келіден қант береміз. Бірақ көпшілік отбасыларымен қайта келіп, тағы да қантты алып жатады» деді С.Есілбаева.

Сауда нысандарына мониторинг жұмысы барысында сауда желісі бөлімшесінің директорына бір сатып алушы өзінің наразылығын білдірді.

«Қантты неге белгілі бір уақытта сатылып жатқандығынан хабар бермейсіздер? Қалаған уақытта сата береді екенсіздер. Біз оған кейде үлгереміз, кейде білмей де қаламыз. Осындай тексеріс болғанда ғана қантты қойып жатырсыздар» деді ол.

Кей тауарлардың бағасы аз да болса төмендеген. Мәселен, «Magnum»-да «Родина» айраны 307 теңгеден, сары май 3485 теңгеден сатылуда. Ал келісімшарт негізіндегі бағалары – 355 және 3965 теңге. «Аян» дүкенінде қарақұмық 556 теңгеден сатылу керек болса, біз барғанда бағасы 500 теңгеден сөреге қойылған.

Бірқатар дүкендерді аралағаннан кейін Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің Бюджет, экономика және қаржы мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Бауыржан Смаилов дүкендегі бағалардың көпшілігі тұрақты екенін айтты.

«Қала бюджетінен ірі сауда орталықтарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында жеңілдетілген несие беріледі. Бүгінгі мониторингтің негізгі мақсаты – дүкендердегі азық-түлік тауарларының бағасы келісімшартта белгіленген бағамен сәйкес келетініне көз жеткізу. Жалпы шартты міндеттеме бойынша баға дұрыс. Тек екі-үш жерде бағаның өскенін байқадым. Мәселен, «Magnum» сауда желісінде 1300 теңгелік тауық еті 1565 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ «Agmol» дүкенінде «Родина» сүті 240 теңгеден сатылу керек болса, қазір 300 теңгеден сатылуда. Осындай келіспеушіліктерді анықтадық. Сонымен қатар қантқа қатысты артық шу шығарылып жатқанын айта кету керек. Өндірушілермен келісімшарт жасалған, дүкендерге қант жеткізіліп жатыр. Бәлкім, тосап жасау маусымы болғандықтан ба, қант алушылар көп. Бұрын қалаға орташа есеппен 60 тонна қант әкелінсе, қазір 80 тонна қант жеткізіледі. Сондықтан халықты сабырға шақырамыз. Қалада қант жетеді. Азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты. Дегенмен инфляция тауар бағасына әсер етеді. Ол кезде бағаның өсуі сауда орталықтарына ғана емес, тауар өндірушілеріне де байланысты болады. Ендігі кезекте бағаны тұрақтандырмаған сауда орталықтарының иелеріне қатысты шара қолданамыз. Міндетті түрде белгіленген бағаны тұрақтандыру бойынша бақылау жүргізіп отырамыз» деді ол.

Нұр-Сұлтан қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров сауда ұйымдарымен 24 келісімшартқа қол ­қойылғанын мәлімдеді.

– Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бүгінгі таңда бағаны тұрақтандыруға жалпы бюджеттен 14 млрд теңгеге жуық ақша бөлді. Сол ақшаға 40 мың тоннадан астам азық-түлік тауары сатып алынды. Олар қаланың 110-нан астам сауда орындарында сатылып жатыр. Оның бірі – 60-тан астам сауда ұйымы бар «Magnum» сауда желісі. Алдағы уақытта баға өсуінің алдын алу үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерімен келісімшарт жасаймыз,­ ­– деді Қ.Сапаров.

Бақылау барысында сауда орындарындағы халыққа қажетті өнімдер жеткілікті екені анықталды. Комиссия мүшелері дүкен басшыларына азық-түлік бағаларын тұрақты ұстауды тапсырып, бағаны негізсіз көтеру бойынша тиісті жауапкершілік шаралары қолданылатыны туралы түсіндірді.

 Индира БЕРЖАНОВА 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button