Басты ақпарат

Азық-түлік неге қымбаттап барады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөніндегі жиында бас қаладағы азық-түлік пен күнделікті өмірге қажетті тауарлардың қымбат екенін сынға алғаны мәлім. «Бұл – белгілі мәселе. Мәселен, ұн бағасы елдегі орташа бағадан 18,2 пайызға, сүзбе 17 пайызға, пияз 14,5 пайызға, күнбағыс майы 9,6 пайызға, сиыр еті 6,7 пайызға жоғары. Бұл – қалада тиісті инфрақұрылым жоқ деген сөз. Сауда орындары тапшы. Ұйымдастырушылар көбіне белгілі бір саудагерлерге ғана мүмкіндік береді. Яғни бәріне бірдей жағдай жасалмайды. Елорда әкімдігі мен көршілес облыстар арасындағы байланыс өз деңгейінде емес» деді Президент.Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының басшыларымен бірлесіп, тауар өндірушілер мен сауда желілері арасында тікелей байланыс орнату мәселесін реттеуді тапсырды. «Елорданың дамуы іргелес елді мекендердің дамуымен тығыз байланысты. Қала маңындағы ауыл-аймақтар елорданың азық-түлік белдеуі ретінде жұмыс істеуі тиіс. Ол жерлерге өндіріс, кәсіпорындарды орналастыр­ған абзал. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының әкімдеріне дамыту жоспарын үйлестіруді тапсырамын. Өйткені екі өңір де бір агломерацияға кіреді» деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл мәселенің талай жиында сөз болғанын айта келе: «Бүгін осы тапсырманы тағы да қайталауға тура келіп отыр. Енді орындалады деген үміттемін. Соншалықты қиын мәселе де емес. Бастысы ниет пен біліктілік болуы тиіс. Бізге жетпей тұрғаны да осы» деп сөзін түйіндеді. Президент тапсырма берген күннің ертеңіне әкімдіктегі басқосуға қатысқан Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев елорданың айналасында орналасқан Ақмола облысының елді мекендерінде бизнестің жаңа нысандары ашылатынын хабарлады. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша біздің облыстың құрамына кіретін елордамен іргелес жатқан елді мекендерде Нұр-Сұлтан қаласының төңірегіндегі азық-түлік белдеуін күшейтетін жаңа бизнес нысандары ашылады» деп жазды облыс әкімі өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Инфляцияны тежей алатын тетік жоқ

Жыл басынан бері еліміздегі инфляцияның деңгейі 3 пайызды құрады. Биылғы 8 айда азық-түлік тауарларының бағасы 6,1 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 2,9 пайызға қымбаттады. Сонымен инфля­ция­ның жылдық деңгейі 5,5 пайызға жетті. Қазір қарапайым халық та инфляцияның төмендейтініне сенбейді. Мысал келтірейік. Ұлттық банктің ресми сайтында қазақстандықтардың арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі көңіл көншітпейді. Респонденттердің 44 пайызы бағалардың өсуі тоқтамайды деп жауап берсе, 15 пайызы азық-түліктердің құны қатты қымбаттайтынын айтқан. Тіпті 2020 жылдың 12 айына жасалған болжам да пессимистік деуге болады. Халықтың 22 па­йызы инфляция күшейе беретініне сенімді.
Статистик-мамандардың мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері 10 пайызға өскен нан бағасымен қатар бидай (52,4 пайызға), күріш (22,6 пайызға), картоп (19,6 пайызға), ұн (16,5 пайызға) айтарлықтай қымбаттаған. Шынын айтсақ, тұрмысы орташа миллиондаған қазақстандықтар күнделікті осы тауарларды тұтынады. Астық жинау нау­қаны аяқталғанда инфляцияның «жалынын» Ауыл шаруашылығы министрлігі «үрлеп жіберді». Министрлік биыл астық ору көлемі 2 млн тоннаға азайып, экспорттық әлеуетіміз 3 млн тоннаға төмендегенін хабарлады. Ауыл шаруа­шылығы министрі Сапархан ­Омаров Үкімет отырысында мұндай ахуал келер жылы нан бағасын өсіруге әкелетінін мәлімдеді.
Сенат депутаттары да астық жинау көлемі 2,5 млн тоннаға азайғанын есептеп, соңғы жылдары еліміздегі астық қорының 16,1 млн тоннадан келер жылдың басында 9 млн тоннаға дейін кемитінін болжады. Айтпақшы, шынында да, астық қорына қатысты кейбір статистикалық деректер шындыққа сәйкес келмейтіні рас.

Нан бағасы арзандамайды

Сонымен Президенттің сынына іліккен ұнның немесе нанның бағасы арзандай ма дегенге болжам жасап көрелік. Нанның ішкі нарықтағы бағасына келгенде мемлекет «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» сатып алатын астық қоры есебінен реттейтінін білеміз. Қажет жағдайда Үкімет шетелге астық экспорттау көлемін азайтып, тікелей тыйым сала алады. Екінші жағынан алғанда, астық көлемінің аз шығуының жағымды тұстары да бар. Бидай бітік шығып, рекордтық көрсеткіштерге жеткен жылдары қаншама астық далада қалды немесе элеваторларда тау-тау болып үйіліп, сапасынан айырылды.
Қазіргі кезде «әлеуметтік нан» деген атау бар. Бұл – бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған, салмағы 550 грамдық бөлке нан. Оның республикалық орташа бағасы – 76,5 теңге. Осы нан әр өңірде әртүрлі бағамен сатылады. Ең арзаны – 63,25 теңге (Солтүстік Қазақстан облысында), ең қымбаты – 90 теңге (Маңғыстау облысында). Нұр-Сұлтанда – 79,2 теңге, Алматыда – 73,15 теңге, Шымкентте – 75,35 теңге, Ақтөбеде – 77, Атырауда – 78,65 теңге, Қарағанды облысында – 75,35, Қостанай облысында – 76,45, Ақмола облысында – 84,15 теңге. Ал жуырда Павлодар облысында осы нанның бір бөлкесі 85-тен 105 теңгеге дейін қымбаттағаны жөнінде ақпарат тарады.
Нан бағасына әсер ететін бас­ты фактор – шикізат, яғни ұн. Ал биыл диқандарымыз қамбаға 19 млн тонна астық құйған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыс­тырғанда 2 миллионға аз. Бұл жазда болған астықты аймақтардағы қуаңшылыққа байланысты. Қазіргі уақытта нан бағасының қымбаттауына жол бермес үшін азық-түлік корпорациясы мен облыстық әкімдіктер өңірлік тұрақтандыру қорларына бидай мен ұн сатып алып жатыр. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев та араласып, Үкімет пен тиісті органдарға нан, көмір бағасын бақылауға алу туралы тапсырма жүктеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі нан бағасын қымбаттатпаймыз деп сендірді. Қош делік.

Бағаны тұрақтандырудың тиімді жолы

Жуырда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Тимур ­Құлыбаев елордадағы азық-түлік тауарларының құнын арзандатуға қатысты қандай тиімді іс-шараларды жүзеге асыруға болатынына өзінің ой-пікірін білдірді. Ол бұл жұмысты Нұр-Сұлтанмен көршілес облыстармен үйлестіру қажеттігін жеткізді. «Атамекен» ҰКП құрылтайында сөйлеген сөзінде Т.Құлыбаев елорданың айналасындағы азық-түлік белдеуін және сауда-саттықты дамыту жөнінде былай деді: «Елбасы да бұрын осы міндетті алдымызға қойған. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы 1 млн-нан асатын халқы бар алып мегаполиске айналды. Алайда бас қалада азық-түлік тауарларын дайындайтын, оларды сақтайтын орталықтар жоқ. Бұл жерде жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін қарас­тырған абзал. Яғни тауарларды бөлетін ғана емес, ұзақ мерзімге сақтайтын орталықтар ашу керек».
Сарапшы бұл орайда Мәскеу­дің озық тәжірибесін мысалға келтірді. «Мәскеудің басшылығы маусым қызған кезде жеміс-жидектерді, көкөністерді үлкен фуралармен сатып алады. Соның ішінде Қазақстаннан да азық-түліктер жеткізіледі. Олардың сонау кеңес заманынан бері азық-түлік сақтау жүйесі бұзылмаған. Осының есебінен бағаларды реттеп отырады, оларда біздегідей бағалардың құбылуы деген жоқ» деді Тимур Құлыбаев.
Сол себептен «Атамекен» ҰКП елордада үлкен сұранысқа ие өнімдер шығаратын өндірістер құру үшін көршілес облыстарда агроқұзырет орталықтарын ашуға бағытталған жұмыстарды қолға алады. «Мысалы, Ресейде озық тәжірибе де, мықты мамандар да бар. Ең бастысы, бұл жұмысты бақылауға алып, елорда әкімдігімен дұрыс үйлестіру керек. Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне менің айтар ұсынысым: көршілес орналасқан облыстардың әкімдерін түгел шақырып, агро­өнеркәсіптік кешенді дамытуға, азық-түліктерді сақтау және бөлу жөніндегі логистика бойынша мәжіліс өткізген абзал» деп сөзін түйіндеді Т.Құлыбаев.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button