Мәселе

Азық-түлік қымбаттай бере ме?

Бас қалада азық-түлік бағасы күн сайын қымбаттап барады. Әсіресе, үй жанындағы шағын дүкендер күнделікті тұтынатын нан, сүт, май мен шайға бес-он теңге қосуды жиілетті. Тауық еті, сұйық май, қарақұмық, жұмыртқа және көкөністердің құны да шарықтап тұр.

[smartslider3 slider=2637]

Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша Нұр-Сұлтан қаласында өткен кезекті кеңес барысында осы мәселе кеңінен талқыланып, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 11,4%-ға қымбаттағаны, бір аптада оның 1,3%-ды құрағаны белгілі болды. Атап айтсақ, соңғы апта ішінде пияз (12,2%), қырыққабат (8,3%), сәбіз (3,9%), картоп (2,6%), тауық еті (1,7%), сары май және ұн (1,2%) қымбаттаған. Расында да, осыдан бірер жыл бұрын бір мың теңгеге екі бөлке нан, бір литр сұйық май мен бір литр сүт алып, қалған тиын-тебенмен кішкентайларды алдап қоюшы едік, бүгінде бұл ақшаның екі бөлке нан мен қанттан аспай қалғаны шындық. Себебі бұрын 110 теңге тұратын бөлке нан қазір 125, кей жерлерде тіпті 130-140 теңгеге жетсе, қант 650-700, ал сұйық майдың литрі 1000 теңгеге жақындады. Азық-түлік бағасы неге қымбаттай береді?

Жыл басында баға қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін азық-түлік жеткізудегі қиындықтарға байланысты өскен болатын. Ақпан мен наурыз айының басында бағаның өсуі Украинадағы геосаяси дағдарыстың салдарынан теңге бағамының бір доллар үшін 510-ға дейін төмендеуі себепті жалғасты. Сатып алушылар баға тек сырттан келетін тауарларға ғана емес, өзімізде өндірілетін тауарларға да өскенін алға тартып отыр.

Жыл басынан бері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жұмыртқа өндірушілермен, бөлшек сауда желілермен және қант, күріш, қарақұмық, сондай-ақ көтерме жеткізушілермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесін 15-тен 10%-ға дейін төмендету бойынша 12 келісім жасасқан болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде мұндай тауар қоры 843 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде: ұн – 12,4 мың тонна, картоп – 4,7 мың тонна, қант – 3,9 мың тонна, күнбағыс майы – 1,4 мың тонна, макарон өнімдері 1,3 мың тонна болғанмен, бәрінің бағасы қымбаттап жатыр. Үкімет отырысында Премьер-министр Ә.Смайылов халықты азық-түлікпен толық қамтып, тауар құнын тұрақтандыруды тапсырғанмен, баяғы жартас – бір жартас, өзгерген түк жоқ.

Сарапшылардың айтуынша, Украинадағы қақтығыс, сондай-ақ Ресейге салынған санкциялар салқыны еліміздегі азық-түлік бағасына қатты әсер етуде. Мәселен, Ресей 2022 жылдың тамыз айына дейін қант экспортын шектейтінін ресми түрде мәлімдегеннен кейін еліміздегі қант бағасы бақылаудан шығып кетті. Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің мәлімдеуінше, қазір елде 34500 тонна қант қоры бар, ал бағаны реттеу үшін экспортқа тыйым салынуы мүмкін. Азық-түлік бағасының бұлай шарықтауына тауардың 80 пайызға жуығын сырттан әкелу себеп дейді мамандар.

Жаңа жылдан кейін көкөніс бағасының еліміз бойынша қатты қымбаттап кеткенін қарапайым халық ұмыта қойған жоқ. Бұл ретте картоп пен сәбіз бағасының шарықтағанын сала мамандары елімізде көкөніс сақтайтын салқындатқышы бар заманауи қоймалардың жетіспеушілігімен байланыстырған болатын. Сондай-ақ экспорттық жеткізудің әсері де бағаны көтерді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресей мен Қырғызстанның шекара маңындағы бағалар өскен жағдайда ішкі нарықтағы тауарлар құны да көтеріледі. Шетелден тасымалданатын азық-түлік тағамдарына жол шығыны мен оны саудаға шығару шығынын қосатын болсақ, олардың бағасы өзінің нақты бағасынан әжептәуір асып түседі.

«Біз өзіміз қымбат бағаға аламыз, сосын үстіне кішкене ғана қосамыз. Жабдықтаушы фирмалар бізге қандай бағамен алып келеді, біз солай сатамыз. Қияр, қызанақ – Ташкенттен жеткізілетін тауарлар. Олар доллар бағамына қарай өсіп отырады. Одан кейін кедендік алымдар, басқа да салықтар бар. Соның бәрі бағаның өсуіне себепші» дейді дүкенші Айсұлу Манасқызы.

Онсыз да жалақысының жартысын тамаққа шығындайтын халық баға өскен сайын бар тапқанын ішіп-жеуге ғана жұмсауға мәжбүр. Азық-түлік бағасының қымбаттауына қала тұрғындары да наразы. «Үкімет зейнетақыны көбейткен сайын азық-түлік бағасы өсе береді. Қазір бәрі қымбат. Онсыз да күнделікті дүкенге барған сайын алдымен алатынымыз нан, сүт, шай, май, көкөніс пен жемістен бас тартқалы қашан, оларды сатып алуға қалтамыз көтермейді» деді елордалық Анар Сырбайқызы.

Қысқасы, азық-түлік құнының қымбаттауы кесірінен көп адамның айлығы шайлығынан аспай жүр. Жалақыдан жалақыға дейін онсыз да әупірімдеп күй кешіп жүрген жандар енді бір жұмыспен жан баға алмайтынын түсініп, қосымша табыс көзін қарастыруға көшкен. Жұрттың бәріне бірдей қос жұмыс табыла қояр ма екен? Баға бұлай шарықтай берсе, қарапайым халық қайтіп күн көреді?

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметі бойынша  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып отыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының тұрақтандыру қоры әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін «айналым тетігі» бойынша жеңілдікті қарыздар береді. Жеңілдікті қарызды ірі бизнес, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері ала алады. Сондай-ақ елордада жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін азық-түлік жәрмеңкесі іске қосылған.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button