8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні

Азық-түлік себеті таратылды

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бас қала әкімдігі халықтың әлеуметтік осал топ­тарын, көпбалалы және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарды атаулы мерекемен құттықтап, оларға азық-түлік себетін таратты. Наурыздың ­6-7-сі аралығында ұйымдастырылған «Қайырымдылық марафоны» шарасы аясында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының өкілдері қалалық белсенді азаматтармен және еріктілермен бірлесе отырып, алғашқы күні осы санаттағы 500 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті.

[smartslider3 slider=2349]

 

Көмек елорданың барлық төрт ауданында тұратын отбасыларға көрсетілді.

Игі шара барысында кеше тағы 500-ге жуық отбасы дәл сондай қуанышқа кенелді. Осылайша екі күнге созылған қайырымдылық шарасы барысында бір мыңға жуық отбасы күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларымен қамтылды.

Жалпы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мәселесі қала әкімдігінің назарынан тыс қалған емес. Шараны ұйымдастырушылар алдымен көпбалалы ана Арайлым Әріпованың үйіне ат басын бұрды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек отбасының ұйытқысы болып отырған ананы шуақты мерекемен шын жүректен құттықтай келе, ең бастысы, деніне саулық, отбасына береке-бірлік тіледі.

Көпбалалы ана да қуанышын жасыра алмады. Арнайы құттықтай келген қайырымды жандарға алғысын жаудырып, ризашылығын жеткізді.

– Аналар мерекесі қарсаңында құттықтап келгендеріңіз үшін көп рақмет. Өте қуаныштымын. Мен бес баланы дүниеге әкеліп, бүгінде шамам келгенше оларды қатарынан кем қылмай тәрбиелеп отырған қарапайым анамын. Отбасымның атынан елорда әкімдігі мен еріктілердің тарапынан берілген осындай күтпеген сыйлық үшін алғысымды білдіремін. Мейрам қарсаңында бізді ескерусіз қалдырмағанына қуаныштымын. Сіздерге мың алғыс, – деді көпбалалы ана Арайлым Әріпова.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Аян Ерментаевтың айтуынша, азық-түлік себетінің ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, атап айтсақ, күнбағыс майы, ұн, макарон, жарма өнімдері, қант және көптеген консервілер бар.

– Шуақты мереке қарсаңында біз елордадағы барлық мұқтаж азаматтарға арнайы тізім бойынша қаламыздағы әр ауданның әкімдігіне өздері өтініш білдірген нақты азаматтарға азық-түлік себеттерін тарата бастадық. Олардың қатарында әлеуметтік осал топтағы отбасылармен бірге аз қамтылған және толық емес отбасылар, сондай-ақ көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар бар. Шара аясында осы айдың соңына дейін біз бұдан да көп отбасын күнделікті тұрмысқа аса қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Азық-түлікті үйлерге әкімдік өкілдері, қоғам белсенділері мен еріктілер жеткізеді. Біз елорданың барлық азаматтарын осындай қайырымдылық акциясына қатысуға шақырамыз. Игі іс алдағы уақытта жалғасын табады, – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Аян Бауыржанұлы.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button