Басты ақпарат

АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ АРЗАНДАТУ АМАЛЫ БАР

G35A7191

 «Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиыны барысында елордадағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды» деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

  Өткен аптада Қазақстан валюта дәлізін алып тастау арқылы теңге бағамын еркіне жіберіп, жаңа қаржы-несие саясатын жүзеге асыруға кірісті. Осыған орай, елордада негізгі азық-түлік өнімдері бағаларының қымбаттамауын қадағалайтын арнаулы жедел штаб құрылды. Әкімнің айтуы бойынша, тауар бағасына күнделікті мониторинг жүргізіп, оны жөн-жосықсыз көтеретін кәсіпкерлердің алыпсатарлық істеріне тосқауыл қою керек.

   – Мен бұған дейін республикамыздағы өңірлердің қатысуымен ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізуді тапсырғанмын. Алғашқы нәтиже де бар. Тамыздың 22-сінде басталған Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылық жәрмеңкелері бір ай көлемінде «Мега» сауда орталығының алдында өтеді, – деді қала басшысы.

         Оның пікірінше, мұндай шаралар тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие, сондықтан, жәрмеңкелерге барлық өңірлерді тартып, тауар көлемін арттыру қажет. Ал, әкелінетін тауарлар бағасы нарықтағы бағалардан әлдеқайда арзан болуы тиіс.

   – Қазіргі жағдайда мұндай шаралар өте қажет, – деп атап өтті әкім.

Жәрмеңке өткізілетін аумақтарға тоқтала келе Ә.Жақсыбеков «Шапағат» базарының осы мақсаттарға арналғанын баса айтты. Алайда, оның аумағы көбінесе басқа мақсаттарға пайдаланылады.

 – Базар алыпсатарға толы. Тұрғындар ол жерге тауар өндірушілерден арзан бағаға өнім сатып алу үшін барулары керек. «Шапағат» базарында бір аптаның ішінде тәртіп орнатуды тапсырамын, – деді әкім.

Елорда басшысы дәрілердің, әсіресе, өмірлік маңызы бар препараттардың бағасы өспеуін қадағалау керектігін де атап өтті.

Жиын барысында Ә. Жақсыбеков елорда саябақтары мен гүлзарларында қала тұрғындарының демалысын ұйымдастыру жұмыстарына тоқталды. Әкімнің айтуынша, астаналықтардың қатысуымен мәдени-бұқаралық шаралар көптеп өткізіле бастады. Бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде ұйымдастырылуы керек, алаңдар, саябақтар мен гүлзарлар қала тұрғындары мен туристердің сүйікті орындарына айналуы қажет.

 Қала басшысы ол жерде қала өмірінің бір бөлігі саналатын көше саудасы да дамуы керектігін айтты.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button