Қала мен Сала

Азық-түліктің бағасын тізгіндеймін десек…

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы аспандап тұр. Үкімет оның бағасын өсірмеу туралы әрекет жасап жатқан көрінеді. Сол шараның бірі әрі бірегейі – сауда дүкендеріне түскен азық-түлік тауарларына 15 пайыздан артық ақша қосып сатуды шектеу.

[smartslider3 slider=2039]

Шыны керек, бұл – шарасыз­дықтан қолданылып отырған шара. Нарық заңына қайшы! Қалалардағы, әсіресе мемлекеттік маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарындағы азық-түлік бағасының тым қымбат болуының себебін жұрт аталған тауарлардың тапшылығы мен шетелден әкелетіндігінен көреді.

Иә, ол да рас. Бірақ одан да бөлек тағы бір фактор бар. Ол – сауда орталықтарындағы сауда нүктелерінің жалдау ақысының шектен тыс қымбаттығы. Жығылғанға жұдырық болып, өзі тапшы, өзі шеттен әкелінген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сол сауда орталықтарына келіп түскенде, ұсақ саудагерлердің пайдасымен қоса аренда ақысын шығарып алу үшін оған үстемені көбірек қоспасқа амалы жоқ. Ал ол сауда орталықтарының иелері – жай адам емес, кешегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан Қазақстан байлығының тең жартысына иелік ететін 162 адамның белділері.

Қарапайым ұсақ кәсіпкерлер солардың сауда орталықтарынан шағын бутиктерді қымбат бағаға жалға алып, азық-түлік тауарларынан бастап күнделікті тұрмысқа қажеттінің бәрін сатумен жан бағып келеді.

Сауда орталықтарының тойымсыз қожайындарында ынсап жоқ, олар әрбір орынды жалдаушыға ойына келген бағаны қояды. Ал ол кәсіпкерлер алдымен осы майға алған орындардың ақысын шығарып, қожайынға төлейді. Содан кейін өздерінің нәпақасын айыруы керек. Оның сыртында салық тағы бар. Осыдан барып ірі және орта сауда орталықтарына келіп түскен тауарлардың бағасы зәрден қымбат болып шыға келеді.

Қала маңындағы жабайы базарлар да солай, ірі кәсіпкерлер жерді сатып алған. Ол жерден «базар» ашқан. Ұсақ саудагерлер олардан ұлтарақтай жерді қымбат бағаға жалға алып, контейнерлерін қойып күнелтіп отыр…

Сауда орталықтары дегеннен еске түседі, өткен жылдың 18 маусымы күні сенатор Ақылбек Күрішбаев Сенат төрінен сөз алып, мемлекеттік қазынадан сауда орталықтарына миллиардтап қаржы бөлінетінін, алайда соған қарамастан тауар бағасының қымбаттап жатқанын айтты. Демек, бұрынғы Үкімет «зат бағасының шарықтап кетуін тізгіндеу үшін» ірі сауда орталықтарына өз қоржынынан миллиондап емес, миллиардтап ақша бөліп келген ғой. Ал содан тізгінделген азық-түлік бағасын көрдіңіз бе?! Меніңше, жоқ!

Егер Үкіметтің, шынымен, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тізгіндегісі келсе, халыққа жаны ашыса, мұндай «шара» қолданбас еді – ұлттың қаржысын баяғы жемтіктестерінің құлқынына құйып бермес еді.

Қарап отырсаңыз, бұл да мемлекетті тонаудың бір жолы. Егер Үкімет ақылды болса, сенатор Ақылбек Күрішбаев айтқан осынау сауда орталықтарына миллиардтап бөлінген қаржыға мемлекеттік маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын дәл сол ірі байлардыкіндей болмаса да, соған жетеғабыл сауда орталықтарын салар еді. Сол сауда оталықтарын шағын бутиктерге бөліп, оны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды сататын қарапайым кәсіпкерлерге, ұзақ мерзімге бөліп төлейтін етіп, өз бағасына сатып беруі керек еді. Әр бутиктің бағасын жобаны салуға кеткен шығын негізінде шығарып алу қиын емес.

Сондай-ақ бір азаматтың бір ғана бутик алуына ғана мүмкіндік беріп, сауда орталықтарынан орын алған кәсіпкерлердің ол орынды екінші біреуге жалға беруіне болмайтын етіп шектеу қою керек еді. Кәсіпкер сауда орнына ақы төлемегеннен кейін, сататын тауарына да артық баға қоймасы анық.

Арзан базарға жұрт бірден ағылады. Сөйтіп, базарлар арасында бәсекелестік туындап, жекелер салған бұрынғы ірі сауда орталықтарындағы бутиктердің де жалдау ақысы белгілі мөлшерде арзандайтын еді. Онымен қоса, зат бағасының өсуі де өздігінен тізгінделеді.

Мұндай сауда орталықтарының басқару жағына келсек, көппәтерлі тұрғын үй кооперативі секілді басқару жүйесін құрып, кәсіпкерлер шекті мерзімдік келісімшарт арқылы бәсекелестікпен басқарушыларын өздері таңдайды және олардың еңбекақысын лайықты мөлшерде бекітіп, өздері төлеп отырады. Бұл жоба зат бағасының мәселесін толық шешіп кетпегенмен, қымбатшылыққа зор ықпал етеді деп сенемін.

 Ауыт МҰҚИБЕК

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button