Баба мұрасын насихаттайды
Өткен жылы қасиетті Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғанын жария етіп, оның еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға ретінде атап өтті. Қасиетті кітапқа бабамыз: “Ей, Алла тағала! Құдайға сенген Құрман баласы Маралдың дұғасымен қазақтың ханы Кенені сақтай гөр”, – деп жазып, мөрін басып, Кенесары ханға тартулаған екен. Бұл хан Кененің жорығы өткен ел ордасының тұрғындары үшін де маңызды сәт еді. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының пірі, яғни рухани ұстазы туралы «Марал-Баба» қайырымдылық қорының директоры Мұхамедхан Омаровтың әңгімесінен біліп, баба мұрасы насихаттаудағы жауапкершілік жүгін бағамдаған едік.
– Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алынды. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Құранды өткен жылы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне өз қолымен қойды. Сол кезде қазақтың соңғы ханының және соңғы пірінің ұрпақтары қауышқан болатын. Оның өмірі мен қоғамдық-діни және саяси қызметіне қатысты жиынды ишанның туған жерінде, Қызылжарда өткіздік. Алдағы уақытта ел ордасы – Астанада өткізу ойымызда бар.
Биыл 1780 жылы дүниеге келген Марал ишан Құрманұлының өмір тарихы әріде жатыр. Аңыз әнгімелерге сүйенсек Маралдың әкесі Құрман батыр хан Абылайдың емшісі болған. Оның Қасым төре ұрпақтарымен қалай байланысады дегенде Қасымның екінші әйелі, Құрман батырдың қызы Бибіден Кенесары туатынын Көкбай ақын «Абылай» деген кітабында көрсетеді, осы деректі Кенесары ханның ұрпағы Файзолла Үрмізіұлы да «Шежіре дастан» кітабында келтіреді.
-Марал ишан Құрманұлы өз заманның ірі қайраткері екенін дәлелдейтін құжаттарға шолу жасағанда, біздің ұғымыздағы ишандық, дін көсемі деген түсінік ұлғайып, мемлекет дәрежесінде ұлықталады деген пікірге келеміз.
–ХІХ ғасырдың басында патша билігі қазақтың жерін басып алып, хан институтын жоюға қарекеттенеді. Жерді басып қана қоймай, шекараға жақын тұрған қазақтарды жаппай шоқындыра бастайды. Марал ишан бұған қарсылық білдіріп, Торғайдағы Тосын деген жерге келіп, азамат соғысын жариялайды. Оның дәлелі – Алматыдағы орталық архивте сақталған «Марал ишанның ісі» деген 50 парақтай құжат. Патшаның ресми адамдарының бір-біріне жолданған хаттарында «Тосынға 10 мың адам жиналған» деген мәліметтер келтіріледі.
Ишанды қолдап жиналған халықтың қарасы орыс билігін алаңдатқаны да, олардың Маралдың кім екенін зерттегені де, бабамыздың Орынбордың және Батыс Сібір генерал губернаторларына хат жазып, патшамен халықтың атынан үш жүздің пірі ретінде өзі сөйлескісі келетінін айтқан. Бұған қатысты біраз құжаттар қолымызда бар.
Өткенде Петербургтен де Марал ишан туралы бір бума құжат таптық. Жуық арада алып қалуымыз керек. Хаттама толтырып, өтініш жаздық. Сол архивтағы 1291 фондында сақталған подполковник Набоковтың генерал Капцевичке берген рапортыңда, Марал, саны он мың болған бағаналы, шақшақ және алшын қазақтарымен хиуалықтардың Сырдария бойында керуендерді тонау үшін салып жатқан қамалың бұзуға аттанды. Оған себеп болған 1823 жылы хиуалықтар Бұқараға шыққан керуенді тонап, 50 адамды өлтіріп, 1000 түие, 10 000 қойды айдап кетуі. Бұл жорыққа шығу алдында хабаршы жіберіп қол жинағанда олардың ішінде Қасым сұлтан болғаны көрсетіледі. Бұл құжаттар арқылы Марал ишанды әскер басы ретінде танып отырмыз. Марал Құрманұлының замандастарының бірі қарадан шыққан хан аталған атақты Шақшақ Жәнібек ұрпақтары. Муса батырмен Шеген би Марал ишанды пір тұтып, үзенгілес серігі болған. Бабаның орыс билігіне жазған хаттарында Муса батыр да мөрін басып отырған. Жәнібектің Дәуітбайынан тараған Тулаққа Марал ишан Айна есімді қызын қосып құда жекжат болған. Марал ишан қайтыс болған соң Муса, Шеген ұрпақтары оның баласы Қалқай ишанды пір тұтып, қол астына өтеді. Жоғарыда көрсетілген мәлімет Марал ишанның беделін және діни тұлғалардың сол саяси құрылымында ерекше орны болғаның көрсетеді.
–Марал ишан дүниеден жеке дара болып өтпеген. Бабадан не бір тұлпар да, сұңқар да, асыл да туған, әсіресе даңқы асқан ишандар өз алдына бір төбе. Соларға тоқталып өтсеңіз.
-Олар екі ғасырға жуық қазақтың қазіргі Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында ислам дінің уағыздап, халықтың көзін ашқан. Осы әулиеттен шыққан бес ишанның атымен мешіт ашылды. Бұл халқымыздың олардың еңбегіне берген жоғары бағасы деп білеміз.
Бабаның сегіз ұлының ішінде, Қалқай баба атанған Марал ишаннның тұңғышы Қалмұхаммед. Бірнеше жыл Бұқарада, Бағдадта ілім алған ғұлама әулие. 12 ілімнен шатырхаты болған. Шығыс қиссаларын жатқа білген, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институт архивінде «Қамбар батыр» және «Ер Қосай» қиссалары Қалқай ишан қолжазбасымен сақталған. Қолымыздағы 1850 жылдардан сақталып келген қолжазбаларда Қостанай, Торғай, Сыр бойындағы арғын, қыпшақ, найман, жетіру, байұлы т.б. ру жамағаттарының Қалқай ишанды пір тұтып, қол астына өту туралы құжаттар бар. Оның ішінде, Шақшақ Жәнібектің ұрпақтары көрсетілген. Шыңғысханның қолжазбалы шежіресі де сақталған.
Бұл жерде тоқтап кеткім келіп тұрғаны 1960-70 жылдарға дейін өмір сүрген бес ишан. Олар соңғы күндеріне дейін халыққа дін уағыздап, ауру- сырқауларды емдеген. Бойындағы қасиеттерінің көмегімен жын қонған науқастарды да емдеген. Сол оқиғаларға куә болған, ишандардың көзін көрген үлкен кісілер әлі арамызда бар.
Сүлеймен ишан Есмұхаммедұлы 1887 ж. Қызылорда өңірінде дүниеге келген. Бұхарадағы Көкілташ медресені бітірген. Ұстазы Бабахан ишанның ең сүйікті шәкірттерінің бірі болған. Бірнеше тіл меңгерген, өте білімді болған. Құранды оқып отырып, қазақша мағынасын сөзбе-сөз аударған. Сүлеймен ишан К. Маркстің он жылдай жазған Капиталына көз қарасың сүрағанда, «Маркс деген кісі әртүрлі ұзындықтағы бес саусағыңды бірдей қыламын деген қиялшыл кісі ғой» деп екі ауыз сөзбен баға берген. 1949 ж. Сүлеймен ишан Қызылорда облыстық «Айтбай» мешітіне имам етіп тағайындалып, 1969 ж. қайтыс болғанға дейін сол қызметін атқарған.
Халықтың қорғауы болған, көздері тірісінде халықтың ардақтысына айналған Қармақшыда Қауыс ишан, Қойбағарда Шәмші ишандар ата жолында адал өмір кешкен. Жүнісхан ишан Үндемесұлы 1902 жылы Қостанай обылысы Қамысты ауданы Қапырық деген жерде дүниеге келген. Әкесі Үндеместен білім алып, ары қарай Ташкентте оқуын жалғастырған. 16 жасынан бастап емшілікпен айналысқан. Ол әділ жетім-жесірге, қаріп-қасерлерге көмектесіп, қолынан келген жәрдемін аямаған адам. Әмит (Абдулхамид) ишан Әбдірахманұлы қажылықтан қайтып келе жатып Стамбулда Абдулхамид патшамен кездесіп, ризашылықпен тарқасады. Түрік сұлтаны Әбдрахманға шапан жабады. 1905 жылы елге келген соң әйелі аман-сау босанып, баласының атын түрік сұлтаны құрметіне Абдулхамид деп қояды. Марал бабаның шөбересі. «Баба қасиетін айна-қатесіз қайталаған, қасиеті толық дарыған осы шөбересі»,- дейді халық. Бұл жайында көзі тірісінде Марал баба көрегендікпен былай деген екен: «Менің ұрпағымнан менің қасиетімді айна-қатесіз қайталайтын, құдіретім толық дарыған ұрпақ келеді». Сол болжамы шөбересі Әмитке дәл келеді. Кішкентайынан өте зерек бала 5 жасында-ақ Құран Кәрімді жүргізіп оқитын дәрежеге жетеді. Терең діни біліммен қатар араб, парсы, шағатай, түрік тіліндегі діни әдебиеттерді зерделеп, талдап оқиды. Білімін жетілдіру мақсатында 1919 жылы Ташкентке барып, одан Бұхараға барады. Медресенің тәбибтік бөлімінде оқып, 1926 жылы үздік бағамен бітіріп, шатырхат (диплом) алып шығады. Әке мешітіне қайта оралып, имамдық қызметін атқарады. Сонымен қатар, түрлі шипалы дәрілік шөптерден дәрі жасай отырып, ауыл арасында ауру-сырқау, науқастарға ем жүргізеді. Тәбибтікті халық емшілігімен ұштастырады. Оның алдында бір мәрте ем алғандар қайтадан ауырмайды екен. Қуғын-сүргін кезінде «Марал ишанның ұрпағысың» деп қудалауға түседі. Ел асып, жер асып, Тәжікстанды Тәжібаев Байғазы есімімен паналаған Әмит, күндіз мектепте сабақ беріп, түнде жасырынды түрде тәжік балаларына діни білім үйреткен. Оқытқан 33 бала барлығы үздік бітіріп, біразы кейін үлкен қызметте болыпты. Вахш өзенінде салынған «ГРЭС Байғозы» Әмит ишан атымен аталған деген әңгіме бар. 1946 жылы Қармақшыға оралып, 1961 жылы ұзақ науқастан кейін қайтыс болды. Ишанның атымен екі мешіт аталған, туған жері – Әулиекөлде, және қайтқан жері – Қармақшыда. Осы Әмит ишанның арқасында сақталып қалған бірнеше діни, медицина, тарихи кітаптар, сопылық туралы деректер, өлендер жинақтары, хаттар, шежірелер бар. Қазіргі уақытта бабаның ұрпақтары Қазақстанның бірнеше облысында, Тәджікстанда, Өзбекстанда, Ресейде, Германияда тұрады.
– Бабаның ұрпағы болу үлкен жауапкершілкті талап етеді. Әулиенің шапағаты ортақ десек те, негізгі салмақ өздеріңізге түседі.
-Әрине, бабаның шапағатына барлығымыз мұқтажбыз. Ишандар тарихымен таныстыру, бабалардың өмір жолын ұлықтау аясында, оның қазақ хандығы құрылымындағы жанкешті қызметін болашаққа мұра ету мақсатыңда әлдеде алдымызда үлкен жұмыстар тұр. Саналы ғұмыры Арқада өткен, Марал баба есімін ұлықтау, оның ілімін ғылыми айналымға шығарып, оқулықтарға енгізу сияқты жұмыстар тұр. Бұл бір қордың қолынан келетін жұмыс емес екенін түсінеміз. Бұл ретте ғылыми ортада ишандардың орны рөлі, нақтыламаған. Оларды дін қайраткерлері аясында қарап, олардың саяси қайраткерлігіне мән бермейді. Хан-төрелердің тұлғасын зерттегенде олардың айналасындағы әртүрлі миссия атқарған білімді, ел мен елдің арасын жақындатып, қаласа шауып алып, қаласа бітімге шақырған рухани жетекшілерінің ықпалы ескерілмеген. Сол себепті де ғалымдар оларды қай санатта қарастырарын білмейді. Олардың үлкен ілімдігін бағамдау да бүгінгі зерттеушілерге ауырлық етіп тұр. Өйткені сол кезеңдегі тылсымды танып, сол кезеңдегі білімді түсіну үшін тым құрығанда шығыс тілдерін білу керек.
Айгүл УАЙС