Қоғам

Бабаларымыздың ізі барлық елде қалған

Өмір жолы құрылыс саласымен басталып, саяхатшылықпен жалғасып келе жатқан танымал құрылысшы, белгілі меценат, ұлт тарихының, ұлт руханиятының жанашыры Сапар ЫСҚАҚ мерейлі сексен жастың сеңгіріне қадам басты. Әлемнің 145 елінде болған, сәулет өнерінің бірегей білгірі, әлемнің сирек карталарын жинаумен әуестенетін дара тұлғаның бүгінгі өмірден түйгені көп. Күллі Дешті Қыпшаққа ортақ тарихты, ортақ дүниетанымды жаңғыртуды көздеген зерттеушілердің «Бабалар ізімен» атты экспедициясы еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы іспетті.

[smartslider3 slider=1335]

 – Дамыған Еуропа мен Америкада адамның басты құндылығы – ел көру, жер тану. Ал біздің қазақтың көпшілігі өлгенше дүние жиып, еш қызығын көрмей кете береді. Сіздің құндылығыңыз қандай?

– Мен бұл пікіріңізбен келіспеймін. Біздің бабаларымыз көшпенді халық болған. Олар Алтайдан Еуропаның орталығына, Америка құрлығына дейін жетті. Сондықтан біздің бабаларымыз әуелден, он мың жыл бұрын, күллі дүниені аралаған. 2016 жылдан бері қарай бабаларымыздың қай жерге барғанын, қай жерде ізі қалғанын тексеру ретінде арнайы экспедиция ұйымдастырып, 50-ден астам елде болдық. Мен бабаларымыздың қаншама жерде тұлпарларының тұяғының ізі қалғанына, 23 елдің тағында отырғанына қарап таңғаламын. Біз қазақтың тарихын әлі де дұрыс зерттей алмай жатырмыз. Кеңес Одағының кезінде шекарамызды жауып тастады. Жұрт ел танып, жер көруге шыға алмай қалды. Тәуелсіздік бізге осы мүмкіндікті қайта сыйлады. Қазір қазақ халқы әлем кезіп, қаншама елде өмір сүріп жатыр. Американың өзінде 40 мыңға жуық қазақ бар екен. Сондықтан бұл құндылық қазақ халқының бойында бұрыннан бар. Енді мынандай ой туады. Шетелге кім не үшін барады? Біреу демалуға, біреу емделуге барады. Ал енді біреу жер көремін деп барады. Ел таниын, тарихын білейін деп баратындардың саны бәрібір аз. Америкалықтар жастайынан бизнеспен айналысып, зейнетке шыққанша әлем араламайды. Ал бізде керісінше. Жас кезінде жердің бәрін аралайды. Америкалықтар зейнетақыларына әлем араласа, біздің үлкендер зейнетақысын балаларының игілігіне жұмсайды. Меніңше, бұл – уақытша құбылыс. Біз басқа елдің жақсы әдетін де, жаман әдетін де бірден қабылдап аламыз. Ертең шетелдегі бұл үрдіс қазақтарға да жетеді.

Шыңғыс хан қазақтың бабасы емес

– Осы уақытқа дейін 145 елде болдыңыз. «Бабалар ізі» атты халықаралық экспедицияның мақсаты қандай?

– Мен туризммен жас кезімде айналыстым. Қазір «Бабалар ізі» экспедициясымен ата-бабаларымыз барған жерлерін түгендеп жүрмін. Иә, осы уақытқа дейін 145 елде болыппын. Бұрынырақ ел көрем деп барған уақытта қай елдің қаласы жақсы, қай ел демалуға жақсы деп елді таңдайтынбыз. Ал қазір менде ондай көзқарас жоқ. Қай елде бабаларымыздың ізі көбірек қалды деп қараймын. Соның ішінде Мысырда бабаларымыздың ізі өте көп. Соңғы кезде тарихымызда Шыңғыс ханнан үлкен адам болмағандай, Шыңғыс ханды баба санап жүрміз. Шыңғыс хан – моңғолдың бабасы, ал біз түріктерміз. Қазір қазақта екінің бірі тарихшы. Өтірікті шындай соғады. Моңғолдарды түріктің тұқымына жатқызып жүр. Шын мәнінде моңғолдардың тілі мен діні біздікіне мүлдем ұқсамайды. Айтайын дегенім, Шыңғыс хан 1219 жылы Орта Азияға келіп шабуыл жасады. Соғыс ашуға бір сылтау керек болып, мыңдаған саудагерін қазақ жеріне жіберді. Ал олардың келу мақсаты сауда емес, халықтың жағдайын, қамал санын зерттеу еді. Қазақтан Шыңғыс ханға дейін де, кейін де небір ұлы тұлғалар шыққан. Шыңғыс хан сол соғыста қаншама қалаларды күйретті, қаншама жазықсыз жанның қанын төкті. Пайда табу үшін үш қаладан құл сататын базар ашты. Біреуі Хиуада, екіншісі Қырымда, үшіншісі Дамаск маңында. Сол жерде біздің бабаларымыздың көбі сатылды. Олар кейін сатылып барған елдерінің сұлтанына дейін көтерілді. Қайсарлығымен, ержүректігімен, батырлығымен осындай биік деңгейге жетті. Сол кезде Арабия, Византия, Мысыр, Үндістанға жалдамалы әскер (мәмлүктер) керек болған. Алтай мен Дунайдың арасын ол кезеңде Дешті Қыпшақ деп атаған. Сондықтан бабаларымыздың көбі Дамаскке, Мысырға, Делиге кетті. Әскер құрамында жүріп ерліктерін дәлелдеген.

Сонда біздің жерімізге ойран салып, қалаларымызды қиратып, халқымызды қырған, құлдыққа сатқан Шыңғыс хан қалай біздің бабамыз болады?! 1250 жылдан бастап Мысырды Қыпшақтан шыққан 25 сұлтан билеген. Олар 138 жыл бойы күллі араб елін басқарды. Біз қазір бабаларымыздың осы ерлігін әлі де толық зерттеп, насихаттап жатқан жоқпыз. Біздің бабаларымыз өмірде құл болмаған. Құлдық менталитет бізге Шыңғыс ханнан кейін ғана келді. Оның алдында бізде құлдық менталитет болған жоқ. «Қазақ» деген сөздің өзі – «еркін адам» деген сөз. 1219 жылы Жошы хан Қыпшақ даласына хан болды. 300 жыл біз соның қарамағында болдық. Хандардың барлығы Шыңғыс ханның ұрпағынан. 1219-дан 1848-ге дейінгі 600 жылда басқа ру-тайпалардан бір хан болған жоқ. Осы жағдай халықтың санасында «құлдық мінез» қалыптастырды. Қазір «қазақтар ынжық, қазақтар сондай» деп айтамыз. Бұл біздің қанымызға сіңіп кеткен. Өйткені халықта «бізден бәрібір хан шықпайды» деген ой болды. Осыны біліп тұрып біз Шыңғыс хан мен Жошыны бабамыз деп мақтанып жүрміз. Өкінішке қарай, «құлдық психология» бізде әлі де бар. Мұны біздің қанымыздан шығару үшін өте көп уақыт керек. Сосын демократия қажет.

Тарих жерде көміліп жатыр

– Өзіңіз ат басын тіреген елдермен Қазақстанды салыс­тырғанда, біз қаншалықты тарихы сақталған, рухани бай, мәдениеті жоғары елміз?

– Еліміздің тарихы өте бай. Ашылмай жатыр. Жұртқа жетпей жатыр. Тарих жерде көміліп жатыр. Оны ашып жатқан археологтар. Археология сенің тарихыңды дәлелдейді. Кейбір тарихшылар ойына келгенін жазуы мүмкін. Ал факт тұрғысынан тек археология дәлелдейді. Орыс елінің тарихы 9-10-ғасырдан басталады. Ал қазақтың тарихы біздің заманымызға дейінгі дәуірден, сақтардан басталады. Ғалымдар сақтардың түрік тілінде сөйлегенін дәлелдеді. Орыс зерттеушілері түріктерді төмендету үшін сақтарды парсы тілінде сөйледі дейді. Ал шын мәнінде шындық басқа. Одан беріде ғұн дәуірі, түрік қағанаты деп кете береді. Сондықтан біз өзімізді тарихы ерте дәуірден басталатын Қытай, Иранмен салыстырсақ болады. Мен биыл Алтын Орданың екінші астанасы Сарай Беркеде болдым. Кезінде Өзбек хандығының уақытында мұнда 100 мыңдай адам тұрған. Ол уақытта Парижде тұрған адамның саны бұдан аз болатын. Бізде тарихы ертеден басталатын Отырар, Сығанақ, Түркістан, Тараз сынды қалалар бар. Тарихы аз дегенде екі мыңыншы жылдан басталады. Түркінің жазуы да 5-ғасырдан басталады. Қазба жұмыстарының нәтижесінде қаншама «Алтын адам» табылуда. Биыл Қарағанды облысынан пирамида түрінде жасалған үлкен қорымды көрдім. Бірінші болып атты үйреткен де, үзеңгіні ойлап тапқан да біздің ата-бабаларымыз. Сондықтан қазақтың тарихы тереңде жатыр, әлі зерттеу керек. Қазір біз қаншама елді аралап, бабаларымыздың мол тарихын барлап жүрміз. Мен тарихшы емеспін, бұрынғы құрылысшымын. Мені осындай мақсатқа итермелеген – «қазақта ел, тарих, шекара болмаған» деген жиі айтылатын пікір. Мен «Бабалар ізі» экспедициясы арқылы бұл сөздің өтірік екенін дәлелдегім келді.

– Ең алғашқы еңбек жолыңызды құрылысшыдан бастадыңыз. Ал қазір бір ғана астананың өзінде қаншама жаңа ғимарат салынып жатса да, құрылыста көбіне өзге ұлт өкілдері көп. Қазақ жастарына бұл сала неге қызықсыз?

– Бұл пікіріңізбен келіспеймін. Қазір құрылыста қазақ жастары көп. Біздің заманымызда аз еді. 1965 жылдары халық «ең ауыр, ең лас жұмыс» деп құрылысшы болуды менсінбейтін. Базарға сауда-саттық жасауға қызықпайтын. Ал бүгінде құрылыстағылардың 90 пайызы – қазақ жастары. Құрылыс қазақ үшін қиын мамандық емес. Ауылда да, қалада да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Қаладан қазақтың иісі шығуы керек

– Ал жаһан кезіп жүргенде біздің қалалар мен өзге елдің қалаларының архитектурасын салыстырасыз ба?

– Әрине, салыстырамын. Құрылыс саласы егемендік алғаннан кейін қарқынды дами бастады. Бұрын елімізге салатын әрбір ғимаратты жоғарыдан сұрайтынбыз. Қазір барлығына өзіміздің қолымыз жетті. Әсіресе, астанада 20 жылдың ішінде өте ерекше ғимараттар салынды. Бұл тенденция әрі қарай жалғасын тауып жатыр. Бұрынғы ескі архитектура жағынан алып қарасақ, жеріміздегі көп қалалар Шыңғыс ханның уақытында қирады. Әрине, Еуропа қалаларының архитектурасы бізге қарағанда жоғары. Ресейде тек Санкт-Петербург қаласы ғана Еуропаның деңгейіне көтерілді деп санаймын. Қаланың өзінен қазақтың иісі шығып тұруы керек. Қазақтың арихитектурасы көрініп тұруы қажет. Біздің қалаларымызда мұндай құндылықтар аз. Салған ғимараттарымыздың барлығы – батыс стандарттары. Өзінің стилі бар әлемдегі жалғыз қала – Париж. Лондонның орталығы мен Римде де ел мәдениетінің нышандары көрінеді. Ал елордамызда ұлттық нақышқа негізделген жеке ғимараттар бар. Бірақ астанамыздан толықтай қазақтың иісі шықпайды.

– Естуімізше, өзіңіз туған Амангелді ауданына әлем кереметтерін топтастырған бірегей нысан салып жатыр екенсіз. Сол жайлы айтып берсеңіз…

– Мен Торғайдың тумасы болғандықтан ол жақта көп боламын. Былтыр аудан әкімімен кездесіп, ауданға бассейн салып бердім. Желтоқсанның соңына қарай балалар арасында алғашқы жарыс ұйымдастырылады. Шалғай аудан болғандықтан, Амангелдіге көп көңіл бөліне бермейді. Торғайда басқа еш жерде жоқ геоглифтер бар. Содан осы тақырыпты көтеру үшін туристік нысан салу идеясы келді. Көп елде болғандықтан Торғайды қай жағынан жандандырам деген ой болды. Басында архитектуралық парк ашайын дедім. Көп адамдардың сондай таңғалатын нысандарды Мексикаға, Африкаға барып көруге жағдайлары жоқ. Сондықтан әлемнің ең ғажап 12 нысанының кішігірім макеті орналасқан нысан салып бастадық. Ең бірінші Тәж Махал, сосын тағы басқа нысандар. Оның қасында 5-6 нөмірлі қонақүй, 60-70 орындық мейрамхана, сақтардың моншасы және әкімшілік ғимарат болады. Шетелден келген немесе қазақстандық туристер торғайлық геоглифтерді көру үшін де барады. Енді ол жерге туристерді жеткізу жағын реттеп, ұшақтар алайық деп жатырмыз. Жергілікті халыққа кіру тегін болады. Осындай геоглифтер Перу деген елде бар. Ол жақта 2 аэродром тұр. Адамдардың кезегі қалың. Ұшақтар бірінен кейін бірі ұшып аралатады. Неге біз соны істей алмаймыз? Мен осы ойымды барлық жерге айтып шаршадым. Соңында өзім істемек болып шештім. Сосын тағы дүние жүзінде жоқ 2 нысан саламыз қасына. Біріншісі – қызғалдақ формасында салынатын музей, екіншісі – «Құрмет қабырғасы». Ұлы тұлғаларымыздың есімдері жазылатын қабырғаның ұзындығы – 40 метр, биіктігі – 5 метр. Екі қабырғаның ортасында басында алтын адамы бар үлкен бағана тұрады. Бір жағына сүйегі шетелде қалған тұлғалардың есімдері мен сол жақтың топырағын әкеліп қойсақ, екінші жағына қазақ даласында қайтыс болған тұлғаларымыздың есімін жазамыз. Әрқайсысының атының астына 40х60 көлеміндегі капсула орнатып, топырақ саламыз. Бабалардың басына жете алмаған кез келген ел осы жерге келіп тағзым жасайтын болады. Мұндай жоба ешбір елде жоқ. Ұлтымыздың қаймақтарының басы бір жерге жиналады.

Оқулығымызда жарты тарихымыз жоқ

 – Бір сұхбатыңызда «Қазақстан тарихы оқулығын Қазақ тарихы деген атаумен қайта жазып шығу керек» депсіз. Осы пікіріңізден әлі тайған жоқсыз ба?

– Барлық сыныптың Қазақстан тарихы оқулығын қазақша, орысша түгел оқыдым. Біздің жарты тарих жазылмаған. Өз тарихымызды мектеп жасындағы балаларымыздан бастап дұрыс оқытуымыз керек. Түрік қағанаты туралы мағлұмат тым аз, жоқтың қасы деп айтуға болады. Тоныкөк, Дешті Қыпшақ туралы да сондай. Сонда бұл қандай тарих? Бір байқағаным, қазақ, орыс тіліндегі оқулықта тарихты үстірт, өте аз деректермен берген. Осы мәселені көтеріп, Білім және ғылым министрлігіне де хат жаздым. «Бәрін істеп жатырмыз» деп жылы жауып қоя салады. Түк істеліп жатқан жоқ. Оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Біз айтпасақ, оқытпасақ, балаларымыз өз тарихын қайдан біледі?!

– Әлемге танымал композитор Дженкинсті шақырып, қазақ музыкасына үлкен леп әкелдіңіз. Дженкинсті шақыруыңызға не түрткі болды?

– 2003 жылы белгілі бақсы, қобызшы бабам Тілеп Аспантайұлына арнап концерт ұйым­дастырдым. Сол концертке Лондонда тұратын танымал скрипкашы Марат Бейсенғалиевті да шақырдым. Сонда Марат маған: «Егер қазақтың музыкасын Еуропаға жеткізгіңіз келсе, танымал композитор Карл Дженкинске ұсыныс жасайық» деді. Бірден келістім. 2005 жылы Карл келді. Алматыда, елордада қонақта болды. Әртістерімізбен, музыкамызбен танысты. Қазақ өнері Дженкинске бірден ұнады. Музыка жазуға келісті. Содан 3 айдың ішінде Карл 50 минуттық қазақ күйлеріне арналған шығарма жазып шықты. Атын қоярда «Сарыарқа», «Қазақстан» деп бірнеше нұсқа ұсындық. Сосын ағылшынша және қазақша айтылғанға түсінікті «Тілеп» деген атқа тоқтадық. Тұсаукесерін 2006 жылы Лондонда өткіздік. Содан бастап Карл Дженкинспен тығыз қарым-қатынастамыз. Кейін оркестрға арнап «Сары қыз» деген музыка жазды. Осылайша қазақ музыкасын дүние жүзі таныды деп толық айта аламын. Ол кісінің дискілері әлемнің барлық еліне таралған. Неге шетелдік композиторды таңдадым? Өйткені біз қанша жерден шетел сахнасында ұлттық домбырамен күй шертсек те, оны олар бәрібір өздерінікіндей қабылдай алмайды. Ал өздерінің классика жанрында шырқалған қазақ музыкасын Еуропа адамдары бірден түсінеді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button