Бәрі «ұлттық» емес…

Қытайдағы ғылым-біліммен айналысатын, қалам ұстаған қазақтың арасында «көк сөздігі» жоқ қазақ некен-саяқ. «Азан шақырып» қойған аты «Қытайша-қазақша сөздік» болғанымен, қазақы тілмен «көк сөздік», «Найман көк» деп аталып кеткен бұл сөздік 30 жылдан астам уақыттан бері зиялы қауымның қолынан әлі күнге дейін түспей келеді. Сол «көк сөздіктің көкесі», көрнекті тіл маманы, қазақ мәдениетінде қытайша-қазақша сөздіктер кешенінің негізін қалаған ғалым Сапанұлы НАЙМАН бұл күнде Қазақстанда тұрады.
Көк сөздіктің «көкесі»
1941 жылдың тамыз айында тарлан Тарбағатайдағы Майлы тауының етегінде дүниеге келген С.Найман Қытайдағы 2 миллионға жуық қандастарымыздың руханиятына жарты ғасырға жуық құнды терін төгіп, еселі еңбек сіңірді. Шыңжаң өлкесінің екі рет таңдаулы маманы, профессор, көрнекті еңбек сіңірген мемлекет дәрежелі маман атағын алған С.Найман – Қытай қазақтары арасындағы Қытай мемлекеттік кеңесінің арнаулы қосымша қаржысы берілетін санаулы қазақтың бірі.
Қытайдағы қазақ тіліндегі кітаптарды шығаратын алты баспаның бірі – «Шыңжаң Халық баспасының» қазақ редакциясын ұзақ жыл басқарып, Қытай қазақтарының аударма әдебиеті мен мәдениетіне елеулі еңбек сіңірген ол ғұмырының 40 жылдан астам уақытын сөздік жасауға арнады. Аударма жұмысына қажетті 6 сөздік құрастырған қарт ғалым зейнетке шыққаннан кейін «есің барда еліңді тап» деп бала-шағасын бастап атажұртқа оралған. Жақында астанаға келген екен, «Астана ақшамының» дәстүрі бойынша қонақкәде алып, сұхбаттастық. Құлағы ауырлағаны болмаса, басқа денсаулығы жаман емес сияқты. Елге келгеннен кейін де «қартайдық» деп қарап жатпай, сол баяғы «Найман көкті» байытып, көздік қорын көбейтіп, қытай тіліндегі жаңа сөздерді қосып, «көк сөздіктің» көлемін кеңейтумен қатар, бір ғұмыр баяндық шығарма жазып үлгеріпті.
– Атажұртқа келген соң Алатауға арқаны сүйеп, «қартайғанда зейнет бер» деп, демалып жатқан шығарсыз?
– Қайдан, «ауру кетсе де, әдет кетпейді» деген сөз рас екен. Зейнетке шыққаннан кейін демаламын деп ойлағанмен, екі қолым алдыма сыймай, қарап отыра аламадым. Дәрігердің, балалардың «денсаулықты күт» деген кеңесін де тыңдамай, тағы сол «көк сөздікпен» алысып кеткен жайым бар. Өзім толықтырмасам, кем-кетігін өзім дұрыстамасам, мына қарбалас заманда «Найман көкке» кімнің жаны аши қойсын (күлді). Сөйтіп алтыншы сөздікті, яғни соңғы шыққан «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» өңдеу, толықтыру жұмысын да аяқтаттым.
160 мың сөз қамтылды…
– Сіз айтулы аудармашы, майталман редактор болғаныңызбен, жұрт сізді сөздік жасаған тіл маманы ретінде таниды. Қазірге дейін қанша сөздік құрастырып шығардыңыз?
– «Қытайша-қазақша идиомдар сөздігі», «Қытайша-қазақша қысқаша сөздік», «Қытайша-қазақша идиомдар үлкен сөздігі» – менің төл туындым. Ал «Қытайша-қазақша сөздікке», яғни «көк сөздікке» басқалардың да тері тамды, бірақ әркім әртүрлі деңгейде еңбек сіңірді. Бұл сөздікке мен 5 жылға жуық уақытымды сарп қылдым. Осы еңбегімді бағалаған халық оны «көк сөздік», «Найман көк» деп атап кетті. «Басқалар» деп отырғаным, сөздікті құрастырғандар қатарына Қалиқан Қалиакбарұлы, Рамазан Асылұлы, Ақан, Бейқұт бастаған бір топ азаматтың есімі жазылған. Бұлардың кейбірі аз уақыт, кейбірі ұзақ уақыт жұмыс істеді. Мәселен, Қалиқан Қалиакбарұлы осы сөздікті құрастыру және редакциялау жұмысына 2 жылдай қатысты, ал қалғандары бір жыл, жарты жыл жұмыс істеді. Сөздікті құрастырған «С.Найман және басқалар» дейтін себебі мен осы сөздікті жүйелеуге, редакциялауға, құрастыруға бастан-аяқ қатысқан әрі жауапты болған адаммын, ең соңғы нұсқасын қарап, қол қойған кісі де менмін. Ал кейінгі толықтырылып қайта басылған нұсқасында мені бас құрастырушы деп жазған, шын мәнінде, бұл нұсқада мен бас құрастырушы ғана болғаным жоқ, өзім жалғыз толықтырып шықтым. 1992 жылдан бастап осы сөздіктің жұмысына кірістім, ол кезде редакция алқасын құруға баспаның экономикалық жағдайы жар бермеді де, жұмыс әредігінде істей бердім. Ол кезде «Шыңжаң халық баспасы» бас редакторының қазақ, қырғыз редакциясына жауапты орынбасары едім. Қызметім қанша қарбалас болса да, «көк сөздіктің» жұмысын тоқтатпай істей бердім. Сөйтіп 1992 жылдан 2006 жылға дейінгі 14 жылда осы сөздікті жасадым, ол 2006 жылы баспадан шықты. Егер біреулер сол кездегі қолжазбамды парақтап көрсе, бұл сөздік те менің жеке еңбегім болып танылар еді, өйткені сөздікке қамтылған 120 мыңнан артық қытай сөзінің үштен бір бөлігін редакция барысында қосып шықтым. Еңбегімді бұлдап отырған жоқпын, біреулер «ол С.Найманның жеке еңбегі емес» деген соң айтып жатырмын.
Қазақстандағы тілдің жағдайы мәз емес, қазақ пен билікті қазақша сөйлете алмай жүргенін былай қойғанда, бұл елдің баспасөз құралдары атау, терминге мүлде көңіл бөлмей ме деп қалдым. Атауларды бірізділендіру және оны бақылау жоқтың қасы сияқты
– Әрине, сіздің сөздіктеріңіздің Қытай қазақтарының аударма жұмысында «сөйлемейтін мұғалім» рөлін атқарғанын былай қойғанда, бір өзі 5-6 сөздік жасаған тіл маманы Қазақстанда да жоқ болса керек.
– Иә, Қазақстанда жеке тұлғалардың авторлығымен шыққан көптеген сөздіктер бар, бірақ бір өзі 5-6 сөздік құрастырғандар жоқ болса керек. Сөздіктің санымен емес, сапасымен мақтанған дұрыс, мен өз қолымнан шыққан сөздіктер мінсіз деп айта алмаймын, қате жібермеуге барымды салдым, бірақ ол кезде көмекші құрал тапшы болды, қазіргідей орысша-қазақша, қазақша-ағылшынша деген сияқты сөздіктер жоқ, Қытайдың өзінде де сөздік тым аз кез еді. «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» қайталай өңдеп байытып отырғанымның бір себебі осы.
– Осы сөздіктерде қытайдың қанша сөзі қамтылды шамамен?
– Қазірге дейін шыққан 5 сөздікке қытай тілінің жеке сөздерінен, сөз тіркестерінен, идиомдарынан 160 мыңнан артық сөзі қамтылды. Бұл сөздіктер 60 мың нұсқадан артық санмен таратылды.
Ең алғаш 1979 жылы шыққан сөздікте 65 мың сөз қамтылған еді. Бұл сол кезде Қытайдағы аз санды ұлттар тілінде шыққан ең үлкен сөздік болды. Қазақтан саны бірнеше есе көп ұйғырлардың өзі ол кезде 47000 сөзді ғана қамтитын сөздік шығарған. Ол сөздік 7 рет басылып, 30 мың тиражбен таратылды. Ал араға 27 жыл салып шыққан «Қытайша-қазақша үлкен сөздікке» 120 мыңнан астам сөз енгізілді. 17 жылдан кейін, яғни қазір толықтырылып қайта жасалып жатқан сөздікке 123 мыңнан артық сөз жинақталды. Бұл сөздік 2016 жылдан бастап, қазірге дейін 13 рет өңделді. Қазір дайын тұр. Қытайдағы баспалар енді менің сөздігімді баса ма, баспай ма, ол жағы маған беймәлім. Ал Қазақстанда шығаруға мемлекет жағынан қолдау болмаса, менің күйім келмейді. Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін өмір бойы беріледі деген Қытай мемлекеттік кеңесінің арнаулы қосымша қаржысын да 2018 жылдан бері тоқтатып тастады. Жалпы сөздік шығару барысында тартқан әуре-сарсаңдарым жақында жазған «Ауылдан алыс сол жылдар» (Зейнеткер ескермелері) кітабымда кеңінен баяндалды.
Ғылымға қиянат жүрмейді
– Жаңа «біреулер ол сөздік С.Найманның жеке еңбегі емес деп айтыпты» деп қалдыңыз, «көк сөздіктің» Қазақстанда «қызыл сөздікке» өзгеріп шыққанын айтып отырсыз ба? Жалпы Дүкен Мәсімханұлы «көк сөздікке» жиендік жасады деген сөз қаншалықты рас?
– 2018 жылы Наурыз айында осы жақтан барған жігіттер маған «сөздік жайын сөз еткенде» деген тақырыпта жазылған Дүкен Мәсімханның мақаласын апарып берді. Аңғары, Дүкен сөздік шығарғаннан кейін бұл жақтағы зиялы қауым да айтарын айтса керек, Дүкеннің соған тойтарыс ретінде жазғаны екен. «Көк сөздіктен кейінгі ең үлкен «Қытайша-қазақша сөздікті мен жасадым, екі сөздіктің арасында жарты ғасырға жуық жатыр» депті. Алғашқы «көк сөздік» 1979 жылы шыққанмен, оның байытылған, қайта құрастырылған нұсқасы 2006 жылы баспадан шықты. Мұнан сырт, мен шығарған сөздіктердің біреуін де ауызға алмайды. «Көк сөздікті «С.Наймандікі» деудікі деу дұрыс емес, ол – сол замандағы он шақты адамның 3-4 жылдық уақыттарын арнаған ұжымдық еңбегі. С.Найман – топ жетекшісі» деп менің еңбегімді жоққа шығарады. «Біреудің еңбегін көшіріп алатындай «атақсырап» жүргем жоқ, шынымды айтсам, он жылдық бос уақытым мен қажыр-қайратымды осы сөздікке бергеніме кейде өкінемін. Неге? Күш-қуатты құрттық, денсаулықты бердік… Керек болса, қазір он жылдың алдындағы иммунитеттің өзі жоқ» деп тоқтайды. Сонда 40 жылдың алдындағы иммунитетті мен кімнен сұраймын?
2006 жылы шыққан «үлкен сөздікке» қанша қажыр-қайратым сіңді, 65 мың сөзден 120 мыңнан астам сөзге толықтап, редакциялап, 14 жыл бойы арпалысқан менің еңбегім еңбек болмай, Дүкеннің 10 жылдық жұмысы ғана еңбек болып бағалануы керек пе екен? Еңбекке құрмет етудің өзі мәдениеттіліктің белгісі ғой.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы» деген атауға де мен келіспеймін, ол сірә ұлттардың ұйымы ма? Әлде мемлекеттердің ұйымы ма? Дүниеде қазір 2000-нан артық ұлт бар, сол 2000 ұлттың өкілі түгел отырма БҰҰ-ында? 200-ге жуық мемлекет мүше емес пе ол ұйымға?!
2020 жылдың қыркүйегінде Дүкен әйелін ертіп маған амандаса келгенде жоғарыдағының бәрін айтып, «Тарихқа құрмет етсең, ғылымға бағынсаң, сол сөздігіңде анау сөздіктерді пайдалана отырып, Қазақстанның қажетіне лайықтап сөздік құрастырдым десең, оның жөні бір басқа болар еді. Әуелдесең, сенің сөздігіңнің атының өзі мен соңғы шығарған үлкен көк сөздікпен аттас болып тұр. «Халықаралық авторлық құқық заңына» жүгінсек, біреудің шығармасының атын екінші біреудің рұқсатсыз пайдалануына болмайды. Әлемге әйгілі әртіс, режиссер Чарльз Чаплин 1941 жылы Гитлерді әжуалайтын «диктатор» деген фильм жасайды, көп өтпей Чарльз Чаплин сотқа шақырылады, сөйтсе, одан бұрын біреу «диктатор» тақырыбында шығарма жариялаған екен, сол шығарманың авторы «Чарльз Чаплин шығармамның атын ұрлады» деп сотқа шағымданыпты. Сонымен Чарльз Чаплин жығынды болып, төлем төлейді әрі фильмнің атын «Ұлы диктатор» деп өзгертеді. Ал сен «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деген атты 12 жылдан соң сол қалпы қолдандың ғой. Сол сөздікпен қатысым жоқ болса, жұрт «найман көк» деп неге атады? «Ғалымдықтың бір қыры ғылымға құрмет етуден басталады» деп түйдім сөзімді. «Асығыс едік» деп шайға да қарамай аттанып кетті
Атаудан да абайлау керек
– Сізше болғанда, ғылыми атаулардың барлығын қазақша алу керек пе? Сөздік жасау барысында осы мәселені қалай ескердіңіз?
– Ғылыми атаулардың барлығын қазақшалау керек деген ойда емеспін. Ғылыми атаудың қазақшаға сіңісті болып кеткендерін өзгертпесек те болады, дегенмен халыққа тез сіңетін қазақша баламасы табылса, өз тілімізде алсақ, тіпті жақсы. Соңғы сөздікте кейбір атаулар қазақша алынды, мұндағы мақсат оқырмандарымызға зәредей болса да түсінікті болсын дегендік еді. Шетел атауларына тым беріліп кету абырой әпермейді. Мәселен, «кометаны» біз «құйрықты жұлдыз» десек неге болмайды? Бұл атауды жанымыздан шығарып отырғанымыз жоқ, Абайдың өлеңінде де бар сөз ғой. Мен бұл арада шетел атауларын бүкілдей шетке қақпақшы емеспін, алу керек, бірақ лайығында болғаны орынды. Дүние жүзінде ешқандай таза тілді халық жоқ болса керек, егер таза тілді халық делінсе, ол дамымаған, сыртқы дүниеден бейхабар ұлт болуы мүмкін. Сондықтан қоғам дамиды екен, жаңа атаулар мен сөздердің шығуы, оған әр ұлттың өзінше ат қоюы – заңды да. Гәп сол жасаған атауларды халық қабылдай ма, жоқ па деген түйінде жатыр.
– Қазақстандағы БАҚ-тарды қарап отырасыз ба? Ала-құла алынған атауларға «әттеген-ай» айтатын кезіңіз көп пе?
– Қазақстандағы тілдің жағдайы мәз емес, қазақ пен билікті қазақша сөйлете алмай жүргенін былай қойғанда, бұл елдің баспасөз құралдары атау, терминге мүлде көңіл бөлмей ме деп қалдым. Атауларды бірізділендіру және оны бақылау жоқтың қасы сияқты. Небір марғасқа тіл мамандары, ғалымдар, жазушылар шыққан елде қазақ тілі дәл бүгінгідей жұтаң тартады деп кім ойлаған?! Біз жас кезімізде Қазақстан жазушыларының шығармаларын, Кеңестің Қазақстанның оқулықтарын оқып білім алдық. Ол кезде ғылым, тіл қандай керемет еді, ал қазіргі оқулықтарының жайын өзің де білесің ғой. Бір ауыз сөзбен айтқанда, тілге, ұлтқа жанашырлық жоқ. Мәселен, қазір «нарық», «Нарықтық экономика» деген атауды жиі қолданып жүр. Нарық деген не? Ол қазақ ұғымында – «баға, құн» деген сөз. Сөздің нарқын білесің бе демей ме қазақ? Меніңше, мұны базар деп алған дұрыс, базар араб тілінен келген сөз болғанымен, тілімізге әбден сіңіп кеткен. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар», «Базары тарқаған» деген сөздер әне – соның дәлелі. Национал деген сөзді ұлт, ұлттық деп қана аударады екен, оның ұлт, мемлекет, халық деген үш үлкен мағынаға саятынын ұмытпаған жөн. «Ұлттық банк», «Ұлттық кітапхана», «Ұлттық университет» дегеннен гөрі «Мемлекеттік банк», «Мемлекеттік кітапхана», «Мемлекеттік университет» десе, беделі биік болар еді. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дейміз де, «ұлттық қауіпсіздік комитеті», «ұлттық ұлан» деп шұбыртады. Ол мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұр ма, жоқ, қазақтың ғана мүддесін қорғай ма?! Қазақстанда 130 ұлт бар дегенді биліктің өзі айтып отыр ғой, ұлт үлкен бе, мемлекет үлкен бе?! Мемлекет әлденеше ұлттан құралады, әлемде жалғыз ұлттан құралған мемлекет жоқтың қасы немесе жоқ.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы» деген атауға де мен келіспеймін, ол сірә ұлттардың ұйымы ма? Әлде мемлекеттердің ұйымы ма? Дүниеде қазір 2000-нан артық ұлт бар, сол 2000 ұлттың өкілі түгел отырма БҰҰ-ында? 200-ге жуық мемлекет мүше емес пе ол ұйымға?! Демек, ол «Біріккен Мемлекеттер Ұйымы» болуға тиіс. Бастан кеткен қателік қазірге дейін түзелмей келеді. Ал өріп жүрген орысша атаулар жайлы айтудың өзі артық. Оны қадағалап, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру тұрғысынан жұмыс істейтін мекеме жоқ сияқты. Мемлекеттік аппарат тілге жұмыс істемегеннен кейін, халықтың айқайлағанынан қазірше ештеңе өнбейді. Қазақ тілі ғылым тіліне айналу үшін ең алдымен, биліктің тіліне айналуы, атауы да ғылымға бейімделуі керек. Өйткені «су басынан тұниды» ғой.